ҮНДІСТАН ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен кездесті.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дәйекті дамып келе жатқанына тоқталып, Үндістан премьер-министрін елдерінің Шанхай ынтымақтастық ұйымына толық құқылы мүше болуымен құттықтады. Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселеге байланысты Қазақстанның Үндістанды әуел бастан толық қолдағанын айтты.
– Былтыр бізге қолдау көрсетіп, Астанада өткен халықаралық ЕХРО – 2017 мамандандырылған көрмесіне келгеніңіз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Сол арқылы бұл шараға халықаралық деңгейде назар аударылуына септігіңізді тигіздіңіз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру нәтижесінде, былтырдың өзінде Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауарайналымы 53 пайызға артып, 1 миллиард долларға жеткенін атап өтті.
– Қазіргі уақытта елдеріміз арасында ғарыш, фармацевтика саласындағы, әскери-техникалық сектордағы және басқа да салалардағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Бізге осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек, – деді Қазақстан Президенті.
Үндістан премьер-министрі Үндістан өкілінің Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық сотының құрамына сайлануына қолдау көрсеткені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың табысты дамып, нығайып келе жатқанына тоқталды.
– Сізді Қазақстанның елордасы – Астана қаласының 20 жылдығымен құттықтаймын және «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуына байланысты ізгі ниетімді білдіремін, – деді Үндістан премьер-министрі.
Кездесу соңында Нарендра Моди Қазақстанның Үндістан үшін Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестерінің бірі саналатынына тоқталып, Үндістанның «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жобаларды жүзеге асыруға мүдделілік танытып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар Үндістан премьер-министрі Қазақстанның халықаралық Күн альянсына қосылуына өтініш білдірді.