Электронды сауданың ерекшелігі неде?

1147
0
Бөлісу:

 Елімізде электронды сауда нарығы қыза түсті. Сарапшылар қазірдің өзінде бұл нарықта бәсекелестіктің жоғары екенін айтады. Электронды сауда дегенде халықаралық нарықты айналып өтіп кете алмаймыз. Өйткені бүкіл әлемдегі e-commerce, яғни электронды сауданың даму қарқыны қатты болып тұр. Е-commerce нарығындағы үздік он елдің қатарына Қытай, АҚШ, Британия, Жапония, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Канада, Ресей және Бразилия кіреді. Бұл осы елдерде интернет қолданушылардың қарқынының қатты өсуімен байланысты екендігі айтылады. Қытай, АҚШ, Ұлыбританияда әрбір немесе әрбір екінші тұрғын интернет қолданады. Бұдан бөлек мобильді телефондарды пайдаланушылар қатары да артып келеді. 

Қазіргі таңда онлайн сауда бүкіл сауда саласының 1-1,5 пайызға жуығын құрайды. Деген­мен жыл сайын е-commerce 30 пайыз­ға өсіп келе жатқанын ескерсек, заманауи сауда таяу жылдарда қарқын ала түсетіні аңғарылады. Еліміздегі онлайн сауданың көш­басшысы Satu.kz-тің мәлі­метіне қарағанда, өткен жылы мар­кетплейс арқылы қазақ­стан­дықтар 20,144 миллиард тең­генің тауарын сатып алған. Онлайн сауданың орташа чегі 19 пайызға өсіп, 34742 теңгені құраған.
Қазіргі таңда онлайн сауда арқылы барлық нәрсені сатып алуға болады. Әсіресе, сұлулық және денсаулыққа арналған (түрлі маскалар, сусабын, кремдер), үй мен бақшаға арналған (ас үй жаб­дық­тары, ыдыстар), техника мен элек­троника (телефон, смарт­­фон­дар), сондай-ақ ба­лаларға ар­нал­ған құрастыр­ғыштар, қуыр­шақ, ой-өрісін да­мы­татын ойын­шық­тарға көбірек тапсырыс түседі екен. Өткен жылы медици­налық та­уарларға сұраныс жоғары болған.
Таяу мерзімде азық-түлік пен сусындарды онлайн сауда ар­қылы алу қалыпты жағдайға ай­налады. Отандық нарықта сұлу­лық және денсаулыққа арналған тауарлар мен медици­налық тауар­лар онлайн сауданың көшбас­шылары болса, алдағы уақытта бақылау-өлшеу аспаптары мен құралдарын сатудың болашағы зор болмақ.
Әдеттегідей бұл жаңалыққа да әйелдер жағы белсенді қатысуда. Олар ерлерге қарағанда 8 пайызға көп. Тауар іздеушілер негізінен, смартфондарды пайдаланады. ТМД елдері сатып алушылары­ның ішінде қазақстандықтар ана­ғұр­лым мобильді екендігі анық­тал­ған. Халықаралық зерттеулерге қарағанда, Қазақстанда e-commerce трафигінің 70 пайызы осы ұялы телефон арқылы жүзеге асырылады. Бұл көрсеткіш Украинада – 43, Беларусьте – 35 пайызды құрайды.
Сатып алушылардың жарты­сына жуығы – 25-34 жас аралы­ғындағы жастар. Онлайн саудаға әсіресе, алматылықтар бейімдел­ген, 44 пайыз. Астаналықтар – 21 пайыз. Қалған аймақтардың интернет-сатып алушылары небәрі 3-4 пайызды құрайды. Әсіресе, жұмыс күндері – анығы дүйсенбі-бейсенбі аралығында электронды сауда қыза түседі.
Е-commerce-те жаңа бағыттар пайда болып отыр. Олар – m-commerce және ar-commerce. М-commerce немесе мобильді сауда онлайн саудада үлкен рөл ойнап отыр. Мобильді телефон арқылы тұтынушылар кез келген уақытта қажетті тауары мен қызметіне тапсырыс бере алады. Мәселен, АҚШ-та телефон арқы­лы тауар мен қызметке тапсырыс берушілердің қатары 232 миллион адамға жеткен. АҚШ халқының саны 325 миллионнан асатынын ескерсек, жалпы тұрғынның басым бөлігі m-commerce-ке әлдеқашан көшіп кеткен.

