САҒЫНТАЕВ МИНИСТРДІ СЫНҒА АЛДЫ

895
0
Бөлісу:

Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысы сынға ұшырады. Өйткені менингитке қарсы күрес жұмыстарында жариялылық жоқ, ел өзін мазалаған сұрақтарға жауап таппауда, ал таратылған ұсыным-кеңестер халық көңілінде қанағаттанушылық емес, керісінше қорқыныш сезімін тудыруда.

Мәселен, осыдан біраз бұрын Денсаулық сақтау министрлігі айтпай келген індеттен қалай қорғанудың жолдары көрсетілген инфографика таратты. Онда елдің есін алған жұқпалы ауруға душар болмау үшін «адамдар көп жиналған орындардан бойды аулақ ұстауға» (орысша нұсқасы: «избегать мест массового скопления людей») кеңес беріледі. Бұл адамдар шынында көп жиналатын үлкен ұжымдардың үрейін ұшырыпты. Содан жұмысшылары жаппай жұмысқа шықпай қалып, өндірістің дағдаруынан қауіптенген ірі кәсіпорындардың бірінің басшысы тікелей Үкімет жетекшісінің кабинетін қаққан.
– Мысалы, менің қабылдауыма отандық ірі кәсіпорынның басшысы кіріп, ашық сұрады: «Жұмыс­шыларымның бәріне жаппай егу жұмыс­та­рын жүргізейін бе, жүргізбеймін бе? Маған соны ашып айтыңыздар! Өйткені жұмыс­шы­ларымның ара­сында алаңдаушылық басым» дейді ол. Мұны айтып, түсіндіріп жатқан да ешкім жоқ, – деді министрге Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев.
Ол өз еркімен екпе алуды қалаған қазақстандық­тардың медицина саласындағы алыпсатарлыққа маңдай соққанына қынжылыс білдірді:
– Вакцинаның бағасы өте қымбат. Бір облыста ол әр адам үшін 20 мың теңгедей тұрады, ал басқа өңір­де тіпті 40 мың теңге сұрайды. Осындай жағ­дай болып жатқан кезде, құрметті әкім мыр­за­лар, сіздер де бақылауға алып, керегінше көмек көрсетіп, бағасын түсіруіміз керек. Дүрбе­лең­ге жол бермейік, – деп Үкімет жетекшісі қажет болып жатса, қымбат вакцинаны жергілікті бюджеттен субси­диялау мүмкіндігін қарастыру жайына назар аудартты.
Тағы бір түйткіл Денсаулық сақтау министрлігі енгізген, азаматтарды тұрғылықты жері бойынша емханалар мен ауруханаларға тіркейтін тәжірибеге қатысты туындауда. Бұл жүйенің індет кезінде адам шығынын ұлғайтуға қызмет ететіні әшкереленуде. Осы орайда Үкімет басшысы Алматы облысында менингококк инфекциясынан жас ана мен сәбидің қаза табуына қатысты оқиғаны еске түсірді. Алматылық Аида Ахметова ақпарат құрал­да­рына берген сұхбатында хал үстінде жатқан 19 жасар келінін дәрігерлердің Талғардан Қаскелеңге дейін тасымалдауға мәжбүр болғанын мәлімдеді. Өйткені «ақ халаттылар» бұйрық бойын­­ша іргедегі Алматы қаласы облыс тұрғын­да­рын қабыл­да­майтынын, оларға арналған таяу маң­дағы жұқпалы аурулар ауруханасы тек Қаске­лең­де ғана барлығын алға тартқан.
– «Облыстық науқас», «қалалық науқас» деп бөліп, сырқаттарды ауруханалар қабылдамай жатыр. Мұндай мәселелерді жедел шешуге тиіс­сіздер. Оқып жатырмыз, сырқатты Талғардан Қаскелеңге дейін 2 сағаттай тасымалдаған. Ал ана немересінен 3 сағат ішінде айырылып қалғанын айтады. Талғардан Қаскелеңге дейін жеткенше қай заман?! Оны Алматыға апарып орналастыруға неге болмайды? Неге жедел түрде бұйрық беріп, жөнге сал­м­айсыздар? Бұл әкімдерге байланысты болса, олар­мен тиісті жұмыс жүргізу керек. «Аталған инфек­цияны жұқтырғандардың барлығын еште­ңе­ге қарамастан, бірден қабылдау қажет» деп барлық емдеу мекемелеріне нұсқау берілуі керек. Бұл жөнінен кемшіліктер бар жұмыста, Елжан Амантайұлы, – деп бас шайқады министрге қайырылған Бақытжан Сағынтаев.
Ол Денсаулық сақтау министріне Алматы өңірінде қалыптасқан ахуалды «көзімен көріп, қажетті шешімдер қабылдап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді» тапсырды.
