Елорда – елдіктің мекені

583
0
Бөлісу:

Биыл жиырма жылдығын атап өткелі отырған Астана еліміздің саяси, экономикалық және мәдени орталығы ғана емес, сонымен бірге дипломатияның, бітімгерлік пен халықаралық дамудың негізгі алаңына айналды. Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының ұйытқы болуымен өткен «Астана – бейбітшілік қаласы» атты халықаралық конференция қатысушылары айтқан тоғыз ауыз сөздің түйіні осылай болды. Астананы барлық қырынан талдап, таразылаған жиынға әр жылдары елордада өткен халықаралық шаралар мен күрделі процестерге қатысқан халықаралық ұйым өкілдері мен сарапшылар қатысты.

«Кез келген қала үшін 20 жыл аса үлкен мер­зім емес, соған қарамастан қала халқы үш жарым есе өсіп, миллионнан асты. Жыл­дық инвестиция көлемі 44 есе өсті. Ас­та­наның осылай қарқынды дамуы қаламызды заманауи урбанизация үлгісі етіп отыр» деді жиында сөз алған Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев.
Оның айтуынша, Астана алдағы уақытта әлем­нің 50 интеллектуалды әрі заманауи қа­лаларының қатарына кіруді мақсат етіп отыр. Конференцияның панельді отыры­сындағы пікірталасқа қатысушылар бас қа­ла­мыздың болашағына сеніммен қарайтын болып шықты. Мәселен, Еуропалық одақ­тың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Буриа Қазақстанның аймақтық се­ріктестік пен тұрақты даму бағытындағы қа­­дамының сәтті боларына сенімді. Со­ны­мен бірге Еуропалық одақтың бұл бағытта қолдау білдіретінін айтады. Оның айтуын­ша, Еуропалық одақ біздің өңірдегі геосаяси ойындарға араласуға ниетті емес. Керісінше, конструктивті түрде серіктесіп, осы ай­мақ­тың тұрақты дамуына, гүлдену процесіне үлес қосуды көздейді.
«Біз сіздердің аймақтарыңызда серіктесе ең­бек етсек, 2017 жылғы стратегияны жаңар­тып, аймақтағы жаңа жағдайларға бейім­дел­сек дейміз. Сонымен бірге, біздің серік­тес­­тердің қажеттілігін толығымен қа­на­ғат­тандыру жағын да ойластырсақ. Ме­нің ойымша, экономикалық серіктестікті бұдан да нығайтып, технологиялар алмасу жағын да ойластыру керек. Еуропалық одақ сіздермен әрдайым серіктестікке дайын» деді ол.
Италияның бұрынғы Сыртқы істер ми­нистрі Франко Фраттинини Астанаға екін­ші рет ат басын бұрып отыр. 2010 жылы Ита­лия үкіметінің атынан ЕҚЫҰ саммитіне кел­ген ол негізінен сол кезде қабылданған Ас­тана декларациясына тоқталды.
«Арада біраз жыл өтті, бүгінгі күні жаң­ғыру бағытында декларацияда көр­сетіл­ген­дей жұмыстар жүргізілген. Десе де, әлі де қол­ға алатын шаруа жоқ емес. Себебі, Аста­на декларациясы – жаһандық деңгейде алға басушылыққа қол жеткізуге мүмкіндік бере­тін құжат. ЕҚЫҰ бәлкім осыған байла­нысты әлі де шешуші ойыншылардың бірі бо­лып қалуы мүмкін. Себебі, Астана дек­лара­циясында жаһандық маңызды мәсе­лелерге орын берілген болатын. Нақтыласам Еуроатлантикалық және Еуразиялық бір­лестік туралы сөз қозғалған. Бұл – қауіп­сіз­дік­ке қатысты мәселелердің шешіміне ар­нал­ған жаһандық жүйе. Екіншіден, Таяу Шығыстағы жағдайды ретке келтіру. Бұл – дағдарыс аумағы. Бұл да барлық ірі ойын­шылармен жаһандық деңгейде бірлесе талқылайтын мәселе» деген Франко Фрат­тинини «Сириядағы мәселелер бойынша Ас­тана процесі дәл уақытылы жасалған қа­дам, Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл жұ­мысты өз уақытында бастады» деп қо­рыт­ты сөзін.
Сирия бойынша Астана процесі туралы БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі ар­найы өкілінің орынбасары Рамзи Еззельдин Рамзи кеңінен сөз етті. Ол әуелі жиын қа­тысу­шыларына БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутеррештің арнайы сәлемін жеткізді.
«Ол Сириядағы мәселенің бітім­гер­лік­пен шешілуіне үлкен үлес қосып отыр. Бұл Сирия тұрғысынан өте маңызды. Сирия мә­селесі бүкіләлемдік қауымдастықты алаң­­датып отыр. Бұл ретте Қазақстанның Си­риядағы жағдайдың тұрақталуына қосып жатқан үлесі зор. Астана процесі – Си­рия­дағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бейбіт алаң. Оның екі маңызды үлесі бар. Біріншісі, бейбіт процестің орнауына үлес қосады және қақтығыстан ада аймақтардың қалыптасуына серпін береді. Осы тұрғыда Астана процесі ауқымды жұмыс атқарды. Астанада Сирия жағдайы бойынша саяси тұрғыда үлкен жетістікке қол жеткізілді» деген ол, соңғы уақытта Сирия аумағында көз жұмғандар санының азайғаны, соғыс аумақтарының азайғанын мысалға келді. Ол бұл жетістіктің сыры – Астананың әлемдегі ірі геосаяси ойыншылармен белгілі бір те­пе-теңдікке негізделген саясат жүргізе білуін­де, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көпвекторлы саясатты ұс­тануында жатыр дейді.
