ТЕГІН МЕДИЦИНА ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ҒАНА МА?

1283
0
Бөлісу:

Біздің елде талқылаудан түспейтін екі саланың бірі – денсаулық сақтау саласы. Бұл салада қанша реформа жүргізілсе де, қарапайым халық үшін тегін ем алу мен дәрігер қабылдауына жазылу әлі күнге өзекті күйінде қалып отыр. Емханада жүрген кез келген пациентті сөзге тартыңыз, қызмет сапасына көңілі толатыны сирек.  Ал емхана басшыларының бұл сынға айтар өз уәжі бар. Біз қос тарапты да тыңдап көрдік. 

Балғын Ерболқызы,
Астана тұрғыны:
– Балам мереке күні сауса­ғын шытынатып алғанда, №2 қа­лалық емханадағы трав­мо­то­лог­қа апарып, гипс салдырдық. Мереке біткен соң, өз емхана­ңыз­ға қараласыз деп кеңес бер­ді. Өз емханамызға телефон шал­ға­нымда, «Бүгін емес, ертеңге жазыласыз» деді. Жазылдық. Ал енді ертеңіне сағат таңғы 09:00-де барсақ, дәрігер «ақысыз демалысқа» кеткенін білдік. Бұл қалай болғаны деп тіркеу бөлімінен сұрасақ, еш саспастан «Ертең үлкендер травмотологты қарайды, мүмкін соған келерсіз?» дейді. Үш күн күткізген дәрігерге барудан бас тартып, «Медикерге» (жекеменшік емхана) тарттық. Арада 12 күн өткенде гипс шешу үшін қайтадан өз емханамызға хабарластым. Тағы да «Ертең қабылдай алмайды, келесі күні келіңіз» дейді. Қой, одан да гипс салып берген №2 қалалық балалар ауруханасының травмотологына жолдама алайын деген оймен «Пед­иатр немесе жалпы тәжіри­бе­лі дәрігермен сөйлесу» тетігін бассам, ол жақтағы қыз «Ертең сағат 14:00-де келіңіз, сізді трав­мо­толог қабылдайды» деп тұр. Апам да аң-таң, мен де аң-таң. Міне, осылай бір емханадағы колл-орталық екі түрлі жауап берді.
Екінші ұлымды лорға көр­сету керек болғанда, бірден «Меди­кер­ге» апардым. Жағдайды айтқаным сол, шұғыл түрде дәрігерге кіргізді. Дәрігер 2 минуттың ішінде балам­ның тамағына қадалған сүйекті алып шықты. Дәл осындай жедел көмекті біз тіркелген емхана неге көрсете алмайды? Соған қайран қала­мын. Әрине, жекеменшік емха­на қалтаға салмақ салады десек те, бала денсаулығынан қым­бат ештеңе жоқ әрі жүйкең де тыныш.

Ләззат Нығмет,
Семей тұрғыны:
– Біздің елде тегін медицина қағаз жүзінде ғана. Тегін дегені –дәрігердің қабылдауы ғана, ал ол жазып берген дәрінің бәрін өзіміз сатып аламыз. Егер дәрігерге жыл басында немесе аяғында барсаңыз, екпе алу үшін шприц пен дәріні стационарға өзіміз әкелеміз. Менің үш балам бар, жас анамын. Жүктілік кезді айтсам, дәрігерге 10 күн бұрын жазыласың, ол сараптамаға жолдама береді. Біреуін сол емханаға, енді біреуін басқа жерге тапсырасың, қан тобын анықтау үшінші бір жерде, ақылы. Ультра-дыбысты зерттеуге алдын ала жазылмасаң, ақылы өте­сің, кем дегенде 4000 теңге төлейсіз.
Біздегі медициналық қызмет сапасы дәрігердің көңіл-күйіне байланысты. Көңіл күйі нашар болса, өшін пациенттен алады. Берген дәрісі ем болмаса, басқасын жазады. Одан ем қонбаса, үшінші бір дәріні тықпалайды, осылайша балаға эксперимент жасаудан қорықпайды. Амалсыз жақсы педиатр іздеп, ақылыға жүгінеміз. Қазіргі кезде жаңа туған баланың екінің біріне дисплазия диагнозы қойылады. Оларға массаж алу үшін жолдама беріледі. Оған да бір ай бұрын жазылу керек. Маусым айының басында барсам, шілденің басында келіңіз, тамызға жазамыз дейді. Амалсыз ақылыға жүгіндім. Күніне – 1500 теңге. Үлкен балам ойнап жүріп, шын­та­ғын сындырып алды. Рентгенге түсіріп, гипс салды. Дәрігер гипсті алғанда баламның қолы доғал болып тұрды. Бұл қалай десем, түк етпейді, тұзды суға салып тұры­ңыз дейді. Ал бала қолын мүлдем көтере алмайды. Амал жоқ, 5 жастағы баланы 20 күн бойы массажға тасыдым. Біз тір­кел­ген емxанамен келісім-шартқа отырған емxана арасы өте алыс. Сондықтан жақын маңнан ақылы болса да, басқа емхана іздеп кететін кезіміз көп.
…Әлеуметтік желіде жүргі­зіл­ген сауалнамаға жауап бер­ген­дердің барлығы да осы пікірде. Бір қарағанда, жаһандық мәселе еместей көрінер. Алайда бұл жерде адам құқы, бала денсаулығы деген мәселе бар.

