Тамыры терең Астана

Астанаға келген адамды осынау ғажайып өлкенің толып жатқан құпиялары қызықтырады. Біздің мақсат – Астана қаласының ғасырлар мен мыңжылдықтарға табан тіреген тамаша тарихына барлау жасау, тарихи жадыны жаңғырту және Елбасымыз айтқан ұлттық қасиетімізді сақтаған кілт ұғымдарға, елорданың ерте замандағы ескерткіштерін сақтауға қатысты ұсыныс жасау.
Қазір Астананың халқы 1 миллионға жуықтады, соның ішінде қаншасы бұл өңірдің бұрын Қараөткел атанғанын біледі? Қаладағы Нұра өзенінің жағасында Тайтөбе аталатын төбе бар, осы төбенің аты қандай мағына береді? Астананың орталығындағы Сине-Темпоренің арғы тарихы бар ма? Әлде кейін пайда болған құрылыс па? Осының бәрі де астаналықтар мен жалпы қазақстандықтар үшін тек қызықты тақырып қана емес, тарихи таным мен отаншылдықтың көзі. Алдымен, Қараөткелден бастағымыз келіп отыр. Бұл қай жерде болды, қай заманнан басталады?
Қараөткел – ерте замандардан бері Ұлы даланың ірі сауда орталықтарының бірі болған жер. Оған бір дәлел Қараөткел маңындағы ерте түрік көшпелі және отырықшы елдерінің толып жатқан қорған-обалары мен қалалық қоныстары. Ю.Шмидт өзінің «Очерки киргизской степи к югу от Арало-Иртышского водораздела в Акмолинской области» кітабында Қараөткел туралы (Карауткульский брод. Шириною 35 сажен (1 сажын-2,1336 м-Ж.А.), глубиною по спаде воды 1 аршин (1 аршын-71,12 см), дно твердое» деп сипаттама жасайды (с.128). Қараөткелге барлау жұмысымен ХІХ ғасыр басында келген подполковник Шубиннің Омбы облысының бастығы, генерал-лейтенант Де Сент-Лоранға Ақмола сыртқы округін ашу туралы 1830 жылғы рапортынан: «Место сие состоит над самой рекою Ишима, и оно безопасно от наводнения во время весны, где весьма можно свободно расположить построение казенных зданий и подле онаго пролегает караванная дорога, по которой из всех мест как то – Бухарии, Ташкении, Кокании, с Семи рек и прочих азиатских владений проходят торговцы с караванами на Петропавловск и из оного в те владения. Караваны сии имеют стечение всегда при урочище Карауткуль, которое отстоит от предпологаемого места только в 4 верстах. Они находятся тут по одному месяцу, а иногда и с половиною, разменивают один другому свои товары и напоследок так случается, что некоторые сбыв избыток свой или товар возвращаются в свои отечества».
Қазақтың ауыз әдебиетінде Қараөткел аты жиі кездеседі, ал әндері мен күйлеріне келсек, қазақ түгілі өзін «шалақазақпын» дейтін Ғазиз ақынның: «Атандым Ғазиз ақын бала жастан, Ақын жоқ Қараөткелде менен асқан» деген өлең жолдарын еске түсірсек болар. Қараөткел – қазақ баласы бірнеше ұрпақ бойы армандаған қазақтың тәуелсіз өз Астанасы. Қала сәулетінен дүниенің төрт торабының үлгілерін көреміз, осы төрт тораптың басын қосып тұратын қаланың өзіндік тарихы, қазақ аталатын бәйтеректің өзегіне жалғасатын тамыры болуы керек.
Біздің ұсынысымыз – Қараөткелге арналған белгі жоқ. Ең болмағанда, өткелдің аузына тақта орнатылмаған. Кенесары көшесі сол Қараөткелден басталады, неге қала әкімшілігіне сол жерге сәнді бір ескерткіш орнатпасқа?!
Екіншіден, қазіргі күні астаналықтардан, жалпы қазақстандықтардан біздің байтағымыздың ең көне ескерткіші қайсы деп сұрасаңыз, Бұзоқты айтады. Астананың ең ескі құрылыстары қаланың өз ішінде, оның ең мықты ескерткіші – қазіргі Сине-Темпоре, бұрынғы Керуен сарай. Ресей осы жерге келіп, бекініс қорғанын салған соң Керуен сарайды «Гостиный двор» деп атады. Кейін Кеңес үкіметі орнаған. Керуен сарайды «ЦУМ» деп өзгертті. Ал Тәуелсіздік алғалы бері Сине-Темпоре деген атауды малданып жүрміз. Осы мағынасыз Сине-Темпоре атауы «Керуен сарай» болып өзгерсе, деген ұсыныс-тілегіміз бар.