Айта кетейік, Қазақстан жеті жылдан бе­рі Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше. Қа­зақстанның осы ұйымдағы орны туралы ИЫҰ-ның тоғызыншы бас хатшысы Эк­мелледин Ихсаноглу былай дейді: «Қа­зақ­стан ИЫҰ-да қалай жетекші рөлге ие болды деген сұрақ туындайды. Орталық Азияның 5 елі тәуелсіздік алған кезде, үшеуі ИЫҰ-ға мү­шелікке жылдам өтті. Қазақстан басынан бас­тап даналыққа негізделген саясат жүр­гізді. ИЫҰ осыдан кейін аймақта БҰҰ-дан кейінгі ірі халықаралық ұйымға айналды. Қа­зақстанның тепе-теңдікке негізделген сая­сатын жоғары бағалаймын. Қазақстан 2015 жылғы ИЫҰ саммитінен кейін жаңа бағ­дарлама қабылдады. Бүгіндері ИЫҰ та­лап­тарына сай бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырып келеді».
Елбасымыздың бастамасы негізінде құ­рылған Азиядағы өзара ықпалдастық және се­нім шаралары жөніндегі кеңес хатшылы­ғының атқарушы директоры Гун Цзяньвэй Астананы салиқалы саясат ұстануға шақы­ратын бейбітшілік қаласы деп бағалады. Айта кетсек, Азиядағы өзара сенім мен ын­тымақтастықтың аймақтағы қауіпсіздік тұр­ғысынан маңызы өте зор. Аталған ұйым­ды құру туралы бастама Азиядағы сенім мен ын­тымақтастықты дамытуға жаңа серпін бе­реді деген сенім бар. Бүгіндері бұл ұйымға 26 мемлекет мүше.
«Қалай десек те, Астана халықаралық жиын­дар өтетін ірі платформаға айналды, әлем­дік саясатқа өз көзқарасын өткізуге ба­рын салып келеді. Оның нәтижесі әлемде бей­біт өмірдің салтанат құруына ықпал етсе, қауіпсіздігімізге кепіл болары анық. Мұн­дай нәтижеге жасы жиырмаға енді жет­кен қаланың қол жеткізуі, расында айтуға татиды» деген конференция қатысушылары жиын соңында Үндеу қабылдады.
Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының съездері XXI ға­сырда бейбітшілікке, әділеттілікке және қауіп­сіздікке қол жеткізу үшін дінаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетуге қос­қан үлесі айтылған.
Қазақстанның жас астанасында өткен Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шара­лары жөніндегі кеңестің, Шанхай ынтымақ­тастық ұйымының, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының, Ұжымдық қауіпсіздік тура­лы шарт ұйымының, Түркітілдес мем­ле­кет­тердің Ынтымақтастық кеңесінің саммит­тері, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері бас­шыларының алғашқы консультативтік жұм­ыс кездесулері, Сириядағы зорлық-зом­былықты тоқтату бойынша келіс­сөз­дердің оң нәтиже берерінен үмітте­не­тіні жа­зылған.
Астана экономикалық форумы, Еура­зия­лық медиа форумы және «Астана клубы­ның» отырыстары аясында қазіргі заманғы адамзат өркениетінің маңызды мәселелері тал­қыланып, оларды шешу идеялары ұсы­ны­лып келе жатқаны да тілге тиек болған.
ЕХРО – 2017 инфрақұрылымы негізінде «Ас­тана» халықаралық қаржы орталығын, Жа­сыл технологиялар және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын және IT-стартаптар технопаркін құруды қол­дай­тындарын жеткізген.
Үндеуде айтылған оқиғалардың аста­рын­да Президент Н.Назарбаевтың сенімді­лік­ті, қауіпсіздікті және өзара іс-қимылды өңір­лік және жаһандық деңгейде нығайтуға бағыт­талған дәйекті саясаты жатқанын атап өткен.
Мемлекеттер арасындағы барлық даулар бей­біт диалог және бейбітшілік пен қауіп­сіздікке, өзара сыйластыққа, ішкі істерге ара­ласпауға тең жауапкершілік қағидат­тарына негізделген сындарлы келіссөздер арқылы реттелуі тиіс деген шешімге тоқ­та­ған. Еуразия жүрегінде орналасқан зама­науи, көрікті әрі қарқынды дамып жатқан Аста­на халықаралық бейбітшілікті, қауіп­сіздікті және амандық пен саулықты қалып­тас­тыруда әлі де маңызды рөл атқаратынына се­н­ім білдірген.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*