Шағымның көбеюі кадр тапшылығына байланысты

Біз жоғарыдағы пікірлердің жауабын білу үшін Астана денсау­л­ық сақтау басқармасына хат жолдадық. Алайда басқарма басшы­сының орынбасарынан «Белгілі бір емхананы нақты атап көрсетпегенсіз, сол себепті жауап бере алмаймыз» деген хат келді. Ал шындап келгенде, біз көтерген мәселе барлық ем­ха­наға тән деуге болады. Бұл – басқармадағылардың біз сурет­те­ген ситуациялардан бейхабар екенін көрсетеді немесе жауаптан жалтару үшін нақты емхананы мы­салға келтірмегенімізді сыл­тау­ратты. Біз басқарманы қайта мазалауды жөн көрмедік, бірден Астанадағы №9 қалалық емханаға бас сұқтық. Аталған емхананың бас дәрігерінің медициналық көмек сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Гүлнәр Түлеубаеваны сөзге тарттық.
– Гүлнәр Көптілеуқызы, қала тұрғындары тіркелген емханадан медициналық қызметті толық ала алмайтындарын, басқа емханаға жолдамамен барған күннің өзінде кезекті бір ай күтетіндерін, сол себепті дәрігерге ақылы қаралуға мәжбүр екендерін айтады. Бұл мәселе маман жетіспеуімен байла­ныс­ты ма әлде басқа себебі бар ма?
– Өзім еңбек ететін емхана бойын­ша жауап бере аламын. Бұл, расында, салалық мамандар жетіспеуінен туындайтын мәселе. Сол себепті, біз бүгінгі таңда №2 Қалалық балалар ауруханасымен лор, невропатолог, кардиолог қызметіне жүгіну үшін шарт жасас­қанбыз. Тұрғындар наразы­лы­ғын түсінеміз, сондықтан бұл мәселеге жіті назар аударып, Астана, Қарағанды және Семей медициналық оқу орындарын бітіретін болашақ дәрігерлермен шарт жасадық. Яғни, алдағы тамыз айында емханаға 36 дәрігер жұмысқа қабылданады. Сонда бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын. Өзіңіз білесіз, №9 емхана – Есіл ауданы бойынша жалғыз емхана. Ал аудан аумағы кеңейіп жатыр. Соған сәйкес, халық саны да өсіп келеді.
– Салалық мамандар қызметін алу шарты үшін қала сыртындағы ауруханадан басқа мекеме табыл­ма­ды ма?
– Біз салалық мамандары бар ауруханалар мен емханаларға шарт жасау жөнінде ұсыныс жібере­міз, шартымызға келіскен мекемелермен ғана шарт жасай аламыз. Мысалы, №7 емханамен гастерентолог маманға, №4 емханамен гепатолог қызметі үшін шарт жасағанбыз.
– №2 балалар ауруханасына дәрігерге көріну үшін 1 ай бұрын жазылу керек, ал ақылы қараламын десе, дәрігер сол күні қабылдай алады. Тұрғындар осыған ашулы. Тегін болса дәрігер жоқ, ақы төлеймін десе, табыла кетеді дейді.
– Бұл сол аурухананың ішкі ере­жесіне байланысты. Біз ауру­ха­наның өз дәрігерлерінің қыз­метін тұтыну шартын жасай­мыз. Ал ақылы негізде қабылдайтын дәрігер №2 аурухана өзіне кон­суль­тант ретінде шақырған басқа мекеменің маманы. Ол дәрігерлер тек ақылы негізде жұмыс істейді. Екеуі бір адам емес. Тұрғындар көп жағдайда осыны түсінбейді. Мысалы, ондай ақылы бөлімше біздің емханада да бар, біз ол жерде тек үлкендерге қызмет көрсетеміз. Ондағы мамандарға тегін қызмет көрсет деп айта алмаймыз. Әрине, баланың құлағына бір нәрсе кіріп кеткен яки соқырішек сияқты шұғыл жағдай болса, жолдамаға Cito белгісін жазамыз, ол кезде науқас кезексіз қабылданады.
– №4 емханада үлкендер мен балаларды дәрігерлер бөлек қабыл­дайды. №9 емханада үлкен де, бала да бір дәрігерге телміріп отыр деген сынға не дейсіз?
– Бұл – көпті мазалайтын мәсе­ле. Әсіресе, балалы ата-ана­лар үлкендермен қатар тұрып кезек күткісі келмейді. Ауру жұғуы мүмкін деп шағымданады. Біз бұл мәселені шешу үшін аптаның сейсенбі күнін «балалар күні» деп белгіледік. Бұл күні дәрігер тек бала­ларды қабылдайды. Осы күні дәрігерге келген үлкендер мені қабыл­д­амады деп шу шығарып жатады.
– Мүмкін ол қатты ауырып тұр­­ған шығар, сонда да қабылдамай ма?
– Қатты ауырып келген науқас үшін емханада фильтр кабинеті жұмыс істейді. Егер қызуы бар болса, фильтр кабинеттегі терапевт пен фельдшер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, үш күнге ем-шара тағайындайды. Үш күннен соң науқас учаскелік дәрігеріне жазылып қаралуы керек. Осы ережені біз үлкендерге үйрете алмай-ақ қойдық.
– Финляндия емханаларында дәрігерге жазылу үшін қоңырау шал­ғанда, бос болмаса, қайта терудің қажеті жоқ. Себебі, сіздің қоңырауыңыз автоматты түрде тіркеледі. Оператор сізге дейінгі пациентпен сөйлесіп болған соң, сізге өзі телефон соғады. Ал бізде емха­­надағы тіркеу бөліміне телефон арқылы жазылу мүмкін емес, теле­фон тұтқасын көтермейді. Неге?
– «Театр киім ілгіштен бас­талады» десек, емхана тір­кеу бөлі­мінен басталады. Жасы­ра­тыны жоқ, тіркеу бөлімінің жұмы­сы о баста дұрыс жолға қойыл­ма­ды. Содан болар, тұрғындар тарапынан түсетін шағымның басым бөлігі осы мәселеге қатыс­ты. Біз күнделікті таңертең жұмы­сымызды тіркеу бөлімінен бастаймыз. Емхана басшылары мен бөлім меңгерушілері пациент­тер нөпірі басылғанша тіркеу бөлі­мінде жұмыс істейміз. Біздің емханада екі телефон нөмірі бар, қалалық колл-орталықта тағы екі нөмір бар, егер ішкі теле­­фон­ды ешкім көтермесе, колл-орталықтағы нөмірге хабар­­ла­суға болады, ол нөмірлер емха­на сайтында жазулы тұр. Осы тұста қала тұрғындарына бұдан былай дәрігерге электронды түрде жазы­лу­ға болатынын айтқым келеді. Мамыр айында іске қосылған www.cit-damu.kz кешенді меди­ци­налық ақпараттық жүйесі арқылы қалаған дәрігерге жазыла аласыз. Қазірдің өзінде осы жүйе арқылы дәрігер қаралуына жазылып жатқандар бар.