Қараөткелдің орталық бөлігінде салмақты зерттеу жұмыстары жүргізілсе, Керуен сарайдан басқа да егінші, қолөнерші, саудагер қауымдардың отырықшы қоныстары табылатыны сөзсіз. Бұл зерттеуді біз Сине-Темпоре қабырғасына «бұл жерде ежелгі замандардан бері Керуен сарай болды» деген ескерткіш тақтадан бастауымыз керек.
Үшіншіден, Есіл мен Нұра арасындағы жадағай, жайлы өлкеде Тайтөбеден биік жер де жоқ. Оның басына шықсаң, көз жетер маңайдың бәрі алақанға қойғандай көрініп тұрады.
Біздің қолымыздағы барлық деректерді салыстыра қарасақ, қазақ «Ақ мола» атап кеткен ортағасырлық кесене Тайтөбенің басында тұрған. «Мола» атауы антика дәуірі тарихшыларының, мысалы Прокопидің еңбектерінде «мола» сөзі «қамал» мағынасында қолданылады. Тайтөбе басында күйдірілген кірпіш ізі жоқ, осыған қарағанда, Ақмола «Домбауыл», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» ескерткіштері сияқты «дың» түрінде тастан қаланған шошақ құрылыс болды ма деп жобалаймыз. Тайтөбенің басында Сақ дәуірінің қорғандары және диаметрі көлемді қарауыл мұнара мен құрылыстың орны көрініп тұр. Әрине, мың жылдан аса аяқасты болып жатқан ескерткіштер тозады. Дегенмен әлі де Тайтөбенің көне тарихынан бағыт-бағдар беріп тұрған сол қорған-обаларға күтім керек-ақ.
Ақмола өңірі – қазақ хандарына мекен болған жер. 1825 жылғы атақты кеншілер әулетінің өкілі Демидов жазбаларында «По р.Нура вниз до р.Ишима к тому месту, где, по показаниям Шангина и Назарова, обе реки сии и теперь уже почти соединяются, где у горы Ак-Мулы кочует известный в степях хан Вали…» деген мәлімет бар.
Бұл атау – қазақ халқының эпикалық жырларына еніп кеткен белгілі топонимдердің бірі. «Тайтөбенің басында әкесі Ер Көкшенің кегін даулаған Ер Қосай мен Қобыландының арасында адам баласы бұрын-соңды көрмеген жекпе-жек болды» дейді Г.Потанин жазып алған қазақтың батырлық ертегілері. «Ер Көкше» мен «Ер Қосайдың» заманы деген қай уақыт мұғдарына келеді дегенге жауап беру өте қиын. Біздің ойымызша, Ғұн дәуірінен басталса керек.
Тайтөбе деген сөздің мағынасы да жауынгерлік заманнан өз шешімін табады, себебі «тай» сөзі оның ертеде қарауыл төбе қызметін атқарғанын білдіреді. Қазақ тіліндегі «тай» сөзінің түпкі мағынасы биік, дөңес, шатыр деген сипатта. Осыдан келіп «тай» сөзі күзет орны, қарауыл қарайтын жер, қарауыл басы деген мағынада дамыған. Көне түркі дәуірінде «тай бегі» (қарауыл басы), «тай білге тұтық» (қарауыл салығын жинаушы) деген мемлекеттік лауазымдар болған (Древнетюркский словарь. Л.,1969. с.527).
Тайтөбе – тарихи-мәдени қорық болуға лайық орын. Сондықтан ауыл, аудан, қала басшылары осы бір қасиетті төбені сақтауға, көркейтуге басты назар аударулары керек деген пікірдеміз. Бүгінгі күнге дейін біз қанша жазсақ та, Тайтөбе басына ескерткіш-тақта орнатылған жоқ, сол төбенің етегінен ақ балшық алып жатқан құрылысшылардан басқа ешкімге керегі болмай тұр.
