Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ: Ашаршылық қасіреті статистика деңгейінде қалды

1162
0
Бөлісу:

Қазақ тарихында қасірет аз емес. Жұбан ақын айтқандай «мың өліп, мың тірілген» халықпыз. Соның ең үлкен соққысы – 1931-1933 жылдар аралығындағы ашаршылық. Ресей империясының ұлтқа жасаған саяси тәжірибесі қазақты жер бетінен жойып жібере жаздады. Жансебілдігімен, тісі тырнағына ілініп әрең шыққан сол бір аса ауыр, аса күйзелісті кезең жайлы белгілі тарихшы, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлымен әңгімелескен едік.

–Қазір ашаршылық жайлы құжаттардың көбі құпия емес. Солай емес пе?
– Қазір ешқандай құпиялық жоқ. Әрине, «өте құпия» деген құжаттар да бар. Бірақ оларды да тарихшылар, зерттеушілер көре алады. Ресей архивтерінде де, өзіміздің архивтерде де солай.
– Ендеше, біз осы мүмкіндікті пайдала­нып, ашаршылықтың ақиқатын айта алдық па? Әсіресе, экранға шығара алдық па?
– Ашаршылық туралы дұрыс кино шықты деп айта алмаймын. Себебі, көрсе­тетін бейне-деректер жоқ. Оны не жойып жіберген, не шынымен жоқ. Тіпті, сол кездегі суреттер де жоққа тән. Әртүрлі фраг­менттерді алып құрастырып жүрміз. Естеліктер, құжаттар жиналған кітаптарды шығарумен ғана шектеліп келеміз. Ол естеліктердің өзі толық қанағаттанарлықтай деп айтуға келмейді. Себебі, естелік жазу­шы­лар мысал келтірсе, Украинаның, Волга бойының ашаршылықтан қырылған­дарын, жалпы жағдайды айтады. Ал қазақ ұлты өз басынан өткен қайғы-қасіретті толық сезіне алмады.
– Тіпті ашаршылықта құрбан болған­дар­дың нақты саны қанша екені де әлі нақты­лан­ған жоқ. Біреу – 1,7 млн дейді, біреу – 1,5 дейді, бар қазақтың 40 пайызы қырылған дейтіндер де бар.
– Біздегі қынжылатын жағдайлардың бірі – санмен жарысу. Бұл ұлттың қайғысы емес, статистикалық мәліметке ғана айна­лып кетті. Мысалы, дерек бойынша ғалым­дар, тарихшылар бір бөлек айтса, журна­лис­тер, басқалары көп нәрсені қосып айтады. Оның ішінде қаншасы шын мәнінде қырылды, қаншасы көшіп кетті, оны ешкім ашып айтпайды. Өйткені сол кезде ашаршылықтан құтылу үшін Ресейге, Қытайға, Өзбекстан, Түркияға ауа көшіп кеткендер көп. Қаншамасы көшуге шамасы келмей жолда өлді, қаншамасы отырған жерінде, өз ауылында қырылды. Өкінішке қарай, осы жағы қолға алынбай келеді.
–Украинадағыдай неге бірізділік жоқ?
– Олар сол кезде қанша адам қырыл­ға­нын туу туралы куәлігі арқылы, басқа да құжаттары арқылы қалпына келтірді. Тізі­мін жасап шықты. Бізде ол кезде ондай куә­лік болмады. Бірақ әр отбасының, әр әулет­тің шежіресі болды ғой. Сол арқылы әр отбасы, әр қазақ өзінің сол кезде қаза бол­ған ағайын-туыс, ата-бабасын түген­де­се, жобалап болсын, бір тізімді жасайтын едік. Сонда кімнің шетке көшіп кеткенін, оның қайта оралған-оралмағанын анық­тауға мүмкіндік болар еді. Мысалы, әлі күнге дейін бір әулеттен бір тұяқ, бір ауыл­дан бір ғана адам аман қалған екен деген есте­ліктер айтылады. Соның барлығын жинақ­тауды, түгендеуді әлі күнге қолға алмай келеміз.
– Мұны кім жасау керек? Мемлекет тара­пынан нұсқау беріліп, арнайы комиссия құру керек пе, әлде халық өзі түгендеуі керек пе?
– Бір жағынан мемлекетке жалтақтап үйреніп қалғанбыз. Айтпаса, біреу нұсқау бермесе, істегіміз келмейді. Екіншіден, осы саланы зерттеп жүрген ғалымдар қолға алуы керек. Үшіншіден, әрине қо­ғам болып, ел болып, ұлт болып жұмы­луы­­мыз керек. Өкінішке қарай, қазіргі қоғам бұған дайын емес, Себебі, қоғамда ашаршылық дегенде кино секілді бірдеңе елестейді. Қазақ қоғамы үшін ашаршылық әлдеқашан ұмытылған. Бұл психологиялық фономен – белгілі бір оқиғаларды, қасі­рет­ті оқиғаларды санадан ығыстыру. Мысалы, қарапайым адамды алсаңыз да, өміріндегі қасіретті кезеңді еске алғысы келмей тұрады. Осы секілді, біздің қоғамда да ашаршылық пен 1937 жылғы нәубетті өз-өзімізден ұмыттырып жіберген секіл­ді­міз. Қазіргі көзқараспен қарасаңыз, ол қасірет біздің ұлтқа қатыссыз, сол анау украиндарда, Волга бойындағы орыстар арасында ғана өтіп кеткен секілді. Өкініш­ке қарай, сол жылдарды еске алу жағы қиын. Үлкен кісілердің өзі, осы ашаршы­лық­ты көзімен көрген жандардың өзі оны айта бермейтін еді. Тіпті оларды қойып, солар­дан шетпұшпақтап естіп өскен жастар­дың өзі оны айтқылары келмейді. Бірақ әлі де кеш емес, осының барлығын қалпына келтіріп, бір дерек болса да жинақтай беру керек.
