Қасымовтың уәдесі орындалды ма?

1482
0
Бөлісу:

Министр болған соң қандай да бір шаруаға уәде береді. Орындалса – бәрекелді айтасың, орындалмаса – реніш танытасың. Бірінші кезекте, оның уәдесінің орындалмауы – өзі басқарып отырған сала жұмысына тікелей әсер етеді. Бұл жолғы кейіпкеріміз – Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Ол еліміздің ішкі жағдайына, азаматтардың тәртібіне, қоғамдық қауіпсіздікке жауапты тұлға. Осы орайда берген уәделері мен бастамаларын жинақтап, сарапқа салып көрдік.

Алдымен, министрдің өзі жай­лы бірер сөз. Қалмұханбет Қасымов бұл қызметті 2011 жыл­дың 12 сәуірінен бері атқарып келе жатыр. Гагарин айға ұшқан күні атқа қонған. 7 жылдан бері тапжылмай жұмыс істеп келе жатқан жалғыз министр. Оған қаржы министрі Бақыт Сұлта­новтың көрсеткіші ғана жақын­дайды. Ол кісі 2013 жылдың 6 қарашасынан бастап «ақшаның бастығына» айналды. Жалпы, Қасымов 2011 жылдан бері қазіргі уақытқа дейін үш Премьер-ми­нистрмен бірге қызмет атқарып келеді.

1

20.10.2014.
Осы күні Ішкі істер министр­лігінің бастамасымен елімізде түрлі-түсті жеке куәліктер беріле бастайтыны хабарланды.
«Құрметті депутаттар, сіздер жеке куәліктегі суреттің ескілігіне қатысты сын айттыңыздар. Біз бір жыл бойы осы мәселемен айна­лыстық. Жаңа құрылғылар сатып алдық, өзгерістер енгіздік, енді жаңа куәліктер осы жылдың 1 желтоқсанынан бастап беріледі» деген болатын министр мәжіліс­тегі Үкімет сағатында. Министр­дің айтуынша, құжатқа гологра­фиялық фото қойылуының арқа­сында жалған көшірме жасау­дың жолы кесілмек.

23.01.2015.
Мемлекеттік БАҚ-та 90 мың­нан астам қазақстандықтың түр­лі-түсті суреті бар жеке куәлікті алғаны туралы ақпараттар шықты. Жаңашыл бастаманы Алматы мен Астана қаласы және Оңтүстік Қа­зақстан облысы тез іліп әкеткен. Қазіргі таңда түрлі-түсті нұсқа­дағы жеке куәліктер Қазақстан бойынша таратылады.

2

21.10.2016
Депутаттар ведомствода жем­қорлар көп екенін, полицейлердің жүргізушілерге оңды-солды айыппұл сала беретінін айтты. Министр бұған жауап ретінде – саладағы коррупцияны жою үшін, барлық полицейлерді жұмыстан шығаруға дайын екенін мәлімдеді.
– Бұл қызметтегі барлық жем­қорлық әрекеттердің алдын алу үшін қатаң шаралар қабылдаймыз. Мәселен, Грузия барлық қыз­меткерлерін жұмыстан босатқан. Жалақыны екі есеге көтерген және қайтадан жаңа полицейлер жинаған. Сөйтіп, кадрлық тазалау жүргізген. Біз де осындай қадамға бара аламыз, – деді Қасымов.

09.06.2018
Сол уақыттан бері екі жылға жуық уақыт өтсе де, Қасымов тұ­тастай сала полицейлерін жұмыс­тан қумады. Жалақы өсті. Екі есеге емес, 25 пайызға. Былтыр Отан қорғаушылар күні қарса­ңын­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада әскери қыз­меткерлерді, құқық қорғаушы­ларды құттықтаған.
– Мен қорғаныс министрлігі әскери қызметкерлерінің, ҰҚК, Ұлттық гвардия және мемлекеттік күзет қызметінің қызметтік ең­бекақыларын 1 шілдеден бастап 25 пайызға көбейту туралы шешім қабылдадым, – деген еді Елбасы сол кезде. Сол жылдың қазан айын­да ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев қызметтік еңбекақының өсуі 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтыру­лар енгізілген соң орын алатынын хабарлады. Ал аталған заңға Пре­зидент 2017 жылдың 13 қараша­сында қол қойды.

3

15.06.2017
ІІМ басшысы осы күні, екі­бастұздықтарға Жедел басқару орталығын салып беретінін айтты. Сонымен қатар Қасымов, ха­лықпен кездесуде – жолдарды автоматты радарлармен қамта­масыз етуге, көше бұзақылығын тыюға да уәде берді. Ол елімізде алкогольге тәуелділік пен мас­күнемдікке қарсы жасалған шаралар тиісті нәтиже бермей отырғанын мойындады. Ай­туынша, Қазақстанда адам өлтіру мен тұрмыстық қылмыстардың 60 пайызы адамның мас кезінде жасалады екен. Жиын соңына қарай министр, кеншілер қа­ласының жақын арада жедел басқару орталығы салынатын елдімекендер тізіміне кіргенін айтып, Екібастұз тұрғындарын қуантып қойды.