Астана қаласының ортасымен өтетін кішкене Ақбұлақ өзенінің тарихы да қызық. Қариялардан сұрастырсақ, бұл өзеннің байырғы атауы – Ащыөзек. Ресей империясы заманында «Соляная балка» атанған дейді. Кеңес дәуіріндегі Гребной каналын, қазақшалап Есу каналы деп те атап жүрді. Қазіргі күні бұл жерге, Ащыөзекке еш қатысы жоқ Ақбұлақ атын бердік. Бұл өзенге өзінің байырғы атын қайтарып бергеніміз дұрыс. Ащыөзек – тарихи атау. Біздің қазіргі сөздік қорымыз сондай жұтаң, себебі тарихи атауларды жадыдан алып тастадық.
Әбден таптаурын болған Ақбұлаққа қарағанда, осы жердің табиғатын да, тарихын да ашып тұрған Ащыөзек тамаша атау емес пе?
Астана қаласының іргесінде орналасқан Күйгенжар өткелі туралы да өте қызықты деректер бар. Күйгенжарда 2013 жылғы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің экспедицияның зерттеу жұмыстары кезінде әз-Тәуке ханның жазғы ордасы табылды.
Әз-Тәуке ханның ордасы Күйгенжар маңында болды деген әңгіме ел арасында ертеден бар. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Археология және этнология» кафедрасының ғалымдары Күйгенжар маңында этноархеологиялық іздестіру жұмыстарын жүргізді. Есілдің осы Күйгенжар тұсында қазақтың бірнеше мың жылдық тарихына қатысты толып жатқан ескерткіштер кездеседі. Оның ішінде тас дәуірінің қоныстары мен қару-жарақтары, сақтардың жан-жағын орлаған үлкен обалары, ірілі-ұсақты қыстаулары мен қорымдары. Әсіресе, қазақтың қазіргі күнге дейін жалғасып келе жатқан қорымдары ашық аспан астындағы бірнеше мың жылдықтың мұражайы сияқты. Қазақ даласының қай жерінде болса да, өзіне дейінгі мәдениет ескерткіштерін жатсынбай, өзінің қорымы есебінде сақтаған елден айналсаң болмай ма? Ақыр түбінде әз-Тәуке ханның ордасы Күйгенжардың қорымының ішінен шықты. Қорғанның оңтүстік жағы – 60, солтүстік жағы – 40, ал ұзындығы – 100 метр. Бекініс қорғанның сыртынан да, ішінен де терең ор қазылған және ол орлар Есілмен арық арқылы жалғасады.
Әз-Тәуке ханның жазғы ордасына кіретін қақпа екеу болған екен. Оның бірі – шығыс жақтан, яғни негізгі дарбаза және екіншісі – батыс жақтан қосалқы қақпаның орны көрінеді. Қорғанның ішінде ескілікті саман мен шымнан салынған құрылыстардың орны аңғарылады, бірақ олардың не зират, не қоныс-жай екенін арнайы қазба жұмыстарын жүргізбей тұрып анықтау қиын. Біз «әз-Тәуке бекініс-қорғанның ішінде он екі қанат киіз үй тігіп отырды» деген жорамал ұсынамыз. Бүгінгі күні қорғанды бүкіл периметрі бойынша ХХ ғасырдың басынан бастап салынған зираттар қоршап тұр. Бірнеше құрылыс, соның ішінде христиан бейіттері, қорғанның ішіне де еніп кеткен.
Қазіргі уақытта әз-Тәуке ханның Есіл бойындағы, Астана іргесіндегі жазғы ордасы ерекше қамқорлықты қажет етеді. Астана қаласы әкімдігі бұл ғажап ескерткішті зерттеуге, не болмағанда, қорғауға қашан көңіл бөледі деп отырмыз.
Астана қаласының ескі бөлігіне тамаша көрік беріп тұрған құрылыстардың бірі – диірменші Моисеев үйі аталатын ғимарат. Өкінішке қарай, өлкетануға және қала құрылысына арналған әдебиетте бұл үйдің тарихы, оның алғашқы иесі туралы мәлімет аз. Қазіргі тарихшылар Совет заманында қалыптасқан сүрлеумен осы ескерткіш туралы сипаттаманы «Ескерткіш ғимараты Ақмола өңірінде Кеңес үкіметінің орнауымен тығыз байланысты» деп бастайды (Астана қаласының тарихи-мәдени мұрасы: ескерткіштер жинағы. Астана, 2011. 156-157-беттер). «Қараөткел диірменшілердің қаласы болды» дейді біздің қолымыздағы деректер. Диірмендердің көп болуына не себеп? Біздің ойымызша, ең басты себеп – Ақмоланың мал баққан қазақ баласы мекен еткен далалық алқаптардың шекарасында тұрған ең көрнекті қала екендігінде. Сонау Шу мен Сарысу бойындағы қазақ баласы қысы-жазы ұнды осы Қараөткелден алады. ХХ ғасырдың басындағы статистикалық деректерге жүгінсек, Ақмола уезі бойынша әр қазақ орта есепке шаққанда, жылына 9,5 пұт нан, 4 пұт ет жейді.
