Текелі инвесторларды күтеді

798
0
Бөлісу:

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы міндеттер аясында Текелі қаласында өткен «Текелі Инвест – 2018» инвестициялық форумы барысында кеншілер шаһарының өсіп-өркендеу өрісіндегі инвестициялық мүмкіндіктер сарапқа салынып, республика бойынша инвестициялық қызметке көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары назарға ұсынылды. Бірқатар инвесторлар қала аумағында жүзеге асыруға ниетті жобаларын таныстырды.

Текелі қаласының әкімдігі мен Алматы облысының өңірлік дамыту орталығының ұйымдастыруымен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-иннова­ция­лық даму басқармасының қолдауымен өткен форумда алдымен, қала әкімі Бахтияр Өнербаев Текелінің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны, шағын және орта бизнес, өнеркәсіп, туризм саласындағы көрсеткіштері туралы тарата баяндады. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары кәсіп­керлікті дамытуға серпін берген. Соның арқасында шағын және орта бизнестің даму көрсеткіштері алға жылжыған, жақсарып келеді. Биылғы төрт айда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,6 млрд теңгені құрап, «Достық» индустриялық аймағын құру жұмыстары жалғасуда. Жоба бойын­ша мұнда көлік жолы салынып, электр желілері, су және кәріз жүйесі тартылуда.
Инвесторларға құшағы ашық моно­қала­дағы жер мәселесі күрделі екені рас. Алайда әкімдік болашағы бар жобаларға қолдау көрсетуге дайын. Форумда голлан­диялық технологиямен жұмыс істейтін жылыжай кешенін салып, жылдық қуаттылығы 4 мың тонна қызанақ, 4,5 тонна қияр өндіру жобасымен таныстырған «Алма Отаны» ЖШС директоры Сәтбек Кеншім, жылыжай құрылысын қазірден қолға алса, келер жылдың соңына қарай өнім алуға болатынын жеткізді. Кешен толық іске қосылғанда, 200-ден аса адам жұмыспен қамтылмақ. Серіктестік бүгінгі таңда Текеліден 11 гектар жер алып, жобаны жүзеге асыруға кірісіпті. Сонымен қатар қой етін өңдеумен айналысатын Zhetysu Koy ЖШС, жеміс-жидек бағын өсіруге ниетті «Феникс Фид Миллс» ЖШС өкілдері де өз жобалары туралы жан-жақты мағлұмат берді.
Алматы облысының өңірлік дамыту орталығының өкілі Ерал Шлембаев мемлекеттік бағдарламаларды тиімді қолдану тетіктері туралы әңгімеледі. Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаді­лов инвестиция тарту және экономиканы әртараптандыру бағытында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан атқарылып жатқан игі істер, кәсіпкерлікті дамыту аясындағы қолдау­лар жайлы айтты. Өңірлік дамыту орта­лы­ғының өкілі Әлішер Ақашев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» дирек­торы­ның орынбасары Руслан Сәметаев бизнесті бастау мен жетілдіруге бағыт­талған мемлекеттік қолдаулар, несие рәсімдеу, грантқа қол жеткізу турасындағы көкейкесті мәселелерді қозғады.
Форум жұмысын түйіндеген қала әкімі Б.Өнербаев бұл басқосудың Текеліде инвестициялық жобалардың жүзеге асуына жаңа серпін беретініне сенім білдіріп, қалада өз кәсібін дөңгелетемін деушілерге есік ашық екенін жеткізді. Табиғаты, ауа райы, орналасқан жері бизнестің сан саласын дамытуға қолайлы Текелі кәсіпкерлікке икемді инвестор­ларды күтеді.

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*