09.06.2018
Министр уәдесінен бері 11 айдан астам уақыт өтті. Жалпы, же­дел басқару орталығын (ЖБО) – кез келген Ішкі істер департа­мен­тінің «жүрегі» деп атауға болады. Себебі, аталған орталыққа барлық ақпарат бірін­ші келіп түсіп, қаладағы бүкіл по­лиция сол жерден тікелей бас­қарылады. Жай кезекшілікпен салыстырғанда бұл орталық – жаңа компьютерлермен жаб­дықталған, әлдеқайда жетілген. ЖБО – навигация жүйесімен жабдықталған, кең жедел басқару залдары бар орталық. Қызмет­керлер кез келген қылмыстық, төтенше жағдайларды бақылауға алып, полиция әрекетін асқан жылдамдықпен үйлестіріп оты­рады. Әрине, қылмыс өршіп тұр­ған Екібастұзға мұндай орта­лық керек-ақ. Осыны білмекке Екі­бастұз қалалық ішкі істер басқар­масына хабарластық. Бізге жауап берген жауапты маман Қали­маш Баянқызы аталған жедел басқару орталығының қа­лада әлі салын­бағанын айтты.

4

10.01.2017
Қалмұханбет Қасымов Үкімет отырысынан кейін, уақытша тір­кеуге тұрмаған қазақстандықтарға алғашқы айда жәй ескерту бері­летінін, ал одан кейін де азаматтар уақытша тіркеуді жүзеге асырмаса Ішкі істер органдары шара қолда­натынын айтты.
Қоғам арасында шу тудырған мәселені министр былай түсін­дірді.
«Мәселен, мен қазір Астанада пәтер кезегінде тұрамын және қызмет бабымен Атырауға барып жұмыс істеуім керек. Мен қалай істеймін? Біз азаматтардың бұл жерде есептен шықпауын, ал бар­ған жерінде уақытша тіркеуге тұруын қамтамасыз етеміз» деді ол.
Ведомство басшысы кімнің тіркеуге тұрып, кімнің тұрма­ға­нын тексеру үшін аса қинал­майтынын айтты. «Жарайды, есіктеріңді ашпай-ақ қойыңдар, біз тексерудің басқа жолын та­бамыз» деген сол жолы Қасымов.

09.06.2018
Сол уақыттан бері Ішкі істер органдарының пәтер аралап, уақытша тіркеуді тексергені туралы ақпарат пайда болған жоқ. Мәселеге қатысты шу –нау­қан­дық болғанмен, заң – науқандық емес. Былтыр маусым айында Үкі­мет қаулысымен ішкі мигрант­тарды тіркеу ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 14 маусым күні қаулы ресми жа­рияланды. Ереже бойынша – бір айдан астам мерзім уақытша тіркеусіз жүру заң бұзушылық болып саналады.

5

25.02.2018
Ішкі істер министрі тасқын суға қарсы құрал-саймандардың сақадай сай екенін мәлімдеді. Ол Үкіметте жасаған баяндамасы ба­рысында – 8,5 мың тонна жанар­май отыны, 123 мың тонна инертті материалдар, 759 мың қап дайындалғанын жеткізген. Ми­нистр, бұдан бөлек мұз бен сірес­кен қардың көбесін сөгу үшін – 6,5 мың тонна жарылғыш затты іске қосуға даяр екенін де айтқан.

03.04.2018
Наурыздың соңы мен сәуірдің басынан бастап еліміздің әр өңірінде су тасып, адамдардың зардап шеккені туралы ақпараттар шыға бастады. Жалпы, бұл таң­ғалатын нәрсе емес. Әзірге, Қазақ­стан көктемгі қар суы мен өзендердің арнасынан асуына тосқауыл қоя алатын емес. Сәуір айындағы ақпарат бойынша, республиканың 50 елдімекенінде 1500-ден астам үй су астында қа­лып, 3800-ден астам тұрғын қауіп­сіз жерлерге көшірілген. Әсіресе, су тасқынынан Шығыс Қазақстан облысы көп тауқымет тартты. Министр айтқан рекви­зиттер қаншалықты жыртыққа жамау болғанын тап басып айту қиын. Білетініміз – су тасқыны­нан кел­ген шығын биыл да орасан.

6

26.09.2017
Қасымов қазақ тілінде сөй­леуге уәде берген. Осы күні Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев министрдің орыстілді екенін айтып сынаған.
«Бұл мәселені орнына кел­ті­реміз. Ендігі Үкімет сағатына келген кезде бұл ескертулер орын­­­­­далады» деген еді министр.

09.06.2018
Алайда министр биыл 11 қаң­тар және 23 қаңтар күні болған Үкі­мет отырыстарында баянда­масын орысша жасаса, 22 мамыр күнгі отырыста қазақша сөйледі. Бірақ қағазға қарап. Ал Премьер-министрдің қойған сауалына ана тілінде әрең жауап бергенін де айту парыз.
Жалпы, министр берген уәде­сін орындауға күш салады. Ал орындалмаған уәдеге кез келген ведомство басшысы бюджеттен қаржының тиісті бөлінбеуін сылтау етеді. Қасымов атқарған істердің қатарында – полиция қызметкерлерінің жаңа формаға ие болуы, жол-көлік оқиғасына байланысты жүргізушіге айыппұл бір жыл ішінде жіберілмесе, айып­пұлдың өз күшін жоюын айтуға болады. Бұдан бөлек, министр:

Телефон ұрлығымен және синтетикалық есірткімен күресуге (14.07.2017)
Қол радарларынан бас тартып, орган қызметкерлерінің автоматты радар құрылғыларымен қаруланатынына (14.06.2017)
Миграция мәселесін шешуге уәде берді және орман өрттерімен күресуге қажетті техника жетіспейтінін (22.05.2018) айтты.

Абай Аймағамбет

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*