ҚАЙҒЫНЫҢ ӨЗІНДЕ ҚУАТ БОЛАДЫ

860
0
Бөлісу:

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ХХ ғасыр зардаптарына тұңғыш рет айыптау бағасы берілді. «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірі экологиялық апат аймақтарына айналды».

ХХ ғасырда қанша қазақ қырылды? Нақты есеп бар ма? Басында 1 мил­лионнан астам адам делінген. Содан 2 миллионның үстіне шықты… Кеңестік кезеңде бұл мүлдем жабық тақырып болды. Тәуелсіздік тұсында ғана қазақтың басынан өткен ашаршылық зардаптары туралы ашық айтыла бастады. Деректер де нақтылану үстінде. 1920-1930 жылдардағы ашаршылық ақиқаты шетелдiк басылымдарда жарық көргенi белгiлi. Британдық тарихшы Роберт Конквестiң 1986 жылы шыққан «Жатва скорби: советская коллективизация и террор голодом» (ағылш. Robert Conquest. The Harvest of Sorrow: Soviet Collectivisation and the Terror-Famine) еңбегiнiң алғашқы нұсқасында «Қазақтардың шығыны 4 мил­лиондай» делiнген. Осы тұста қазақ демографы Мақаш Тәтiмовтiң «ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, Екiншi Дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырады» деген соңғы мәлiметтерi тағы бар.
Біз ашаршылық дегенде көбінесе, тек 32-33-тегі аштық қасіреті туралы айтып келдік. Жалпы, біздің тарихшыларымыз «Қазақ 1931-1933 жылдары қынадай қырылды» деп тұжырымдап келді. 1921-1922 жылғы ашаршылық зардаптары айтыла бермейді. Қазақтың қырылуы 1916 жылдан басталып, 1945 жылдарға дейін созылғанын қаперден шығарып аламыз.
Тарихшы Манаш Қозыбаев 1921-22 жылдардағы аштық турасында: «1921-1922 жылдардағы аштық қазақтарды демографиялық апатқа әкелді. 1922 жылдың наурызында Қазақстанның батыс және солтүстік ай­мақтарында 2 миллион 350 мың адам аштыққа ұшырады, олардың көбі өлді» деп жазыпты.
Кеңестiк билiктiң алғашқы 20-30-жылдарында қазақтар 4 миллионға жуық адамынан айырылды. 1921-1922-жылдардағы аштық кезiнде – 1 млн 700 мың адам, 1932-1933-жылдары 2 млн 300 мыңға жуық адам қырылған. Мұны айғақтайтын деректер бар. 1992 жылы 31 мамырда жазушы Смағұл Елубаевтың «Алаш жұртына ашық хаты» жарияланды. Онда 1932 жылғы қанды геноцид болмағанда, 1992 жылы қазақтың саны жер бетiнде 10 миллион емес, 30 миллионға жетiп жығылатындығы айтылды. Демограф Мақаш Тәтiмов марқұм сол жылдары «Егер 1932 жылғы ашаршылық сияқты зұлматқа тап келмеген болса, бүгiнде бiз әлем бойынша 30 миллион, өз iшiмiзде 25 миллионға жетер едiк» деген деректі алға тартты.
Қалай болғанда да қырылған қазақ аз емес. Бірақ біз осы қайғы-қасіретті ұлттың бас бірлігіне дұрыс пайдалана алдық па? 1993 жылы 14 сәуiрде Қазақстанның жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы заңы шықты. Осы заңда «ашаршылық» сөзi түсiп қалуына байла­нысты, тек саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi ғана қалды…
Қайғының өзінде қуат болады!
Еврей халқы Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде 6 миллион еврейдің мерт болғанын ұлттық бірлік негізі ретінде керемет пайдаланады. Бүкіл Израиль азаматтары тік тұрып, аза тұтып, еске алады.
Біз ше? Бірлі-жарым мешітте құран оқытылып, бірен-саран адам еске алғаны болмаса, жалпыұлттық Аза тұту бар ма? Қазақстандағы он сегіз миллион адам бұл күнді Қасірет күні деп қашан қабылдайды? Жалпыұлттық тұтастық пен бірлікке ұлттың қуанышы мен қайғысы қатар қызмет еткенде ғана, біз ұлт ретінде тығыз топтаса аламыз!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*