«Мұзбалақ» мультфильмінің саундтрегіне клип түсірілді

858
0
Бөлісу:

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильміне арнайы жазылған, фильммен аттас әнге клип түсірілді.

–Біз Ұшқын Жамалбекті кездейсоқ таңдап отырған жоқпыз. Бізге оның шығармашылығы қатты ұнайды. Оның әндерінде ерекше ұлттық сарын мен бүгінгі заманауи музыкалық тенденциялар байқалады. Оның үстіне Ұшқынның фильмге саундтрек жазуда тәжірибесі мол. Осы орайда біз әнді шығарған Ұшқын Жамалбекке және клипті түсіруге көмектескен барша адамға алғыс білдіреміз, –деді клиптің және фильмнің тең-режиссері Тұрдыбек Майдан.
Лирикалық әнді орындайтын және әннің сөзі мен музыкасын жаған жас талантты әнші – Ұшқын Жамалбек. Сонымен қатар әнді жазуға этно-фольклорлы «Қазсақ» тобы қатысқан. Әнші клиптің авторларымен бұрыннан таныс екенін және студияда ән жазу мен түсірілім барысында да жұмыс істеу ыңғайлы болғанын айтты.
– Мен мультфильмді көріп, керемет әсер алдым. Фильм біздің салтымыз және қыран құсын қолға қалай үйреткеніміз туралы баяндайды. Фильмге арнап төрт ән жаздым. Соның біреуіне клип түсіреміз дегенде қатты  қуандым, – деді Ұшқын Жамалбек.
Түсірілген видео анимациялық фильмнің үзінділерімен үйлестіріледі. Аталмыш музыкалық клипті көрермендер жақын арада тамашалай алатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, «Мұзбалақ» атты толықметрлі көркем анимациялық фильмін Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы  Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірген. Фильм бүркіт пен адамның достығы туралы баяндайды.
«Қазақфильм киностудиясы баспасөз қызметі атап өткендей, екі жыл көлемінде жасалған бұл фильмде 40-қа жуық кинематографияның осы жанрында еңбек етіп жүрген отандық мамандар жұмыс  істеген.  Ұзақтығы 65 минут құрайтын мультфильм 2D және 3D форматында жасалған және әр секундында 24-25 кадр сурет салынған. Кейіпкерлерді дыбыстауға Ержан Жарылқасынұлы, Жанат Тыныбаев, Самат Қордабай, Ерғали Төлебаев, Алма Әділқызы есімді театр және кино актерлері қатысқан.
Анимациялық фильмнің қысқаша мазмұны:
Ерте заманда адамдар кесірінен жер астындағы айдаһарға айналып келе жатқан әбжылан оянып, жер бетіне шығып, маңайын жалмап, қазақ ауылына үлкен апат әкеліп, үрей туғызады. Ол ауылды отқа орап, қарсы келгенді жалмап келе жатқанда, бір қыран бүркіт балапанын қорғап, онымен айқасады. Ақыры абжылан қайта жер астына қашып жоқ болады. Ал қыран отқа оранған ұядан балапанын алып, алысқа ұшып кетеді. Адам жұтып дәніккен әбжылан күн тұтылып, өзінің айдаһарға айналар сәтін асыға күтеді…
Қоюшы-режиссер туралы анықтама:
Тұрдыбек Майдан 1999-2001 жылдары Қытайдың Шәндұң өлкесіндегі Хызы қаласында көркем сурет колледжінде оқыған. 2005-2010 жылдары Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында «Анимация режиссурасы» мамандығын бітірген.
Фильмографиясы: «Әлін білмеген» – 2008 жыл (4 минут), «Ақ қаз» – 2010 жыл (10 минут), «Тастүлек» – 2014 жыл( 23  минут), «Бақыт жолында» – 2015 жыл (12 минут), «Мұзбалақ» – 2017 жыл (65 минут).

Еркін ҚАЛДАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*