ҚУЫРШАҚ ДУМАН

848
0
Бөлісу:

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театры бүлдіршіндерге базарлық ұсынды.  Театр ұжымы  шаһар балдырғандары мен қала қонақтарын ғажайыпқа толы қуыршақтар әлеміне бірге саяхат жасап, өнер сүйер жандардың жанына рухани азық сыйлады. 

Өнер ордасы мереке күніне «Мен ба­қытты баламын» атты мерекелік бағдарлама мен әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі балаларға қайырымдылық ак­циясын ұйымдастырды. Іс-шараның мақ­саты – жас ұрпақтың санасына мейірімділік, сүйіспеншілік ұғымдарын қалыптастыру. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен балаларға көмек көрсету, жасөспірімдерді кішіпейілділікке, бауырмалдыққа баулу. Шарада балалар назарына театрдың үлкен және кіші залдарында авторы және қоюшы режиссері С.Шүкіров пен Қ.Ешмұратова ұсынған «Қуыршақ думан» концерттік қойылымын, М.Долгачева мен режиссер К.Андреева әуезді ән, әсерлі бидің аясында көрерменін қойылымның кейіпкеріне айналдырған «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» спектаклі мен Нұржігіт Көшер­баев­тың «Бауырсақ ертегісін» тамашалады.
– Бауырсақ ертегісі қарындасым екеу­мізге ұнады. Әсіресе, қоян мен қасқырдың рөлін қызыға тамашаладық. Аю мен түлкінің келбеті де әсерлі екен. Ең бастысы, орман жануарлары мейірімділік танытып бауыр­сақты жемеді. Бұл ертегіде достық жеңді және соңы бақытты аяқталды,– дейді кіш­кентай көрермен Ханзада Серікұлы.
«Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» ертегісінің желісі бойынша аң патшасы Арыстанды күлкілі жағдайда бойын үрей билеп, патшалықтан мән кетеді. Сахнада Африка аймағы бейнеленіп, орман тыныш­тығын әумесер Тотықұс бұзады. Аңның бәріне Арыстанның ауырып қалғанын хабар­лайды, оның себебі – қорқыныш. Бүкіл аң – патша арыстанның орнына таласып, әбігерге түседі. Қорытындысында джунглида тәртіпсіздік орнап, арыстансыз берекенің жоқтығын бәрі мойындайды.
– Біз сыныбымызбен бүгін осында келдік. Арыстанның үрейі туралы қойылымда бәріміз аң патшасына жақтасып, бірге ән айттық. Ойын ойнап, түрлі қуыршақтар мен мүсіндерді тамашаладық. Әсіресе, мейірімді сайқымазақтарға риза болдық, – деді Әлима Қанатқызы.
Спектакльдердің көрсетілімінен тыс театр фойесінде бірнеше жылдық тарихы бар қуыршақтардан көрме ұйымдастырылып, кеш соңы театр артистерінің қатысуымен мерекелік бағдарламаға ұласты. Сонымен қатар қазақтың ұлттық ойындары алтыбақан, арқан тартыс, асық, білектесу тағы басқа ойындар ойнатылып, демеушілердің қол­дауымен балаларға сыйлықтар таратылды.
– Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұр­пақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Иә, қай мемлекет болсын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Өйткені өскелең
ұрпақ – елдің ертеңгі тізгінін ұстар аза­маттары. Бар жақсылығын баларына көр­сетіп, олардың жан-жақты тәрбиелі саналы болып ержетуіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің болашағы да жарқын. Біздің де ұстаным, мақсатымыз – балаларды аялап, оларды бақытты ету, мерекелерінде ерекше көңіл-күй сыйлау, – дейді театр мүшесі Гүлім Көпбайқызы.

 

Жанерке АХМЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*