Онлайн сауданың 7 ережесі

1. Интернет дүкен және басқа да ресурстар мен бөлшек сауда бағаларын салыстырып көру қажет. Әдетте онлайн дүкен бағасы бөлшек саудадан 10-15 пайызға төмен болады. Маркетплейс арқылы интернет дүкен мен бөлшек саудадағы бағаны салыстырып қарай аласыз. Егер баға тым төмен болса да оның сапасына күмәнмен қараған жөн.
2. Барлық ақпаратты сараптап қарау қажет, заңды мекенжайға назар аудару керек. Ал көрсетілген телефонға қоңырау шалып, «Кеңсеге келуге бола ма?» деп сұраған жөн. Алаяқтар ашқан интернет дүкенде кеңсе болмайтынын жадыңыздан шығармаңыз.
3. Интернеттен осы дүкен туралы қосымша ақпараттар қарастырып көріңіз. Дүкен атауын интернет арқылы іздеу жүргізілгенде «алаяқтық» деген сөзді қосуды ұмытпаңыз. Егер алданған тұтынушы болса, онда осындай ақпараттар тауып алуыңыз әбден мүмкін. Бұдан бөлек желіде «қара тізімге» ілінген алаяқ интернет дүкен құрушылардың тізімі болуы да кәдік.
4. Сайтты барынша зерттеңіз, оның қаншалықты жаңартылып отыратынына мән беріңіз. Онда «өлі» сілтеме немесе қарама-қарсы ақпарат жоқ екендігіне назар аударыңыз.
5. Төлем тәсілін бағалаңыз: егер алдын ала төлем, есеп айырысу тек веб-ақша арқылы жүзеге асатын болса немесе сіздің несие картаңыз туралы қызығушылық танытса, онда басқа сенімдірек ресурсты қарастырған жөн.
6. Тауарды қайтару немесе алмастыру кепілдігін сайт немесе телефон арқылы нақтылаңыз.
7. Тауар немесе қызмет түрлері жөніндегі пікірлермен мұқият танысып шығыңыз. Ақауы бар тауар немесе сапасыз қызметтен сақ болыңыз.

