Шылым шекпегеніңіз абзал

1338
0
Бөлісу:

Ауырғанша, ауырмаудың жолын іздеген ләзім. Бірақ біз неге денсаулыққа салғырт қараймыз? Бұл енді үлкен мәселе.

Байқағанымыздай, кейінгі кезде  статистикалық мәліметке сүйенсек, еліміздегі ең көп таралған сырқаттың бірі – тыныс алу жолдарының ауруы. Ал мұның себебі неде?

Пайыздық өлшеммен  алғанда тыныс алу жолдары ауруының көрсеткіші – 7,5 пайыз деңгейінде екен. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғайып барады. Жалпы алғанда, Қазақстан халқының жаңа  ауру  түрлерімен сырқаттану деңгейі өткен жылы 56,8 пайызға өскен. Бұл  100 адамға шаққанда  8,3 пайыз  адам жыл сайын жаңа ауру түрлеріне шалдығады деген сөз. Тыныс алу жолдары сырқатына шалдыққан адамдардың саны өткен жылы 14 есе ұлғайған. Сондықтан жыл сайын деңгейі артып тұрған мұндай көрсеткіш  бүкіл қоғамды алаңдатып отырғаны жасыратын нәрсе емес. Ғалымдардың пікірінше,  тыныс алу жолдары ауруларын қоздыратын ең басты бес фактор бар. Атап айтар болсақ,  темекі, нашар экология, қолайсыз климат, тұқым қуалайтын және созылмалы ауралар. Осы бес қоздыртқыштың ішінде адамның өз еркімен, санасымен жасалатыны темекі шегу екені баршамызға аян.  Дерекке жүгінер болсақ, жыл сайын әлемде темекі шегудің зардабынан 4 миллиондай  адам көз жұмады екен. Дүниежүзілік денсаулық  сақтау ұйымының  дерегінше, бұл көрсеткіш жыл сайын 33 пайызға артып отырады.

Темекі құрамында никотин және төрт мыңға жуық улы заты бар темекі өсімдігінің жапырағынан жасалады. Осыдан болар,  өкпенің қатерлі ісік ауруына шалдығатын адамдардың 90 пайызы шылым шегетіндер болып келеді. Сондай-ақ темекінің қоршаған ортаға тигізер зияны мен қаупі де өте жоғары. Мысалға, көлік түтіні мен темекі түтінін салыстыратын болсақ, темекі 4 есе улы. Сондықтан да әлемде темекінің кесірінен әрбір 13 секунд сайын бір адамның көз жұматыны қиын жағдай. Ал біздің елде шылымқұмарлардың  деңгейі қай дәрежеде?

Бізде халқымыздың 27 пайызы шылым шегіп, жыл сайын 10 миллиардқа жуық темекі пайдаланылады. Әрине, Денсаулық сақтау министрлігі және басқа да қоғамдық ұйымдар дабыл қағып, бұл мәселені талқылап, салауатты өмір салтын қарастырудың барлық шарасын қарастырып жатыр. Бірақ өткен жылы елімізде темекі өндірісі айтарлықтай қысқартылса да, темекі импортының көрсеткіші керісінше ұлғайып жатыр. Жыл сайын ғалымдар да темекінің адам өміріне өте қауіпті екенін дәлелдеп келеді. Соңғы кезде біздің елде де темекі шегушілермен күрес жоғары деңгейге көтерілді. Тіпті оның денсаулыққа зияндылығы туралы айтылып, қораптың сыртына әртүрлі ескертпелік тұрғыда жағымсыз суреттер де салынуда. Десе де, одан шылымды қойып жатқандар өте аз. Жалпы айтқанда, жоғарыда көрсетілген статистика көңіл көншітпейді.

Негізі ерік-жігері мықты адам ғана жағымсыз қылықтан арылып, бәрін де қоя алады. Сондықтан  қанша шаралар қабылданса да, денсаулығын күту әр адамның өзіне байланысты.

Жәмила БАҚТИЯРҚЫЗЫ,

әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университеті журналистика факультетінің бірінші курс студенті.

Бөлісу:

Пікір жазу


*