Зидан неге кетті?

971
0
Бөлісу:

Зинедин Зиданның 2006 жылғы әлем чемпионатындағы «финалын» әлі ұмытқам жоқ. Күні кешегідей көз алдымда. Матерацциді баспен ұрып құлатқаны үшін төреші Элисондо қызыл қағазын көрсетті де, шарасыз Зизу басын төмен салған күйі кубок жанынан өте шықты. Бұл эпизод бүкіл әлем халқының көз алдында шығар… 

Одан бері талай мақала жа­зылды, талай адам сабырлы Зиданның неліктен қызбалыққа салынғанын түсіндірмек болды. «Футболдан неге жарқырап кет­педі?» деп менің де бас қа­тырған кезім көп.
Бүгінге дейін жанкүйерлер ойыншы Зиданның жұмбағын шеше алмай келеді. Ал өткен аптада әлемдегі ең бай клубқа 9 кубок әперген бапкер Зидан күтпеген жерден қызметімен қоштасты. Бұл клуб президенті Перестен бастап әлемде тары­дай шашыраған «Реал» жан­күйерлері үшін төбеден түскен жай секілді жаңалық еді.
Зинедин Зидан футболдағы жұлдызды шағын Мадридтің «Реалында» өткізді. Иә, оның Франция құрамасы сапында әлем және Еуропа чемпионы атанғаны кез келген ойыншыға қонбайтын бақ. Десе де, Зидан­ның сол кездегі ең қымбат фут­болшы ретінде «Реалға» ауысып, Роналдо, Фигу, Бекхэм, Роберто Карлос секілді «галактикос» қатарында жарқырауы оның әлемдегі абыройын арттыра түс­кен болатын. Футболдағы ман­сабын аяқтаған соң, басқа емес, «Реалдың» өсіп-өркендеуі үшін тер төккеніне қарап, Зи­дан­ның корольдік клубқа адал екенін байқадық.
Зидан жасыл алаңмен қош­тасқан соң, президенттің кө­мек­­шісі, спорттық директор, жастар академиясының бас­шысы сынды түрлі қызмет атқарды. Корольдік клубқа бас-көз болуға асыққан жоқ. 2013 жылы Жозе Моуринью орынта­ғынан кеткенде де, ол бапкерлік туралы ұсыныстан бас тартып, өзінің әлі пісіп жетілмегенін алға тартты. Бапкер ретінде шың­далу үшін «папа Карлоның» (Карло Анчелотти) көмекшісі болды. Яғни, Зидан даңқты ойыншы, әлем футболындағы «авторитет» болғанына қара­мастан, үлкен қызметке келу үшін барлық баспалдақтан өтті. Бас команда тізгінін «Реалдың» ойыны шат­қаяқтап, ойыншылар мен бап­кер мәмілеге келмей, Рафаэль Бенитестің басы шарадай болған кезде ғана қолға алды.
Мистер Зидан «Реалда» 878 күн бапкерлік қызметте болды. Осы аралықта оның жеткен жетіс­тігін әлемде тағы біреудің қайталауы әзірге мүмкін емес. Ол Чемпиондар лигасын қата­рынан үш рет ұтып алды. Еуро­паның ең атақты турнирінде дәл осылай «хет-трик» жасаған бірде-бір коуч жоқ. Азуын айға білеген талай бапкер бұл кубок­қа қол жеткізе алмай кетті. Бұ­дан бөлек, Испания чемпионаты мен Суперкубогін бір реттен, клуб­тар арасындағы әлем чем­пионатын екі рет, УЕФА Супер­кубогін екі рет жеңіп алды.
«Манчестер Юнайтедті»
26 жыл басқарған Сэр Алекс Фергюсонның өзі Чемпиондар лигасын үш рет ұтқан жоқ. «Арсеналға» өмірінің 22 жылын арнаған Арсен Венгерге қос құлақты кубок тіптен бұйырмай кетті. Ал «Реалдың» бұрынғы алты бапкері жабылып жүріп,
8 жылда жеңіп алған кубоктарды Зидан небәрі екі жарым жылда бағындырды. Зиданның екі жыл­дан сәл асатын еңбегіне қарап, мұндай мысалдың неше атасын келтіруге болады. Бү­гінде даңқты Зидан клубты жеңіс­ке жетелеген бапкерлер тізімінде екінші орында тұр. Оның алдында «Реалды» 15 жыл жаттықтырған Мигель Муньос қана бар.
Зиданның бапкерлік қыз­метінен кетуі – спорт әлемін дүр сілкіндірді. Бүгінде ерінбеген адамның барлығы оның осынша табысты бола тұра, команданы тастап кетуіне не себеп болға­нын іздеп әуре. Кейбір ақпарат көздері Зиданның клуб прези­денті Флорентино Переске өкпелегенін айтады. Дерек­көздер­дің хабарлауынша, бас бапкер мен президенттің сөзі трансферлік мәселеге келгенде тоғыспаған. Испан басылым­дары Криштиану Роналду мен Гарет Бэйлдың командадан кетемін деп жар салуы да Зи­данға оңай соқпағанын жазуда. Ал Зинединнің өзі болса, ко­манда ары қарай дамуы үшін басқа жолды таңдау керектігін ескертті.
«Біз мүлде ақылға қонбайтын нәрселерді ақиқатқа айнал­дыр­дық. Бұл тарихтың мүшесі бол­ғаныма қуанам. Бапкерлік қыз­ме­тімде дәл мұндай табыс бо­лады деп ойламаппын. Бірақ «Реал­да» қалмаймын деп шеш­тім. Бұл команда ары қарай да жеңіс­ке жетуі керек. Ол үшін басқа бапкер, басқа шешімдер қажет. Егер «Реалда» қалсам, ко­мандаға келесі маусымда жеңіске жету қиынға түседі» деді Зидан.
Меніңше, Зидан нағыз уақы­­­тында кетті. Биылғы Ис­пания чемпионатында «Реал» күмістен де қағылып, басты қарсыласы «Барселонадан» 17 ұпайға қалып қойды. Демек, дабыл қағатындай негіз бар. Одан бөлек, 2006 жылғы фи­налды да Зизудың ұмыта қой­мағаны рас. Бұл жолы ол өз биігінен түскен жоқ. Нағыз чем­пиондарша кетті…

Ақырыс СЕЙІТҚАЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*