Ертеде Қараөткелдің жан-жағында жүздеген жел және су диірмендері болған. ХХ ғасырдың басында қаланы сипаттай келе П.Головачев: «Город окружен с одной стороны целой сотней ветряных мельниц» дейді. Нақты статистикалық деректерге қарағанда, Қараөткелде 1913 жылы 70 шақты жел диірмен болған. Есіл мен Нұра өзендерінің бойында, судың ағысын пайдаланып жасалған су диірмендерді ешкім санаған да жоқ шығар. Бұл дегеніңіз – нағыз «жасыл экономика» емес пе? Неге олардың бір-екеуін қайта қалпына келтірмеске? Бір жағынан, танымдық дерек, екінші жағынан, ағылып келіп жатқан туристерді алып баратын нысан болар еді.
ХХ ғасыр басында Қараөткелдің жалғыз фотографы К.Шахов түсірген суреттердің бірінен екі қабатты сәнді, еңселі құрылысты байқауға болады. Астыңғы қабаты кірпіштен, үсті ағаштан салынған өте сәнді үйдің бұрыштары мұнара тәрізді көтерілген. Шатыры көтеріңкі, орта тұсынан жоғары өрлеп ерекше сатыланған, терезе жақтаулары мен шатырдың етегі бай ою-өрнектермен безендірілген. Бұл үй Керуен сарай алаңын (қазіргі Сине-Темпоре маңы) Шіркеу көшесі бөліп тұр, қазіргі көшелер ретіне қарасақ, Абай мен Бейбітшіліктің қиылысы. Қазақстан үкіметі Ақмолаға көшіп келген уақытта осы үйдің орнына Парламент ғимараты салынды. К.Шахов фотосуретіндегі үйдің иесі – Ақмоланың атақты көпесі Ғалиасқар Халфин.
Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы орналасқан ғимараттың қабырғасына «Бұл жерде Ақмоланың атақты көпесі Ғалиасқар Халфинның үйі болған» деп неге жазып қоймасқа?!
ХІХ ғасырдың 20-жылдары Ресейдің қазақ жерінің солтүстік бөлігіне дендеп енуі, Жайық пен Ертіс бойынан қазақты оңтүстікке қарай ығыстыруы, әр жерде дуан орталықтарының салынуы көшпелі мал шаруашылығына аса қатты соққы болып тиді. Шоқан Уәлиханов пен Мұса Шормановтың Батыс Сібір генерал-губернаторының атына жазған арызында қазақтың «Жаңа низамға», яғни 1822-1824 жылдардағы реформаларға дейінгі заманда ауқатты өмір сүргені айтылады: «В старые времена, во время опустошительных войн и вседневной баранты, казахи были богаче, чем теперь, и повсеместные упадки случались редко… Что сибирские казахи были богаче до основания приказов (дуандардың ашылуы туралы – Ж.А.) – это факт, неподверженный ни малейшему сомнению: стоит только посмотреть на число скота, который был пригоняем на Оренбургскую и Сибирскую линии в конце прошлого и в начале нынешнего столетия, и на официальные исчисления 20-х и 30-х годов (XIX ғ. – Ж.А.). В эту последнюю эпоху было немало казахов, имевших 10-тысячные табуны лошадей».
