Бала еңбегі қаналмасын

785
0
Бөлісу:

Атырауда «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» науқаны басталды. Бала­ларды еңбекке заңсыз тарту фактілерін анықтайтын рейдтер түнде өтеді.

1 маусым – Балаларды қорғау күні халықаралық мерекесінен бастау 12 күндік ұлттық ақпараттық науқанды ұйым­дастырушылар – облыстық Білім бас­қармасы, облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы және Ішкі істер министр­лігінің Ювеналды полиция бөлімі.
Атырау облыстық Білім басқар­масының мәлімдеуінше, шара бары­сында 12 күн ішінде түнгі уақыттарда рейдтік жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар кездесулер, дөңгелек үстелдер мен дискуссиялар, балалар арасында байқаулар өтеді.
– Рейдтік іс-шаралар 1 маусымнан басталады. Құқықбұзушылық орын алған жағдайда әкімшілік іс қозғалып, кәмелет жасына толмаған азаматтарға 80 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Заңсыз жұмысқа алған тарап та жауап­кершілікке тартылады. Сондай-ақ нау­қан барысында балалардың бел­гіленген уақыттан кейін ата-анасынсыз көшеде жүруі де тексерілетін болады, – дейді Атырау облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы баспасөз қызметінің бас маманы Дина Ахметова.
Облыстық Ішкі істер департа­ментінің жергілікті полиция қызметі Ювеналды полиция тобының аға инспекторы Орынгүл Көшқалиеваның айтуынша, өткен жылы облыста заңсыз жұмысқа орналасу бойынша 30-дан аса бала әкімшілік жауапкершілікке тар­тылып, кәмелетке толмаған балаларды қызметке қабылдаған 19-дан аса мекеме басшысына іс қозғалды. Биыл осы мәселе бойынша 25-тен аса әкімшілік іс қозғалып, 9-дан аса мекеме басшысы жауапкершілікке тартылды.
Бала еңбегін қанауға қарсы шара­лардан өзге, облыста кәмелетке тол­маған балаларды заңды түрде еңбекке тарту бойынша бірқатар жұмыстар жүр­гізілуде. Облыстық жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасы 14 жастан 18 жасқа дейінгі студенттерге ақылы еңбек түрін ұсынып отыр. Бұдан өзге, жазғы де­малыс кезінде «Жасыл ел» бағдарла­масында жұ­мыс жасауға ниетті сту­денттер Жас­тар ресурстық орталығына хабарласып, еңбекке араласып, өз табыстарын таба алатын болады. Сайып келгенде, об­лыс­тық әкімдік пен құзыр­л­ы органдар тара­пынан балалар құ­қығының тап­талуына жол бермейтін және жастардың еңбек етіп, алғашқы табысын табуға бағытталған шаралар өз нәтижесін береді деп күтілуде.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*