Маңғыстаудағы күн электр стансасының қуаты қандай?

989
0
Бөлісу:

Қазіргі таңда Қазақстанның жаппай балама энергия көздерін тұтынуға белсене кіріскені белгілі. Осындай қадамға бару арқылы еліміз өркениет көшіне ілесіп, өзінің табиғи ресурстарын үнемдей алмақ. Осындай берекелі бастаманы бір ай бұрын Маңғыстау облысы да қолға алған болатын. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақ тарихында тұңғыш рет ашылған күн сәулесінен электр қуатын алатын станса қазір толыққанды жұмыс істеп тұр.

36,05 га аумақтғы, жалпы күші 2 Мвт болатын күн сәулесінен электр қуатын алатын станса Мұнайлы ауданының Батыр ауылында орналасқан. Жоба құны – 1,2 млрд теңге екен. Нысан «Бизнестіңжол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамыту бағдарламасы арқылы қаржыландырылды. Электр стансасын пайдалану үшін 8580 күн панелі орнатылған. Панельдер Қазақстанда отандық кремнийден өндіріледі.

Бұл – отандық өндірістегі күн батареяларында жұмыс істейтін тұңғыш электр стансасы. Жаңа қондырғы 300-ге жуық үйді таза электрмен қамтамасыз етеді. Облыстағы тағы бір жағымды жаңалық – Құрық ауылындағы теңіз суын тұщытатын құрылыс нысаны іргетасының қалануы. 39 млрд долларға жобаланған нысан тәулігіне 50 000 текше метр қуаттылықпен жұмыс істемек.

Жобаның жүзеге асуын жеке инвесторлар қамтамасыз етеді. Нәтижесінде қазіргі таңда 300 адам, ал нысан пайдалануға берілген соң 150 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Жобаның аяқталу мерзімі ретінде 2020 жыл көрсетіліп отыр.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*