Бұл жерде Шоқан мен Мұсаның айтып отырғаны – қазақтың даңқын шығарған Сапақ, Алдажұман, Азынабай және Бапақ сияқты Сарыарқада теңдесі жоқ атақты жылқылы байлар. Қайырусыз жылқы баққан қалың елді орыс отаршылдығына қарулы күреске шақырған Кенесары хан әуелі осы құт иелеріне сүйенді. Кенесары айтқан екен дейді: «Мақсатыма жету үшін Құдайдан Орта жүзді бер деп сұрадым, екінші, жаужүрек батырларды сұрадым, үшіншіден, Аққошқар мен Алдажұманды, Азынабайдың Сейтені мен Тайжанын сұрадым. Құдай бұл тілегімді берді. Бұлардың жылқысы менің әскеріме мінетін ат болды, ішетін ас болды деп есептедім. Сондықтан бұлар – менің досым, мен – бұлардың досымын. Өздерің білесіңдер, бұлар – Құдай еркелеткен адамдар. Құдай еркелеткен адамдарды мен де еркелетуім керек, Құдайдан үлкен емеспін».
Қазақ шежіресінде Азынабай балалары Сейтен мен Тайжанның орыс отаршыл үкіметіне қарсылығын осы Ақмола бекінісінің салынуымен байланыстырады. Бірталай деректерден Сейтен мен Тайжанның 1838 жылы Ақмола шабуылына тікелей қатысқанын көреміз. Саққұлақ шежіресінде «Келген бетте қол казармаға қарай бет қойып еді, алдынан бір-екі кісі оққа ұшып жығылған соң, тайып шыға берді. Сейтен, Тайжан екеуі қолына екі шиті мылтық ұстаған, екеуінің де белінде шашақты ақ найза, астарында ауызымен құс тістеген семізден қатырып тастаған екі боз ат. «Абылайлап» ұран салып шегінген қолды қайта серпіп, казармаға айдады. Бір кезде қол бет қойып, казармаға есік пен төрдей жер қалды. Сол кезде тесіктен атқан мылтық дүрс етіп, қолдың алдына түсіп, бастап жүрген Тайжанның атына оқ тиіп мұрттай ұшты, қатардан 4-5 адам жығылды. Қол қайта серпілді. Тайжан біреудің атының құйрығынан ұстап, ілесіп аман шығып кетті» деп, осы оқиға бүге-шігесіне дейін сипатталады.
Кенесарының Ақмолаға шабуылынан кейін Ресей бірден жазалау шараларына кірісіп кетті. 1838 жылдың шілде айының соңында жазған хабарында войсковой старшина Карбышев Сейтен мен Тайжан ауылдарын Жақсы-Қоң мен Қыпшақ өзендерінен жоғары Ұлытауға қарай өрлеп келе жатқан жерінен кездестірді. Осы жерде Сейтен мен Тайжанның шешелері, әйелдері, қыздары аманат есебінде тұтқындалды. Ақыр түбінде осы мәселе 1839 жылы жазғытұрым Сейтен мен Тайжанның өз еркімен орыс қолына түсуіне алып келеді.
Тайжанды қарала бағанға байлап, Ақмола бекінісінде атқаны да, сол жерде жерленгені де белгілі. Қазіргі көшелердің есебінен қарасақ, бекініс орны бір қапталынан Желтоқсан, екінші қапталынан Сарыарқа, қас бетінен Кенесары көшелерінің арасында. Бекіністің орталық алаңы – қазіргі күні Ирченко мен Красная көшелерінің қиылысына сәйкес келеді. Ендеше, Тайжан батырды да сол жерде атты деп болжам жасаймыз. Егер бір замандарда Тайжан Азынабайұлына арнап ескерткіш, не тақта орнатылатын болса, ол тура осы қиылысқа орнатылса керек-ті.
Астана маңында киелі ескерткіштер аз емес, оларды назардан қалдыруға болмайды. Солардың ішінде Целиноград ауданы Семеновка ауылы жанындағы Қараменді батыр кесенесі ерекше атауға тұрарлық. 1922 жылы Қазақстанда Кеңес үкіметі жаңа орнап жатқан аласапыран тұста, қараөткелдік қазақ азаматтары қаланың Атбасарға шығатын жағында Қараменді батырдың бейіті маңында (қазіргі Семеновка ауылы) Кенесары мен Наурызбайдың қаза тапқанына 75 жыл толуына арнап ат шаптырып, ас берген екен. Осы аста қазақтың Хан Кенесі, оның соңынан ерген серіктері Наурызбай, Ағыбай, Жанайдар, Жеке батыр, Бұғыбай, Танаш, Басығаралардың аттары аталып, олардың аруақтарына дұға оқылыпты.
Бүгінгі күні біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырып, киелі жерлерді, ескерткіштерді түгендеп жатырмыз, неге Астана іргесіндегі Қараменді батыр кесенесін қамқорлыққа алмасқа?!
