Елбасының түлектерге тілегі

1597
0
Бөлісу:

Қазақстан осы жүзжылдықта 20 мың жылға бара-бар өркендеу жолын жүріп өтуі керек. Бұл туралы Назарбаев университеті түлектерінің IV оқу бітіру салтанатты рәсі­міне қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

Рәсімге қатысушыларға арналған сө­зінде Елбасы биыл бүкіл еліміз бойынша 140 мыңнан астам студент жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алатынын атап өтті.
– Бүгін біз Қазақстанның ең үздік оқу орнының түлектеріне ақ жол тілеу үшін жиналып отырмыз. Назарбаев универ­ситетінің төртінші жылғы бітірушілерін және еліміздегі барлық оқу орындары­-ның түлектерін шын жүректен құттық­таймын! – деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев білім экономи­касы мен инновациялық дамуды қалып­тастыру ісіндегі зерттеу универ­ситеттерінің рөлі мен маңызын ерекше атап өтті. Сон­дай-ақ қысқа мерзім ішінде университет жаңарудың символына және еліміздің ғылыми-зерттеу, инновациялық және кадр­лық әлеуетінің өсу орталығына айналғанын айтты.
– Назарбаев университетінің ға­лымдары халықаралық рейтингі жоғары басылымдарда 1700-ден астам мақала жариялады. 36 патент алынды. Корпо­ративті демеушілер ғылыми зерттеулерге 40-тан астам грант бөлді. Университет инновациялық кластерді табысты қа­лыптастырудың негізі болды. Ғылыми-тех­никалық қызмет нәтижелерін ком­мерцияландыру аясында 21 жоба қолдауға ие болды, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы университеттің одан әрі табысты дамуы еліміздің адами ка­питалының артуына септігін тигізіп, Қа­зақстанда бүкіл Орталық Азия өңірі ау­қымындағы толыққанды білім беру ха­бын қалыптастыруға мүмкіндік бере­тінін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев қойылған мін­дет­­терді іске асыру үшін осы жоғары оқу орнына алдыңғы қатарлы зияткерлік және ғылыми ресурстарды жұмылдыру, өндіріс пен кәсіпкерліктің инновациялық мәде­ние­тіне бағытталған оқу бағдарлама­лары­на бет бұру, сондай-ақ қашықтықтан білім беру платформасын дамыту арқылы уни­вер­ситет жұмысын жандандыруды тапсырды.
– Университет еліміздің ғана емес, сондай-ақ алыс және жақын шетелдердің оқымыстыларын тартатын орталыққа, жастардың жобаларын бірлесе жүзеге асыратын орынға және Гарвард, Корсер, Хан академиясының онлайн-курстары үлгісімен білім берудің интернет-платфор­масына айналуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Астана эко­номи­калық форумында көтерілген жаһандық өзгерістердің бес мегатренді туралы ай­тып, елдің ауқымды эконо­микалық, саяси және рухани жаңғыруын жүзеге асыру ісіндегі өскелең ұрпақтың рөліне баса назар аударды.
– Жаңарған Қазақстанның келбеті де, жаңа формацияның ұрпағы да және мұны өмірде іске асыратын да сіздер бола­сыздар. Сіздердің күш-қуаттарыңыз, бастама­шылдықтарыңыз, ақыл-ой­ларыңыз бен креативті ұстаным­дарыңыз Отанымыздың табысты дамуының кепілі саналады. Сіздер өздеріңіздің қайталанбас өмір жолдарыңызды жүріп өткелі тұрсыздар. Мен сіздердің әрқайсыңызды мақтан тұтамын, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы үздік диплом­дарды тапсыру сәтінде Назарбаев уни­верси­тетінің оқытушы-профессорлар құрамын және түлектерді тағы да құттықтап, олар­дың өз идеяларын жемісті жүзеге асыруына тілектестік білдірді.
– Құрметті түлектер, достарым, бала­ларым! Технологиялық даму болашағы туралы ғылыми болжам жасайтын Жер жүзіндегі бір беделді маман футуролог бар, оның аты – Рэй Курцвейл. Оның айтуын­ша, адамзат ХХІ ғасырда бүгінгі өлшеммен алғанда 100 жылдық емес, 20 мың жылдық прогреспен ілгерілейді. Адамзаттың қа­зіргі заманда қандай қайран қалдырарлық жылдамдықпен алға басып бара жатқанын осыдан-ақ сезінуге болады. Мұндай жағдай­да біз де дәл сондай қарқынмен дамымасақ, артта қаламыз. Сондықтан сіздер, жас ұрпақ өркендеудегі ел үмітін ақтаңыздар! Мақ­саттарыңыз әрдайым айқын, жолдарыңыз әрқашан ашық әрі жазық болсын! – деп түйді сөзін Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Биыл Назарбаев университетін бакалавриат, магистратура және PhD докторантура бағдарламалары бойынша 811 студент бітірді. Бұл ретте қазақ­стандық жастар сыртында, Ресей, Қытай, Тәжік­стан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 8 шетелдік азамат та диплом алды.
Ғылым және технологиялар мектебі дәстүрлі түрде ең көп студент шығарды (195 түлек), олардың арасында болашақ биологтар, ғалымдар, инженерлер және басқалары бар. Сондай-ақ биыл тұңғыш рет университеттің Медицина мектебінің алғашқы 25 түлегі қанат қақты, олар енді медицина докторларының, ғылыми зерттеушілер мен академиялық клини­цистердің (клиникалық дәрігерлер) бірінші санатын толықтырады.
Бүгінде университетте тегін білім алатын грант иегерлерінің саны 4 мың адамға жетті. Оқуға түсу емтихандарының қорытын­дылары бойынша ең жоғары нәтижелер көрсеткен талапкерлердің Назарбаев университетінде оқуының шығыстары мемлекеттік білім гранты аясында толығымен өтеледі. Магистрант­тар мен докторанттарды оқыту да осында мемле­кеттік грант аясында жүзеге асырылады.
Жоғары оқу орны басшылығының дерегінше, бұған дейінгі үш жылдың 1800-ге жуық түлек әртүрлі компанияларға жұмысқа орналасқан. Назарбаев университетінің президенті Шигео Катсу түлектердің жартысынан көбі бірден жұмысқа тұратынын айтады. Олардың көбі Қазақстанда қалады. Тек бұрын түлеп ұшқан 30-дан астам түлек Еуропа, Солтүс­тік Америка және Азия еңбек нарық­тарында өз орнын тауыпты. Олардың арасында бірқатары Google, Microsoft секілді жетекші ІТ компания­ларда, Силикон алқабында жұмыс жасауда.

 

Айхан Шәріп

Бөлісу:

Пікір жазу


*