ШЫҰ рөлі едәуір нығайды

1003
0
Бөлісу:

Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты.

Жиын барысында Мемлекет басшысы және ресми делегация мүшелері жаңа жағдайға байланысты келешекте атқарылатын өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан Президенті Қытай Халық Республи­касының Төрағасы Си Цзиньпинге дәстүрлі қонақжайлық көрсеткені үшін және Кеңес отырысын өткізуге жақсы жағдай жасағаны үшін алғыс айтып, саммит жұмысына толық құқылы мүше ретінде бірінші рет қатысып отырған Үндіс­тан мен Пәкістан тараптарына ілтипат білдірді.
– Үндістан мен Пәкістан Астана саммиті барысында ұйымға мүше болғаннан кейін, Шанхай ынтымақтастық ұйымы өңірлік және халықаралық саясаттың ықпалды қатысушысы ретінде өзінің рөлін едәуір нығайтты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Ұйымның бүкіл кеңіс­тігінде саяси диалог пен сенімді нығайтудың, қа­уіп­сіздік пен дамуды қамтамасыз етудің кепілі саналатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімге арналған тату көршілік, достық және ынтымақтастық жөніндегі шартын дәйекті жүзеге асырудың маңызды екенін айтты.
– Елдеріміздің үш миллиардтық адами әлеуе­тінің жиынтық күшін Шанхай ынтымақ­тастық ұйымының экономикалық ынтымақ­тастығын жандандыру үшін пайдалану керек. Елдеріміз арасындағы сауда-инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды екі жақты деңгейден көп жақты деңгейге көшіруді қамтамасыз ету маңызды болып саналады. Біз Ұйым аясында жобаларды қар­жыландырудың бірлескен тетіктерін қалып­тастыруға және технологиялық ресурстарды жұмылдыруға шақырамыз, – деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысы бірлескен заманауи өндірісті дамыту үшін және электронды сауданы кеңейту үшін ортақ платформа құру мақсатымен цифрландыру және жаңа технологиялар саласында тәжірибе алмасу жөніндегі алаң қалыптастыру идеясын талқылауға ұсынды.
Қазақстан Президенті сапалы экономикалық өсім үшін инфрақұрылымдық «мегажобаларды» жүзеге асыруды ұсынды. Бұл жобалар мультиплика­тивтік әсердің қуаттылығын қамтамасыз етуге және Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ғылыми, қаржылық және адами әлеуетін жұмылдыруға мүмкіндік беруге тиіс.
– «Бейжің – Астана – Мәскеу – Берлин» бағыты бойынша Еуразия жоғары жылдамдықпен жүретін теміржол магистралін жүзеге асыру осындай жоба бола алады. Бұл жобалардың іске асуы Шанхай ынтымақтастық ұйымы – Еура­зиялық экономикалық одақ ықпалдастығының перспективалық форматын, ал болашақта Еуропа одағымен де ынтымақтастықты қамтиды деп үміттенеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының үздік модель­дерін негізге алған «Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғы өз жұмысын бастағанын және оның Қазақ­стан­ның экономикасы мен Шанхай ынты­мақтас­тық ұйымына қарасты барлық елдің қаржы жүйесінің дамуына оң әсер ететінін атап өтті.
Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің мәдени-гуманитарлық және ғылыми ықпалдастығы аясында былтыр Бейжіңде өзі айтқан Жібек жолы халықаралық ғылым академиясы бастамасын жүзеге асыру мәселесіне ерекше тоқталды.
– Бүгінде шамамен 30 елдің ғылыми меке­ме­лерінің өкілдері осы Академияны құру жөніндегі құ­рылтайшылық құжатқа қол қойды және «Бір белдеу – бір жол» жобасына ғылыми-сарапшылық қол­дау жасауға дайын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның конфес­сияаралық келісім саласындағы мол тәжірибесіне және оның мәдениеттер мен өркениеттер диалогын дамытуға қосқан үлесіне тоқталып, Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съезі өткізіліп келе жатқанын айтты және жиынға қатысып отырған елдердің өкілдерін биылғы 10-11 қазанда «Діни көшбас­шылар қауіпсіз әлем үшін» ұранымен өтетін VI съезд жұмысына қатысуға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әрдайым жаһандық және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге күш салып келе жатқанына басқосуға қатысушылардың назарын аударды.
– Қазақстан Ауғанстанның экономикалық тұрғыдан орнықты және қауіпсіз дамуын қолдайды. Осыған орай біз көп жылдан бері Кабулға қаржылай көмек беріп келеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Сириядағы дағдарысты реттеу жөніндегі Астана процесі қысқа мерзім ішінде осы елде бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы тиімді тетік ретінде танылғанын айтты.
Соңында Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге тиімді әрі табысты төрағалық еткені үшін алғыс айтып, Қырғызстанның да осылайша жемісті жұмыс жүргізуіне тілектестік білдірді.
– Ұйымның табысты болуы көбіне біздің үйлесімді әрекеттерімізге, әлемдік және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге қатысты ұстанымдарымыздың біркелкілігіне байланысты. Сол арқылы біз қазіргі заманда туындап жатқан кез келген сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге дер кезінде жауап беруге кепілдік бере алатынымызға сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Отырыста, сондай-ақ ШЫҰ мүше мемле­кеттердің басшылары, ШЫҰ жанындағы бақылаушы мемлекеттер делегацияларының басшылары және ШЫҰ тұрақты органдарының басшылары сөз сөйледі.

Бөлісу:

Пікір жазу


*