Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған ҮНДЕУІ

824
0
Бөлісу:

Құрметті отандастар!
Біз бүгін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтеміз.
Біз ХХ ғасырда халқымыздың басынан өткен қасіретті оқиғалардың түп-тамыры мен себептері неде екенін терең түсінуіміз керек.
1917 жылы болған Қазан саяси революциясы мен одан кейінгі Азамат соғысы, дәстүрлі өмір салтының күйреуі, сондай-ақ Кеңес билігі жүргіз­ген ауыл шаруашылығын жедел ұжым­дастыру науқаны және оған ілесе келген жап­пай ашаршы­лық пен зорлық-зомбылық елдің эволю­циялық дамуын күрт үзді.
Соның салдарынан халқымыз бүкіл әлем тарихында сирек болатын алапат демографиялық шығынға ұшырады.
1929-33 жылдары 2 миллионға жуық адам қаза болып, тағы миллиондай адам жан сауғалап, елден босып кетті.
Одан кейінгі саяси репрессия қазақ қоғамының элитасын жаппай қырғынға ұшыратты. Саяси себеппен 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді.
Қазақстан аумағында 11 жазалау лагері құ­ры­лып, онда сотталғандар мен олардың от­ба­­сы­лары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешті.
Қуғын-сүргіннің зобалаңын қазақтар ғана емес, Қазақстанға еріксіз, күшпен жер ау­дарылып келген 1,5 миллион өзге этнос өкілдері де көрді.
Қазақ халқының жанашырлығы мен көмегінің арқасында олар жан сақтап, аман қалды.
Мұның бәрі – «коммунизмнің жарқын бола­ша­ғы» атты жалаң ұранмен жасалған қасіретті тә­жірибенің салдары.
Эволюциялық дамудың орнын революция басқанда, осылай болады.
Еліміздің әр қиырында бой көтеріп жатқан «Қазақ халқына мың алғыс» монументтері – қазақ жерінен пана тапқан сан түрлі халықтардың шы­найы ризашылық көңілінің көрінісі.
Орасан шығынға ұшырағанына қарамастан, біздің халқымыз өзінің бірегей ұлттық болмысы мен асыл қасиеттерін сақтап қалды. Қатыгездікке бой алдырған жоқ, сан ғасырлық даналығын да жоғалтпады.
Бірақ, еліміз басынан өткен осынау сұмдық сынақтарды ешқашан ұмытпайды және ең ұлы қазына – Тәуелсіздікті бағалап, сақтай біледі.
Тарихымыздың осы ащы тағылымы оны Қа­зақ­станның қазіргі ұрпағының жадына тоқып, зер­десіне түйе білуімен құнды болмақ.
Сондықтан Қазақстандағы әлеуметтік бірлік пен ұлтаралық келісім, елдің тұрақты экономикасы мен биік халықаралық абырой-беделі халқымызды ХХ ға­сырда бастан кешкен зобалаңдардан сақтай білетін сенімді кепіл болып саналады.
Өткен ғасырдың қасіретті кезеңдерін енді еш­қашан қайталамау үшін біз бұл жетістіктерді ба­ға­лай білуге тиіспіз.

Бөлісу:

Пікір жазу


*