Баға бәсекесі заманы өтіп бара жатқандай. Кәсіби сату­шылар жоғары дәрежелі қызмет көрсету арқылы тұтынушыларды өзіне көбірек тартуға дағдыланып келеді. Көпшіліктің сұранысын қанағаттандыру үшін жаңа қызмет түрлері мен мүмкіндіктер қарастырады. Мобильді сауданың артынша саудадағы виртуалды шындық немесе ar-commerce пайда болды. Мысалы, IKEA ресми жиһаз интернет дүкені IKEA Place қосымша қызметін ұсына бастады. Бұл қызмет бо­йынша жиһазды виртуалды «өл­шейді», пәтерді сатып алар ал­дын­да виртуалды безендіріп, әше­кейлейді. Егер бұл тұтыну­шы­ның көңілінен шықса, дәл солай безендіруге немесе жиһаз­дарды орналастыруға тапсырыс жасайды.
Қазіргі таңда бүкіләлемдік сауда жүйесінен барлық тауар түрлерін сатуға немесе сатып алуға, қызмет түрлерін пайдала­нуға болады. Барлық дүкен мен ком­паниялар өз онлайн «филиа­лын» ұстауға тырысады. Осыдан-ақ интернет сауданың өте қарқынды дамып келе жатқанын аңғару қиын емес. Осындай әлемдік үрдістен біздің ел де сырт қалған жоқ. Оның үстіне онлайн сауда уақыт пен ақша үнемдеуде де оңтайлы. Маркетплейс (маркетплейс ағылшын тілінен аударғанда market – нарық және place – орын) пайда болып, оның танымалдығы күннен күнге артып келеді. Тауарлар мен қызмет көрсету түрлерін сату және сатып алуды онлайн алаңда сарапқа салып, өзіне тиімдісін пайдалану қолайлы. Өйткені түрлі компа­нияның ақпаратын топтастырып қарап, таңдауға, бағаларын салыстыруға және өзіне тиімдісін сатып алуға мүмкіндік береді. Бүгінде мар­кетплейс тұтас ма­мандан­ды­рылған салаларды қамтиды. Бұл қызмет арқылы үйді брондап қоюға немесе еңбек демалысында шет елге аттануға, сауда жасауға, такси шақыруға болады. Мар­кетплейс қызметінің танымал­дығы неде? Ең алдымен, адам­дардың сенімін атауға болады. Сосын, тауар мен қызмет түрінің молдығы. Сондай-ақ тауар түрінің кәдімгі дүкендерге қарағанда 10-15 пайызға арзан болатынын да атап өтуге тұрады. Тауар түрінің арзан болу себебі сатушыда кең­сені жалға алу, дүкендегі көптеген қызметкер­лердің жалақысы сияқты артық шығын болмайды. Ыңғайлы жеткізіп беру мен төлем түрлерін­де де таңдау бар. Қолма-қол немесе онлайн төлемдер жа­сауға болады. Күні кешеге дейін еліміз­дің тұрғындары қолма-қол есеп айырысуды қолайлы көрсе, бүгінде бұл үрдіс өзгеріп келеді. Ұлттық банктің мәліметіне қара­ғанда, 2016 жылы 2015 жыл­мен салыстырғанда қолма-қол емес төлем жасау 60 пайызға артып, 1,3 триллион теңгені құраған. Қазір тіпті карточка, онлайн төлем жасау өмір салтымызға әбден еніп, тіпті соны тиімді көретіндер қатары көбейіп келеді.
Электронды сауда да біртіндеп мобильді интернетке қарай ойысқанын байқау қиын емес. Өйткені ол ыңғайлы. Мо­бильді телефон үнемі тұтыну­шының қолында болғандықтан, кез келген сәтте оны пайдаланып, түрлі қызмет түрлерін қолдануға болады. Мобильді телефон тіпті компьютердің орнын басып үлгерді. Бүгінде ел тұрғын­да­рының 70 пайыздан астамы дүкен ара­лауға смартфон немесе басқа да гаджеттер арқылы шығуды үрдіске айналдырған. Телефон арқылы сауда жасау немесе қызмет түрлерін пайдалану кез келген уақытта, кез келген жерде жүзеге асуы мүмкін.
Сіз сантехник шақырып немесе тортқа тапсырыс беретін болсаңыз, кез келген бағанада ілініп тұрған жарнама арқылы да бұл қызметті пайдалана аласыз. Бірақ бұл жерде қызмет сапасы үшін сізге ешкім кепілдік бер­мейді. Ал мамандандырылған маркетплейсте кепілдік бар. Қазір мұндай қызметпен тұтас компа­ниялар да айналысып отыр. Бір ғана MegaMaster.kz алаңы арқылы 7000-нан астам тексерілген ма­ман­­дардың қызметін пайдалануға болады. Мұндай ірі компания қызметкерлері әрбір тапсырыстан кейін тапсырыс берушінің пікірі мен қызметіне қойылған бағаны ала алады. Кері байланыс арқылы тапсырыс беруші де пікір ала алады. Рейтинг пен пікірлердің мұндай жүйесі алаяқтыққа жол бермейді, қызмет көрсетуші мен тұтынушының арасына жылы байланыс орнатады, мәміленің қауіпсіз болуына кепілдік береді. Қалай дегенде де, қазіргі таңда елімізде жеке шеберлердің қыз­меті­нен гөрі осындай маман­дандырылған компаниялардың қызметін пайдалану белең алып келеді. Әрине, олардың қызмет құны жеке шеберлерге қарағанда едәуір қымбатырақ. Ал тапсы­рысты орындау жұмысты үйлес­тіру үдерісіне байланысты ана­ғұрлым жай болуы мүмкін.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*