Еріктілер тобы марпатталды

735
0
Бөлісу:

Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы «Ақтау қаласының қайырымды жандары» еріктілер тобын марапаттады. Өңірдегі мұқтаж, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерікті түрде қол ұшын беріп жүрген 16 адамға сый-құрмет көрсетілді.
«Нұр Отан» Маңғыстау облыстық филиалы төрағаның бірінші орынбасары Нұри Тумышев еріктілер тобына жылы лебізін білдірді.
– Сіздердің азаматтарға көрсеткен шынайы қамқорлықтарыңыз бен еліміздің әлеуметтік мәселесіне қосқан үлестеріңізді Отан алдындағы патриоттықтың борыш деп білеміз.
«Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріне, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп Елбасы Н. Ә. Назарбаев атап өткен болатын. Біз «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаңғыру жолындағы жастарға рух пен жігер беретін, өзге жастарға үлгі болатын қадамдарыңызды құрметтейміз! – деді ол.
«Ақтау қайырымды жандар» тобының жетекшісі Нағима Түркменбаева еріктілер тобының мақсаты жөнінде жөнінде айтып берді.
– Қайырымдылық тобының басты мақсаты – елімізде қарттар үйі мен жетім балалар үйінің болмауын, қоғамда аз қамтылған отбасылардың санын азайтып, адамдар арасында сыйластық, кішіпейілділік орнату. Жұмысымызды осыдан екі жыл бұрын бастадық. Еріктілер тобында әр түрлі жастағы азаматтар, кәсіпкерлер, студенттер, аналар бар. Осы уақытқа дейін отасына қаржы талап етілетін балаларға, баспанасы жоқ отбасыларға, мектеп жасындағы балалардың киімдерін бүтіндеуге күш жұмсап келеміз. Мәселен, Жетібайда көлік апатына түскен баланың 4-5 отасына жететіндей етіп, 10 күннің ішінде 4,5 млн теңге жинап бердік. Осындай балалардың сауығуына қаражат бөліп, олардың толық жазылып кетуін бақылап отырамыз. Мүжәлсіз отбасылардан шыққан балаларға арнап «Арманың орындалсын, балақай!» атты акция ұйымдастырып, мектепке баратын керекті заттармен қамтамасыз еттік. Олардың тізімін мешіттен және жұмыспен қамту орталығынан аламыз. Онымен қоса мүмкіндігі шектеулі балалар тасада қалмасын деп «Жұлдызды сәт» деген шара өткіздік. Онда балалар өз өнерлерін ортаға салады, – деген Нағима Түркменбайқызы болашақ жоспарларымен де бөлісті.
«Ақтау қайырымды жандар» төрайымы топтың ағымдағы жылдың тамыз айында Түркістан қаласында өтетін слетке қатысып, республика көлемінде қайырымдылық шараларын ұйымдастыратынын айтты.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*