Өз кезегінде, Елжан Біртанов қауіпті әрі жұқпалы дертке шалдыққандарды тұрғылықты жеріне қарай бөле-жармай, жедел ем-дом көрсету жөнінде бұйрық бергенін, бірақ жергілікті Денсаулық сақтау органдарының құжаттарында ол ескерілмегенін айтып, ақталды.
– «Қазақстандағы жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» №450 бұйры­ғына сәйкес, кезек күттірмейтін жағдайлар кезін­де медициналық көмек жақын жердегі медици­на­лық ұйымда көрсетілуге тиіс. Облыстар­дың емдеуге жатқызу тәртібі жөніндегі барлық бұйрықтары Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына сәйкес келтірілуі қажет. Республи­ка­лық штаб бекіткен арнайы жоспар бойынша іс-шара­лардың жүргізілу тиімділігін бағалау мақ­сатында бүгін Алматы қаласына және Алма­ты облысына сапарға шығамын. Іссапар қоры­тындысы бойынша қажет болса, қабылда­на­тын шараларға өзгерістер енгізіледі, – деді Е.Біртанов.
Ол Денсаулық сақтау министрлігі жанынан жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі арнайы республикалық штаб құрылғанын айтты. Дәл сондай штабтар өңірлік деңгейлерде де түндігін жаңадан түріпті.
«Олар жағдайды тұрақтандыру бойынша күнделікті қабылданатын іс-шараларды жүзеге асыруда және үйлестіруде. 31 мамырда менин­гококк инфекциясымен дерттенуге қарсы кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Құрметті, Бақытжан Әбдірұлы! Денсаулық сақтау басқармалары өңірлік штабтардың жұмысын тиісті дәрежеде жүргізуді және республикалық штабтың жоспары мен тапсы­р­маларын мүлтіксіз орындауды қамтамасыз етуі үшін облыс әкімдеріне тапсырма беруді сұрай­мын» деп министр жауапкершілікті өңірлерге жылжытты.
Осы тұста Үкімет басшысы аталған штабтардың жұмысында жариялылық жоқтығын атап өтті. Шынында, штабтың немен айналысып жатқаны­нан журналистер де байхабар.
– Менингит ауруына қатысты мәселе халық арасында үлкен алаңдаушылық туғызуда. Сол себепті, біріншіден, халық арасында үрей тудырмау үшін менингококк инфекциясының жағдайына қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандан­дыруды тапсырамын. Екіншіден, Денсау­лық сақтау министрлігі мен әкімдер орталықта және жергілікті жерлерде құрылған әлгі штабтар­дың жұмысының толық ашықтығын қамтамасыз етулері керек. Осы жиынға әкімдер қатысып отыр. Өз өңірлеріңізде атқарылып жатқан шаралар туралы жұртшылыққа жедел әрі ашық хабарлап тұрыңыздар. Әрбір болған жағдайға түсініктеме берілуі керек, – деп нықтады Б.Сағынтаев.
Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, Қазақстанда 2018 жылдың басынан бері өлім қаупі жоғары бактериялық менингококк инфекциясы күдігімен 593 адам қаралды. Олардың ішінде 213 адам ауруханаға емдеуге жатқызылған. Олардың арасынан 58 сырқатта менингококк инфекция­сы­ның диагнозы расталды. 14 жасқа дейінгі балалар саны – 21. Бұл аурудан 13 адамның өлімі тіркелді. Оның ішінде Алматы облысында төртеу, Қызы­л­ор­­да облысында біреу, Оңтүстік Қазақстан облы­сын­да екі және Алматы қаласында алты адам. Өкініш­ке қарай, қайтыс болған науқастардың арасындағы алтауы – балалар.
Сырқаттармен қарым-қатынаста болған 4136 адам анықталған, барлығына антибиотик профи­лакти­касы курсы тағайындалды. Бүгінде 3438 адамға емдеу курсы аяқталып, 698 адам жалғастыру­да.
Қазақстанда менингитпен сырқаттану бойын­ша ең жоғары сан 2015 жыл үлесінде, сол жылы 424 адам ауырған екен.
Үкімет мүшелері осы отырыста, күн тәртібіне сәйкес, Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасын іске асыру бары­­сын талқыға салды. Сондай-ақ Қазақстанның VII азаматтық форумының ұсынымдарын іске асыру барысы пысықталды. Бұдан бөлек елімізде элек­тронды коммерцияны дамыту мәселелері қаралды.
Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменовтің айтуынша, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен «Электронды сауданы дамыту­дың жол картасы» аясында жұмыс басталғалы бері оң үрдістер байқалады. Ресми статистика бойынша, 2017 жылы еліміздің электронды сауда нарығының көлемі 107 млрд теңгені құрады. Рас, бұл бөлшек тауарайналымының жалпы көлемінің тек 1,2 пайызы. Дегенмен сала қарқын алуда. 2018 жылдың небәрі 5 айында электронды сауда нарығы­ның көлемі 101 млрд теңгеге немесе бөлшек тауарайналымының жалпы көлемінің 2,9 пайызына жетті. Яғни, бірден екі есе өскен.
2018 жылдың басынан бері 110 жаңа электронды сауда субъектілері тіркелді. Отандық нарықта 1700 интернет-дүкендер жұмыс жасайды, онда сатып алушылар саны 1,5 млн адамға дейін өсті. Жеткізіл­ген тауар көлемі 2017 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 7 млн данадан 12 миллионға дейін, яғни 58 пайызға өсті.
Қабылданған жаңа Салық кодексі шеңберінде «интернет-дүкен», «интернет-алаң», «тауарлармен электронды сауда» терминдері анықталды. Электронды сауда саласын корпоративтік және жеке табыс салықтарын төлеуден бес жылға босату бойынша жеңілдіктер күшіне енді. Оларды пайдалану үшін бірнеше шарт орындалуы керек. Бұлар – «мәмілелер электронды түрде рәсімделуі қажет», «тауарлар ақысының кемінде 90 пайызы қолма-қол ақшасыз төленуге тиіс», «компанияның тауарды сатып алушыға жеткізу бойынша жеке қызметі немесе логистикалық компаниялармен келісімшарты болуы міндет».
– Ұлттық банк ұялы телефонды пайдалану арқылы жылдам төлем жасау жүйесінің жобасын әзірледі. Жүйе келесі қағидаттарға құрылған: ұялы телефон нөмірі бойынша төлемдер мен ақша аударым­дарын жүзеге асыру мүмкін болады, төлем­дерді жылдам рәсімдеуге және алушыға лезде ақша аударуға жол ашылады, жүйе тәулік бойы жұмыс істейді, онда банкаралық комиссиялар болмайды. Жүйені пилоттық тәртіпте тестілеу 2018 жылғы тамыз айында жоспарланып отыр, – деді Тимур Сүлейменов.
Сонымен бірге, «Қазпоштаның» карточкалық процессингі базасында «электронды әмиян» құрылады.
«Онда азаматтың телефон нөмірі сол адамды куәландырушы идентификатордың рөлін атқарады. Бұл үшін сол нөмірге SMS-коды келіп түседі. Тұтынушы рost.kz сайтында тіркеледі және өзіне электронды әмиян ашады. Оны «Қазпошта» картасымен немесе кез келген банктің картасымен толық­тыра алады. Электронды әмиян 2018 жыл­дың мамыр айында іске қосылды. Ол қазақ­стан­дықтарға ұялы байланыс, мемлекеттік қызметтер, айыппұлдар, салықтар, коммуналдық қызмет­тер­дің және тағы басқа ақы-төлемдерді төлеу үшін қолданылады» деді Ұлттық экономика министрі.
Жалпы, электронды сауда саласында жүргізіліп жатқан іс-шаралар экономиканың басым салаларының бірі ретінде сауда саласын одан ары дамытуға мүмкіндік береді. Болашақта олар базарларды да ауыстырады деп күтілуде. Осылай­ша, «2022 жылы электронды сауда үлесін 2,6 пайызға дейін ұлғайту және электронды сауда саласы мен оған байланысты салаларда 200 мың жұмыс орнын құру» көзделіп отыр.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, елімізде интернетті пайдаланушылар саны 2017 жылы 78,8 пайызға жетіпті. 2021 жылға қарай ауылдардың көбін кең- жолақты интернетпен қамту көзделген. Ол ақпараттық-коммуникациялық инфра­құрылымды дамыту электронды коммерцияны жан-жақты өркендетуге жағдай жасайтынын жеткізді.
Мәселені талқылауды қорытқан Премьер-министр Б.Сағынтаев электронды коммерция «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының басым міндеттерінің бірі ретінде анықталғанын атап өтті.
«Болашақ электронды коммерциямен тығыз байланысты. Мемлекеттік бағдарламаны қабылдау кезінде 2022 жылға қарай аталған салада 200 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарладық. Алайда тек осы жылдың бес айының өзінде 40 мың жұмыс орны ашылды. Бұл онлайн сауданың үлкен әлеуетін көрсетеді. Еліміздің транзиттік әлеуетін пайдаланып, бұл саланы дамытуға ұмтылып жүрген әкімдерге қолдау көрсету қажет» деді Үкімет басшысы.
Бұл саланы бақылау Вице-премьер Асқар Жұмағалиевке жүктелді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*