Ақмоланың көне ескерткіштерінің бірі – ішкі түрме. 1903 жылы Қараөткелде болған П.Головачев қаланы сипаттай келе: «Областной город Акмолинск или Акмолы, основан чисто по стратегическим соображениям для удержания в повиновения казахов, кочевавших по Ишиму…. Он состоит из трех главных частей, отделенных одна от другой громадными пустырями, из которых один называется базарной площадью (Конгресс-Холл маңы – Ж.А.). На видном месте, на одной площади с собором, думой и гостиным двором находится острог, квадрат в 20 сажен по сторонам, огороженный «палями» (заостренными бревнами) сажени на три высотой» , – дейді. «Острог» деп орыстар сол кездегі түрмені атайды. Бір қызығы түрме сипаттамаға қарағанда, қазіргі қала әкімшілігі (бұрынғы Александро-Невский соборы), М.Горький атындағы орыс драма театрының үйі (қалалық басқарма-дума), Сине-Темпоре дүкенінің (Керуен сарай – Гостиный двор) арасындағы орталық деген алаңға орналасқан болып шығады.
Жергілікті қазақ «ішкі түрме» деп атайтын ХХ ғасырдың басындағы сәулет өнерінің бірегей ескерткіші де осы «острогтың» жанынан салынған, бірақ ол әуелде Мүгедектер үйі атанған. Біз бұл жерде осы ғимаратты архитектуралық ескерткіш деп атағанымызбен, шын мәнінде ол ескі құрылыстардың тізімінде де жоқ.
Қазіргі Т.Бигелдинов көшесінде орналасқан үш қабатты үй Совет кезінде НКВД-ның ішкі түрмесі аталған. 1914 жылы бірінші жаһан соғысы басталғаннан кейін екі қабатты болып қызыл кірпіштен өрілген бұл үй қазыналық ақшаның есебінен 1915-1917 жылдары бұрынғы Училищная көшесінде салынды.
Азамат соғысы аяқталып, ел бейбіт тіршілікке кіріскеннен кейін Мүгедектер үйінің басқа да бөлмелері босап, онда қалалық кітапхана, тарихи-өлкетану мұражайы, лекторлық топ, театр және концерт ұйымдары бас қосты. Осылайша, Мүгедектер үйі енді Халық үйі немесе Народный дом аталды. 1930 жылдың 2 наурызында Бунчук деген режиссер бастап, Украинадан келген театр труппасы «Дай сердцу волю – заведет в неволю», яғни «Жүрекке ерік берсең, құлдықтың қамытын киесің» деген спектакль беріп жатқанда, Халық үйі өртенді. 1931 жылы Қазстройпуть аталатын мекеме тек кірпіш қабырғалары ғана қалған Халық үйін қатырып жөндеп шығарды және содан кейін бұл үйге советтік милиция кірді. Тоталитаризм күшіне кірген 1931 жылдан бастап, бірде ОГПУ, бірде НКВД, бірде КГБ иеленді. Көшенің аты да осы жылдары өзгеріп, Коммунистическая атала бастады. Ресми қағаздарда милиция бөлімшесі аталатын, ал шын мәнінде НКВД-ның қызыл террорының ұясы. Қазіргі уақытта Коммунистическая көшесінің атауын қаһарман ұшқыш, осы өлкенің тумасы Талғат Бигелдинов атына ауыстырды.
Мүгедектер үйі 1982 жылы тағы да өртенді. Көп кешікпей 1983 жылы бұл тас үй қайта жөнделіп, енді екі қабаттың үстіне үшінші қабаты көтерілді. Бұл тас үйдің не себептен қайта-қайта өртенетіні белгісіз. Қараөткелдің ескі тарихынан хабардар бірді-екілі қариялар өрттердің бәрін осы үйдің тоталитарлық кезеңдегі қызметімен байланыстырады, бұл жерге жазықсыз жандардың қаны төгілген, азап көрген адамдардың назасы өтіп кеткен деп түсіндіреді. Ішкі түрме біздің тарихымыздың қаралы кезеңімен тығыз байланысты. Ішкі түрме өзінің әуелгі қызметіне, яғни не Мүгедектер үйі, не Халық үйі болып қайтып келуі, ең болмағанда тоталитаризмнің азапты дәуірінің музейіне айналуы керек.