– Нақты не істелуі керек?
– Ашаршылық құрбандарының тізімін анық­тау үшін арнайы мемлекеттік комис­сия құру керек, оған бүкіл қоғам жұмыл­ды­руы қажет. Мысалы, Жамбыл облы­сын­да «Ауызша тарих» деген жақсы жоба болды. Басқа облыстарда да бірнеше жоба­ны көрдім осы секілді. Ауыл-ауылды аралап, керек болса, әр отбасыдан, ата-апалар­дан ашаршылық туралы мәліметтер жинай­ды. Бұл – құптарлық іс. Ал біз қазір осы­ның өзін жасай алмай отырмыз. Әйт­пе­се, бір отбасынан, бір әулеттен, бір ауыл­дан бір-ақ адам тірі қалды деген секілді әңгіме көп. Мен де бала кезімде естіп өстім. «Бір топ адам шұбырып келеді екен. Үйді тастап, айдалаға тығылып қалдық. Олар келіп киізүйдің ішін ақтарып-ақтарып ештеңе таппай кетіп қалды. Тапса, бізді де жеп қоюы мүмкін еді» деп отыратын апа­ла­рымыз. Мекемтас Мырзахметов ағамыз­дың басынан өткен қасіреті – ұлын аман сақтау үшін қызын өз қолымен қасқырлар ортасына тастап кеткен ана. Ашаршылықтан аман қалудың символикалық бір көрінісі сол. Ал адамды адам жегені, тірі қалу үшін өз баласын жегені туралы деректер бар. Осының барлығы сол кезде ұлттың санасына ауыр соққы болып тиді. Бірақ өкінішке қарай, қазіргі қоғам бұл соққыны сезіне алмай келеді. Ұлттық деңгейде, елдік деңгейде сезінуі керек.
Әрине, кім кінәлі дегенде, қазақ өз-өзіне жасамағаны анық. Кім кінәлі екенін білеміз, айыптаймыз. Ол сол кездегі Сталиндік режим­нің тек қазаққа емес, бүкіл адам­затқа жасаған зұлымдығы. Қазақ халқына геноцид жасады. Қолындағы малын тартып алғанда, егіншілігі, өзге өнеркәсібі дамыма­ған халық қырылып қалды. Малымызды тартып алған кезде, басқа әрекет жасауға дайын болмай қалдық.
Бұл зұлмат сол кездегі сталиндік жымыс­қы саясаттың нәтижесі. Ол мемлекет, Құдайға шүкір, жойылды, тек елесі қалды. Егер қазіргі кезде де сол комму­нис­­тер үкіметі болса, шын мәнінде кешірім сұрауы қажет және заңды.
Ал мен үшін, бұл қырғында қан­ша қандастарымыз қаза бол­ды, олардың аты-жөндері кім де­­ген­­ді анықтап, сол бойынша ті­зім жасап шықсақ, есімдерін анық­­тасақ, сол – маңызды. Біз олар­­дың алдында мәңгі қарыздар­мыз.
–Ашаршылық тақырыбы көп айтылмай келеді. Оның себебі неде?
–Қазақ санасына үрей қатты сіңді. Көз алдында, көшеде адамдар қырылып жатты. Бір үзім нан үшін бірін-бірі өлтіруден тайынбаған. Бұл – өте қорқыныш­ты жағдай. Ал осындай қорқы­ныш­тан аман қалғандарды 37 жылы қуғын-сүргінге ұшыратып жіберді. Біз сол ұлттық қорқыныш дертінен әлі арыла алмай келеміз. Соның салдарынан ашаршылық туралы, ашаршылыққа қарсы көтерілістер туралы айтудан әлі күнге дейін қорқатын сияқтымыз. Аталарымыздан жалғасып келе жатқан айтуға болмайтын, тыйым салған тақырыпқа айналып кетті. Бұл да құлдық сананың бір көрінісі. Сыртқа шығарса, біреу бірдеңе дейтін секілді болып тұрады немесе біреу өзін де сол репрессия құрбан­дарының артынан алып кететіндей, өзі де аштан өлетіндей болып тұрады. «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деп қол қусырып отыру, «басқасы құрысын, ел тыныш болсын» дейтін, «ел тыныш болсын, ашаршылық болмасын» дейтін тілектің астарында ұлттық үрей бар. Халықтың одан басқа тілері жоқ.
Біз үшін саннан көрі адамдардың тағдыры, кім болғаны маңызды болуы керек. Соған қоғамның назарын аудару мәселесі маңызды. Қоғам шын мәнінде, неден айырылғанын сезінуі тиіс. Соны сезіну арқылы қоғам бірігуі керек. Ұлттың қайғысы ұлтты ұйыстыратын тетік болса дейміз. Жазықсыз құрбан болғандардың алдында қарыздармыз. Әр қазақ олардың есімін білуі керек.
Ал осы айтылғанның барлығын мемле­кет бір өзі жүзеге асыра алмайды. Сондық­тан қоғамның қолдауы керек. Үкімет тарапынан осыған арнап кино түсірсін, ескерткіш орнатсын, кітап шығарсын, соның бәрінде халықтың көмегі керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Ержан Жаубай

Бөлісу:

Пікір жазу


*