Шымкент – үшінші мегаполис

1488
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қа­зақ­стан агломерацияны дамыту стра­те­гиясын жүзеге асыруды бастады. Егер бізде бұ­ған дейін миллион тұрғыны бар тек Ал­ма­ты қаласы болса, қазір үш мегаполисіміз бар – Алматы, Астана және Шымкент қа­­­лалары…» деген болатын. 

Жуырда Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның әкімі Ж.Түймебаев пен Шымкент қа­ласының әкімі Н.Сауранбаев Шым­кент­тің мегаполис атануына орай қала тұр­ғындары­на үндеу жолдап, құттықтады. Қа­зақстанның үшінші мегаполисі атанған осы­нау тарихи маңызды оқиғамен құттық­та­ған үндеуде «Миллионер қала – әр­дайым жаңа идеялар, жобалар мен жос­пар­лар, ауқымды инвестициялар. Барлығы қ­ала­ның дамуына жаңа серпін береді. Шым­кент бұл мәртебелі деңгейге ғасырлар бойы жетті. Бізді алда үлкен өзгерістер кү­тіп тұр. Ең бастысы бұл жаңалық Шым­кент қала­сын одан әрі дамытуға жаңа мүмкін­дік­тер туғызып, әрбір қалалықтың өмі­ріне жаңа серпін береді, оң әсерін ти­гізе­ді деп сенеміз. Бұл – сонымен қатар біз үшін асқан жауапкершілік» деген сөй­лемдер бар.
Шымкент қаласының 5000-ға жуық тұр­­­ғыны осынау тарихи сәтте әл-Фараби алаңы­на шығып жерде жатып серпілу жа­­­саудан жарыс өткізді. Ерекше флеш­моб­қа Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сау­ранбаев та қатысып, спорттық бағдар­ла­маны толық орындап шықты. Спорттық рекордты «КИнЭС – 2018» қазақстандық ре­­кордтар кітабының өкілдері тіркеп, ар­найы сертификат тапсырды.
Ал осы кезде…
Шымкент қалалық мәслихатының ке­зектен тыс ХХІХ сессиясында депутаттарға Шым­кент қаласы халқының бір миллион­ға жетуіне орай қалаға мегаполис статусын беру ұсынылды. Аталған ұсынысты қол­да­ған депутаттар Шымкент қала­сы­на республикалық маңызы бар қала мәр­те­бесін беру туралы шешімге сессия оты­рысында қала әкімдігімен бірлесе отырып тарихи құ­жат­қа қол қойды. Енді бұл құжат Оңтүс­тік Қазақстан облыстық мәслихатының қарауына ұсынылады.
Сессияда облыс әкімі Ж.Түймебаев бұл Шымкент қалалық мәслихатының VI ша­қырылымдағы депутаттары кезектен тыс ХХІХ сессиясында ел өмірі үшін маңыз­ды мәселеге дауыс бергенін атап өтті. «Ел­ба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың бас­тамасымен бірнеше жыл бұрын Шым­қаланы миллион тұрғыны бар орталыққа ай­налдыру бастамасы көтерілген болатын. Енді міне, сол мақсат жүзеге асып, Шым­кент еліміздегі миллион халқы бар үш қа­ла­ның біріне айналды. Құттықтаймын! Біз­дің сүйікті қаламыздың орны өңір үшін ға­на емес, Қазақстан үшін де айрықша маңыз­ға ие. Ұлы Жібек жолының бойын­да­ғы бұл шаһардың тарихы мен тамыры тым тереңде жатыр. Орта Азиядағы сан ға­сырлық ғұмыры бар санаулы қалалардың бірі болған Шымкент, енді бірегейіне ай­налу бағытына түсті. Мұның барлығы бізге зор мақтанышпен қатар, үлкен жауап­кер­шілік жүктейді» деді ол.
Еске салсақ, 1993 жылы 8 желтоқ­сан­да­ғы №2572-ХІІ «Қазақстан Республи­ка­сы­ның әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы тура­лы» Заңында республикалық маңызы бар қалаларға – халқының саны бiр мил­лион адамнан асатын елдiмекендер жата­ды деп көрсетілген. Жиын соңында қала әкі­мі Н.Сауранбаев алда атқарар жос­пар­дың көп екенін, оның барлығы мәслихат депуттары мен қала тұрғындарының қол­дауы­мен ғана жүзеге асатынын айтып, ал­да­ғы уақытта бірлесе жұмыс істеуге ша­қыр­ды.
Сессия барысында облыстың әлеу­мет­тік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қос­қан бірқатар азаматтар «Облысқа сіңір­ген еңбегі үшін» медалімен және об­лыс әкімінің Құрмет грамотасымен мара­пат­талды.
Е.МҰРАТБЕК,
Оңтүстік Қазақстан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*