МҰРАМЫЗ 1000 ӘНМЕН ШЕКТЕЛЕ МЕ?

1208
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес. Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік» деп рухани құндылықтарымызды түгендеудің кешенді жұмыстары атқарылғанын баяндады.

«Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» жинақталып, ұлт­тың рухани құндылықтар қорын толықтырғаны бел­гілі. Біз осы ретте А.Затаевичке молынан қарыз­дармыз. Этнографтың «Қазақ халқының 100 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі», «Песни разных народов» (1971), жарияланбаған «Қазақ музыкасының 3 томы» деп аталатын жинақтарында қазақ халқының классикалық ән-күйлерінің үлгілері жинақталған. Затаевичтің еңбектері арқылы қазақ музыкасы дүниежүзіне тарады. Еуропа елдеріне жетті, әлемдегі алдыңғы қатарлы өнер иелерінен жоғары баға алды.
А.Затаевич алғаш рет қазақтың халықтық му­зыкасы шығармаларымен 1920 жылдың басында, Орынборда жүрген кезінен-ақ таныса бастайды. Сол кезеңнен бастап ол өзінің болашақ қызметін аспаптық мұралардың тамаша үлгілерін жинау, оны насихаттаумен тығыз байланыстырады. Халықтық кәсіби әнші-күйшілерінің шығармашылық қызметін, олардың орындаушылық шеберліктерінің сырын ашып, өте құнды мағлұматтар жинады. Ақан сері, Біржан сал, Абай, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Құрманғазы, Мұхит, Дәулеткерей, Тәттімбет сияқты небір өнер тарландарының туындыларын алғаш рет Затаевич жарыққа шығарды.
Қазақ халқының музыка мұрасын сақтап келген 500-ге жуық өнерпаз – Майра Шамсудинова, Әміре Қашаубаевтар бастаған Ғ.Айтбаев, Қ.Байжанов, М.Бөкейханов пен Н.Бөкейханов, Ғ.Мұхитов пен Ш.Мұхитов, ғылым қайраткерлері Ә.Марғұлан, Қ.Сәт­баев, М.Бөжеев, әдебиет және өнер қай­рат­керлері А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, Ә.Бө­кейхан, Ж.Шанин тәрізді ұлт жанашырлары өздері білетін ән-күйлерді Затаевичке айтып, жаздырды. Осы салада А.Жұбанов, Е.Брусиловский, Б.Ерза­кович, М.Төлебаев, Л.Хамиди сияқты талантты тұл­ғалардың еңбектері орасан.
Сөйтіп, 1920 жылдың көктемінен бастап 1923 жылдың аяғына дейін, аш-жалаңаш жүріп, жол қиындықтарына қарамай, А.Затаевич қазақтың 1000 әнін жинап нотаға түсіреді. 1925 жылы Мәскеуде «Қазақ халқының 100 әні», 1933 жылы «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты этнографиялық жинақтары шықты.
«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музы­камыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деген Елбасы сөзінің мәні жоғары.
«Қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні» сөз жоқ, сү­белі еңбек. Алайда оны кез келген уақытта екінің бі­рінің тыңдауға мүмкіндік жоқ. Сатып аламын десеңіз бағасы қымбат, ал ғаламтордағы нұсқасын тыңдауға болса да көшіріп алудың қиындығы тағы бар. Мемлекеттің «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жинақталған құнды рухани мұраны халық жаппай пайдалана алмаса не қайыр? Қазақстанның эфир кеңістігін жалға алып отырған радиолардың осынау бай мұраны насихаттауға келгенде неге кежегесі кейін тарта қалады?
Қазақтың ән қоры жинаққа енген «1000 әнмен» ғана шектелмесе керек. Шетелдегі, әсіресе Қытай мен Моңғолиядағы қандастарымыз арасында қазақ әндерінің бай, бізге бейтаныс қоры бар. Сол ха­лықтық мұраны қара шаңырақтағы алтын сандыққа топтау ісі неліктен жүйеленбей отыр? Бұл бағыттағы зерделі зерттеуді қолға алатын кім бар?
Әлде «Қайдасың, Затаевич?» деп жаһанға жар саламыз ба?!.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*