Елшіні қабылдады

550
0
Бөлісу:

Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Швейцарияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Урс Шмидпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Швейцария­мен энергетика, фармацевтика, білім беру, көлік және қаржы салаларында сауда-экономикалық ынтымақтас­тық­ты одан әрі нығайту, сондай-ақ бірқатар инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері талқыланды.
Үкімет басшысы бұл елдің елеулі транзиттік-логистикалық әлеуетін атап өтті. Швейцария Қазақстан­мен арадағы сауда айналымының көлемі бойынша Еуропа елдері арасында 4-ші орында тұр. Оның алдын бұл көрсеткіш бойынша тек Италия, Нидерланды және Франция елдері ғана орайды.
Швейцария мен Қазақстан ара­сын­­дағы дипломатия­лық қарым-қаты­настар 1992 жылы 1 маусымда орнаған. Яғни, екі елдің толыққанды араласа бастағанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті.
2018 жылғы қаңтар-сәуір айларын­да екі ел арасындағы тауар айналымы – 562 миллион 987 мың доллар. Оның ішінде экспорт – 531 миллион 266 мың доллар, импорт – 31 миллион 721 мың доллар. Былтыр­ғы жыл қоры­тын­­ды­сында өзара сауда-саттық көлемі 3,2 млрд долларға жетті. Соның ішінде экспорт – 3,1 млрд доллар импорт – 138 млн доллар болды. Бұл 2016 жыл­мен салыс­тыр­ғанда 21 пайызға көп.
Швейцариядан 2005–2017 жылдар аралығында Қазақстанға 20 миллиард 597,3 млн доллар тікелей инвес­ти­ция­лар құйылды. Дәл осы жылдарда Қазақ­станнан Швейцарияға ағылған тіке­лей инвестициялар көлемі – 823 млн доллар.
Швейцария – соңғы он жыл ішінде қазақстандық экспорттың жалпы көле­мінің 63 пайызына жуығы экс­порт­талған 6 елдің бірі. Бұл елдер қата­­рына онымен бірге Ресей, ҚХР, Ита­лия, Нидерланды, Франция кіреді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*