МИНИСТРЛІК МЕНИНГИТТІ МІСЕ ТҰТПАЙ ТҰР

Менингококк инфекциясынан 12 адам қайтыс болып, 7 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Сондай-ақ жыл басынан бері елімізде аталған ауруды жұқтырған 58 науқас тіркелген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Менингококк инфекциясынан Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары көп зардап шегуде. Мысалы, Алматы облысында 19 жастағы қыз менингококк инфекциясынан көз жұмған болатын. Ал оның алдында Алматыда 5 жасар бала менингиттің салдарынан қайтыс болды. Министрдің айтуынша, бала аурудың бірден асқынатын түріне шалдыққан.
– Балаға қатысты оқиғада жақындағы Талғар ауруханасына жеткізу талпынысы болды. Алайда сәбидің анасы өзі Алматыға бағыт алып, сол жерден жедел жәрдем шақыртты. Осы орайда қанша уақыт жоғалғандығы айқын көрініп тұр. Ал оның туысқанына қатысты оқиғаға тоқталсақ, аталған әйелдің сөзі бойынша науқасты Талғардан Қаскелеңге жеткізбек болған. Осы жағдай бойынша біз тексеру жүргіземіз. Егер де заңбұзушылықтар болса, құқық қорғау органдары да тиісті шараларды атқарады. Сонымен бірге, Алматы қаласы прокуратурасы қолданыстағы стандарттардың орындалуына қатысты тексеруді бастады. Сондықтан да тергеу шаралары таяуда ғана басталғандықтан, нақты нәтижелерді қазір айта алмаймын, – дейді ол.
КАРАНТИН НЕГЕ ЖАРИЯЛАНБАЙДЫ?
Сондай-ақ министр менингитке шалдыққан жағдайда өздігінен ем қолданбауға шақырды. Өйткені өздігінен ем алу қауіпті инфекциядан құтылуға мүмкіндік бермейді.
– Адамдардың өлімімен аяқталған оқиғаның көпшілігінде науқастар мамандардың көмегіне тым кеш жүгінген. Біз менингит белгілері пайда болған кезде дереу медициналық қызметкерлерге хабарласу керектігін қайталап келеміз. Денсаулық сақтауға, вакциналауға түрлі көзқарастар болуы мүмкін, алайда осы жағдайда кері салдарға жол бермес үшін бас мамандардың ұсынысын орындауды өтінемін. Инфекция жыл бойы болады. Бұның барлығы біз үшін стандартты жағдай, сәйкесінше біз дәрігерлердің стандартты нұсқауларын орындауды талап етеміз. Осы орайда өзін-өзі емдеумен немесе тексерілмеген ем-дом түрлерімен айналысқан дұрыс емес, – деді министр.
Қазіргі таңда қоғамда аталған аурудан зардап шеккен азаматтардың саны артып, жұрт үрейде отыр. Сондықтан да көпшілік менингококк инфекциясына байланысты карантин жариялануы керек деген пікірде. Алайда Елжан Біртанов болса, карантин жариялаудың қажеті жоқ дейді. Нақтырақ айтсақ, ол дәрігерлердің айтқан кеңестеріне құлақ асу керек екенін айтады.
МИНИСТР ВАКЦИНА ЕГУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ ДЕЙДІ
Сондай-ақ жұртты «Министрлік ауруға қарсы вакцина неге екпей отыр?» деген сұрақ мазалап отыр. Елжан Біртановтың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі менингитке қарсы вакциналау шарасын жүргізбейді.
– Біз қажетті эпидемиологиялық және медициналық көмекті ұйымдастыру жұмыстарын барша өңірлер бойынша қамтыдық. Өткен аптада менің бұйрығыммен арнайы республикалық штаб құрылды, сонымен қатар әр облыс негізінде өңірлік штабтар да жасақталды. Біз күн сайын барлық ақпараттарды үйлестіреміз. Еліміздің нормативтік-құқықтық базасына сәйкес, вакциналау туралы шешімді инфекциялар бойынша ұлттық үйлестіру консультативтік комитеті қабылдайды. Өткен аптада осы комитеттің отырысы өтті. Оның құрамына барлық инфекционистер мен эпидемиологтар кіреді. Олар вакциналау туралы шаралар қазір ерте деген шешім қабылдады. Сәйкесінше, екпелердің ұлттық күнтізбесіне менингит бойынша вакциналауды енгізудің қажеттігі жоқ. Бұл өз кезегінде тиімсіз болады, – дейді ол.
Министрдің айтуынша, менингококк бактерияларының түрлері үшін көптеген вакцина бар. Жалпы, олардың екеуі пайдаланылып келеді, қазіргі кезде оның ішінде біреуі Қазақстанда тіркелген. Министрдің атап өтуінше, вакциналарды тіркеу фармацевтикалық компаниялардың өтінімі бойынша іске асады. Қажет болған жағдайда, бұл препараттар бірден кіргізіліп, вакциналау басталады.
– Ауруға шалдығудың екі кезеңі бар. 100 мың тұрғынға шаққанда аптасына үш оқиға тіркелсе, штаб құру басталады. Бүгінде бізде бұл деңгей екі есеге төмен. Яғни, біз профилактикалық, алдын алу шараларын ерте бастадық. Вакциналау мәселесі 100 мың адамға шаққанда аурудың 10 оқиғасы тіркелген кезде көтеріледі. Сәйкесінше, ауруға шалдығу деңгейі жеті есеге төмен. Сондықтан вакциналау шаралары бойынша мәселе көтерілген жоқ, – дейді ол.
4 136 АДАМҒА ВАКЦИНА ЕГІЛДІ
Алайда министр менингитке шалдыққандармен байланыста болған 4 мыңнан астам адамға антибиотиктік профилактика жүргізіліп жатқанын айтады. Сондай-ақ ол бағасының шарықтауына жол бермеу шараларын қабылдап жатқанын атап өтті.
– Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті қызметкерлері менингитке шалдыққандармен байланыста болған адамдарды барша өңірлерде анықтап жатыр. Бүгінде 4 136 адам анықталды. Бұл – адамдар науқастармен күніне 3 сағат және одан артық мерзімде байланыста болғандар. Олардың барлығы антибиотиктік профилактикамен қамтылған. Шыны керек, аталған адамдарды кей кезде анықтау оңайға түспейді. Қазіргі кезде барша қажетті жұмыстар жүргізілді және біздің санитарлық қызмет ол адамдарды анықтады. Екпе құны қымбаттау, яғни ол қымбат фармацевтикалық өнім ретінде белгілі. Бүгінде дәрі-дәрмектің бағасы шарықтамауы үшін тиісті шараларды атқарып жатырмыз, – дейді ол.
Министрдің мәліметінше, әскерилер, студенттер мен балалар арасында вакциналау басталған жоқ. Себебі, Денсаулық сақтау министрлігі бұл шешімді қолдамайды. Белгілі болғандай, вакцина бүгінде бөлшек желіде емін-еркін саудаланып жатыр. 330 адам менингитке қарсы өз еркімен екпе салдырған.
Айналасы бір айдың ішінде менингиттен 12 адам көз жұмып, 7 адамның жан сақтау бөлімінде жатуы – жақсылықтың белгісі емес. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі менингитті місе тұтпай, мәселеге жүрдім-бардым қарап отырған тәрізді.
Серік ЖОЛДАСБАЙ