«Бюджеттік емханалар» баға саясатын меңгерсе…

Айтқандай, Астана денсаулық сақтау басқармасы жіберген жауап хатта кепілдендірілген меди­ци­налық қызмет түрлері мен ақылы қызмет көрсетуге қатысты заңнамаларға сілтеме берілген екен, біз соңғы сілтемеден үзін­­ді келтіруі жөн көрдік. Ден­сау­лық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №304 бұйрығымен бекі­тілген «Денсаулық сақ­тау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету қағидалары мен шарт­та­рында «ақылы меди­ци­на­лық қызметтерді мемлекеттік және жекеменшік медицина ұйымдары аурудың бейіні мен медициналық қызметпен айналысуға мемле­кет­тік лицензиясы сәйкес кел­ген кезде көрсетеді» деп жазыл­ған. Яғни, көпшілік үшін «мем­ле­кеттік» аталып кеткен, ал құжатта «шаруашылық негізінде іс жүргізетін» емханалар да ақылы қызмет көрсетуге құқылы. Оның үстіне, жекешелендіру саясатына сәйкес, мемлекет меншігіндегі нысандар саудаға шығарылып жатыр. Бұл науқаннан емханалар да шет қалмақ емес.
Ал бюджеттік формадағы меке­мелерге «шаруашылық жүр­гізу негізіндегі» деген үш сөз қосыл­ғалы олар табыс табуға бел­сене кіріскендей. Кірісе берсін-ау, бірақ ақылы қызметтің бағасын ерттей алмаса, табыссыз қалатын түрі бар. Өйткені олар көрсететін медициналық қызметтің ақысы жеке­меншік емханалардың баға­сы­мен салыстырғанда, жоғары. Мысалы, дәл қазіргі күні баласын балабақшаға орналастыру үшін ата-аналар емхана жағалап жүр. Дәрігерлік тексеруден жедел өтіп, балабақшаға тиісті құжаттарды тапсыру үшін, әрине, ақылы қыз­мет­ке жүгінеді. Бюджетке қарасты емханаларда әр маманға қаралу үшін әрқайсына 3500-5000 теңге төлейсіз. Ал «Медикер» жеке­мен­­шік емханасында балабақша үшін салалық мамандарға қаралу ақысы 2000 теңгеге жетпейді. Ал баланы лор мен невропатологқа және тіс пен көз дәрігерлеріне қарату үшін барлығын қосқанда, небәрі 5800 теңге төлейсіз. Демек, жекеменшік емханалар баға саясатын сауатты реттеу арқылы пациенттер қатарын көбейтіп жатыр. Ал әлгі «шаруашылық негізде іс жүргізетін» емханалар әлі күнге «алма піс, аузыма түс» деумен жүр.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*