Бұрын-соңды тарихты парақтасақ, Қараөткел ешқашан дін орталығы болған емес, бірақ қазақ заманында өткел маңында шағын мешіттер болған. Оның негізгі себебі біреу – бұл қоныс ежелден Ұлы даладағы үлкен сауда орталығы, тоғыз жолдың торабы, оның үстіне Есілдің осы тұсы – даланың ұлы билеушілерінің тақ орнатқан жері. Ресей билігі орнағаннан кейін, Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы осы дәстүрді жалғастырып, бекініс жанынан мешіт салғызады. Белгілі өлкентанушы А.Дубицкий Қараөткелдің алғашқы мұсылман мешіті 1838 жылы салынды деп жазады (А.Дубицкий. Пройдемся по улицам Целинограда. Целиноград, 1990. 22-бет). Оның пікірінше, мешітті патша үкіметі Ресей мен Орта Азия арасындағы сауданы қолдау мақсатымен салған. Біріншіден, Қазақстанды Ресей бодандығына қарату барысында Патша үкіметі мүмкіндігі келгенше жергілікті елмен тіл табысып, оның көңілін табуға күш салды. Екіншіден, ислам дінін Ресей бодандыққа өткен елді тәртіпті басқаруға пайдаланамыз деген үлкен үміті болды, қандай дін болмасын адамнан қашанда әуелі Құдайды мойында, екіншіден патшаңды сыйла дейді. Үшіншіден, мешітке қызметкерлер Ресей татарларынан әкелінді және жергілікті елдің көңіл-күйін бақылау үшін таптырмас қызмет атқарды.
Қараөткелдің алғашқы мешіті қорғанның ішінен емес, сыртына ағаштан салынды. Қараөткелдің ескі мешіті 1920 жылы Совет үкіметі орнасымен отқа оранды. Ескі мешіттің жанып кеткеніне ызалы мұсылмандар қаражат жинай бастады. Осы бір азамат соғысынан жаңа ғана құтылған, елдің қолындағы мал селдіріп қалған жоқшылық уақытта қазақтың өз арасынан шыққан ірі сауда әулеті Қосшығұловтар мешітті қайта жаңғыртуды өз мойындарына алды. 1976 жылы Ақмола облыстық мұражай қызметкерлерінің сұрақтарына жауап бере отырып, қаланың байырғы тұрғындарының бірі Николай Второв «Кощегулов Курмангали Баймұхамедович был крупный торговец, имел магазин в Гостинном дворе, конфетную фабрику, жил в доме, где до июня 1976 года размещался облатной суд. Он же по рассказам местных казахов за свой счет построил мечеть, где был пивзавод», – дейді. Бұл – қоспасы жоқ тарихи шындық. Осылайша, жанып кеткен ағаш мешіттің орнын күйген қызыл кірпіштен көтерді. Бір қызығы тас мешіт тура ағаш мешіттің сәулет өрнектерін қайталады, бірақ кірпіштен соққанның аты кірпіштен соққан, қаланың дәл ортасы өңі кіріп, жарқырап шыға келді.
Алайда бұл мешіттің өмірі ұзақ болған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, 1930 жылдардың басында қазақ жеріндегі аштықты пайдаланып, большевиктердің мешітті жапқаны анық.
Большевиктер мешітті бірден қиратқан жоқ, алдымен оны тарихи-өлкетану музейіне берді. А.Дубицкий музей-мешітке 1930 жылы көшіп келді дейді, яғни мешіттің де осы жылы жабылғанына дәлелдің бірі. Музей болған уақытта мешіттің сәулеттік бейнесіне еш өзгеріс енген жоқ, оның биік мұнарасы да, күмбез-шатыры да, тастан өрген сыртқы шарбағының бағандары да сақталды… Мешіттің шарбағының сыртынан музейдің шыныдан фотопавильоны салынды. 1940 жылы тарихи-өлкетану музейі казачья слободадағы Константин-Елена шіркеуіне көшірілді де, ескі мешітті үкімет Казпиво аталатын зауытқа берді. Ақыры коммунистер бертін уақытта оны тас-талқан қылып бұзып, орнына бес қабатты тұрғын үй тұрғызды.
Қазіргі күні ескі мешіттің орнында, Иманов көшесіндегі бес қабатты Совет заманында тұрғызылған тұрғын үй бар. Осы үйдің қабырғасына «бұл жерде Қараөткелдің ескі мешіті болды» деп жазып қойса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
(Жалғасы бар)