Стратегиялық маңызды кездесулер

999
0
Бөлісу:

Мемлекеттік сапардың екінші күні Елбасы Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен кездесті.

Тұрақты комитет төрағасы Ли Чжань­шу Қытайдың Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының атынан Қазақстан Президентіне ілтипат білдіріп, мемле­кеттік сапар аясында жүргізілген келіс­сөздердің жемісті болғанына тоқталды және солардың нәтижелері бойынша қол қойылған құжаттар қазіргі кезеңдегі екі­жақты қатынастардың нақты даму жос­парын айқындағанын атап өтті.
– Сіз – біздің халқымыздың нағыз досысыз, ал мен үшін ең құрметті мемле­кет қайраткерлерінің бірісіз. Сіздің бас­шылығыңызбен Қазақстанда нарықтық экономика қалыптасып, халықтың жағ­дайы жақсара түсті, қоғамда тұрақтылық бар. Қазақстанның әлемдегі және өңірдегі беделі әрдайым артуда. Өздеріңіз «Нұрлы жол» деп атағандай, Сіздің мемлекетіңіз жарқын болашаққа жол ашты. Сіз халық арасынан шықтыңыз, оның арман-мүддесін білесіз және ұзақ жылдар бойы Қазақстанды табысты даму жолына бастап келесіз. Сіз – қытай халқы үшін қаһарман тұлғасыз, басшылар үшін үлгі саналасыз. Сіздердің достарыңыз әрі көршілеріңіз ретінде Қазақстанның же­тістіктері үшін шын жүректен қуаныш­тымыз, – деді Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы.


Мемлекет басшысы Ли Чжаньшуға өзінің және Қазақстанның атына айтылған жылы сөздері үшін ризашылық білдірді.
– Сізді Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитетінің төрағасы лауазымына тағайында­луыңыз­бен құттықтаймын және зор табыс тілей­мін, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің пар­ламентаралық ынтымақтастығы мәселе­лерін талқылау сәтінде Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының ХІХ съезінде қабылданған және елдегі тұрақ­тылықты қолдауға, сондай-ақ қойылған міндеттердің орындалуына бағытталған шешімнің Қытай үшін тарихи маңызы бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қытай мемлекетінің 40 жыл бойы қы­тайлық өзіндік ерекшелігі бар социализм құру жолымен келе жатқанын және соның барысында әлемдік деңгейдегі жетістікке қол жеткізгенін айтты.

– Қытай бүгінде әлемдегі экономикасы орасан зор же­текші елдердің біріне ай­налды. Инновациялар жылдам енгі­зіліп, ғылым саласына тартыл­ған инвестиция көлемі артуда. Елдеріңіз өз дамуының мүлде жаңа жолына қадам басты, – деді Мемлекет басшысы.
Жиыннан соң Қазақстан Президенті Халық батырла­рының ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапар барысында Тяньаньмэнь алаңында орна­ласқан Халық батырларының ескерткішіне гүл шоғын қойып, қытай халқының ХІХ және ХХ ғасырлардағы ұлт-азаттық күресі барысында құрбан болған перзенттерінің рухына тағзым етті.
Монумент 1840 жылғы Бі­рінші апиын соғысынан бастап, 1949 жылы Қытай Халық Рес­публикасы құрылғанға дейінгі кезеңдегі Қытай революциялық қозғалысының тарихынан сыр шертетін оқиғаларға арналған.
Содан кейін, Мемлекет бас­шысы CNPC корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илиньмен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев CNPC компаниясының мұнай мен газды өндіру, тасымалдау және оны қайта өңдеу салалары бойынша Қазақстанның негізгі әріптесі болып саналатынына тоқталып, бұл кәсіпорынның еліміздегі жұмысына қанағат­танатынын айтты.
– Жалпы, осы жылдар ішін­де Қазақстанда 100 миллион тоннадан астам мұнай өндірілді. Біз сіздің компанияңызбен ынтымақтастықты жал­ғас­тыруға дайынбыз. Әсі­ресе, «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырын пайдалану арқылы ішкі нарыққа және Қытайға жеткізілетін мұнай көлемін арттыра аламыз, – деді. Компа­ния басшысы CNPC-дің Қа­зақстандағы әріптестермен 20 жылдан астам уақыттан бері ынтымақтаса жұмыс істеп келе жатқанын және зор жетістік­терге жеткенін айтты.
– Сіздің көңіл бөлгеніңіздің және Қытай Үкіметі көмегінің арқасында айтулы нәтижелерге қол жеткіздік. Сізге зор құрметім мен ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз. Біздің мүмкінді­гіміздің бар екенін және оны одан ары дамытып, жұмыс іс­теуге ниетті екенімізді жеткізгім келеді, – деді Ван Илинь.
Компания басшысы Қа­зақстан Президентіне Іскерлік кеңес аясында жүргізілген ке­ліс­сөздер мен қол қойылған ке­лісімшарттар жөнінде баян­дады.
– Үкіметіміз және Си Цзинь­пин мырзаның жеке өзі қазақстандық әріптестермен тығыз ынтымақтастықты жаңа деңгейде дамытуға мүдделілік танытып отыр. Бұл міндетті орындауға шамамыз жететініне кәміл сенеміз, – деді компания басшысы.


Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Рес­публикасының іскер топтар өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында Мем­лекет басшысы Қытай Халық Республикасы Қазақстанның маңызды стратегиялық әріп­тестерінің бірі болып санала­тынына тоқталып, екі ел ара­сында тарихи тұрғыдан достық және сенімді қарым-қатынас қалыптасқанын айтты.
– Қытай Қазақстанға тікелей инвестиция құю көлемі жөнінен 4-орынды иеленеді. 2017 жылы екі ел арасындағы тауарайналымы 10,5 миллиард доллар болды. Бұл жердегі
өсім – 33 пайыз, – деді Қа­зақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақстанның мұнай-газ, химия және тамақ өнеркәсі­бінде, сондай-ақ банк, машина жасау, логистика және басқа да сала­ларында Қытай капита­лының қатысы бар 1200 кәсіп­орын жұмыс істейтінін атап өтті.
– Бүгін екі елдің 300-ден астам бизнес өкілдері қатысқан іскерлік кеңес өтті. 13 миллиард доллардан астам қаржы көле­міндегі 40-қа жуық коммер­циялық құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар индустрия­ландыру және инвестиция салаларындағы ынтымақтастық аясында жалпы сомасы 28 миллиард доллар көлеміндегі 51 жобаның тізімі жасалды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы кез­десуге қатысып отырған кә­сіпкерлерге Қазақстанның геосаяси тұрғыдан ұтымды орналасқаны және осы факторға байланысты оның бизнес жасаудағы артықшылығы жөнінде айтты.
– Қазақстан – 180 мил­лионнан астам тұрғыны бар, кедендік шекарасы жоқ Еура­зиялық экономикалық одақтың мүшесі. Қазақстан аумағы ар­қылы Қытай мен басқа да Азия елдерін Ресей, Каспий теңізі, Қара теңіз, сондай-ақ Иран және Түркия арқылы Еуропамен байланыстыратын 5 теміржол және 6 халықаралық автомобиль жолы өтеді. Бұл жүкті Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға және кері қарай 15 күнде жеткізуге мүмкіндік береді. Жүк теңіз жолымен жеткізілетін болса, 2-3 есе көп уақыт кетер еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті кездесуге қатысу­шылардың назарын: инвес­тициялық тартымдылықты арттыру және бизнес ортасын жақсарту үшін қолданылып жатқан шараларға, атап айт­қанда кәсіпкерлік саласындағы заңнаманың жетілдіре түс­кеніне, Шетелдік инвесторлар кеңесінің, «Қазақ Инвест» және «Қазақ Экспорт» ұлттық ком­панияларының құрылғанына, шетелден жұмыс күшін тарту және жер қойнауын пайдалану үшін лицензия алу мен келісім­дер жасау рәсімінің жеңілде­тілгеніне, сондай-ақ 11 арнайы экономикалық және 24 индус­триалды аймақтың жұмысына қатысушылар үшін салық жеңілдіктері мен артықшы­лықтар белгіленіп отырғанына аударды.
– Біздің елде агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы және «Цифрлы Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдар­ламасы жүзеге асырылуда. Ту­ристік саланы дамыту тұжы­рымдамасы қабылданды. Біз ірі компанияларымыздың Гонконг және Шанхай биржа алаңда­рындағы IPO-ға шығу мүм­кіндіктерін қарастырудамыз. ЕХРО – 2017 көрмесінің база­сында «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастады. Ол «жасыл қаржы» құралын, исламдық және инно­вациялық қаржы құралдарын дамытатын өңірлік орталыққа айналуға тиіс. Қытай компания­ларын осы ауқымды жобаларды жүзеге асыру ісіне атсалысуға шақырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу барысында Қы­тайдың жетекші компания­ларының өкілдері қазақстандық әріптестерімен бизнестегі байланыстарын орнатуға зор мүдделілік танытты.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы осындай басқосулар екі ел арасының жақындай түсуіне және өзара тиімді әріп­тестіктің нығаюына септігін тигізетінін айтты.

А.Ахметқазы

Бөлісу:

Пікір жазу


*