Қоғам болып қарсы тұру керек

855
0
Бөлісу:

Жемқорлықтың тамырына тек қана мемлекеттік және құқық қорғау органдарының күшімен балта шабамыз деу бекершілік. Осынау кеңінен етек жайып кеткен келеңсіздікке – қылмысқа қарсы күресте мемлекет пен қоғам өзара ынтымақтастықта болып, күш біріктіруі қажеттігі айтпаса да түсінікті.

Осы орайда сыбайластыққа қарсы тұруға Мемлекет басшысының баста­масын қолдау мақсатында құрылған «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республика­лық қоғамдық бірлестігінің қомақты үлес қосып отырғанын айта кеткен абзал. Сонымен бірге, аталған қоғамдық бірлестік құқық қорғау және тағы да басқа мемлекеттік органдардың қылмыс пен жемқорлыққа қарсы тұруына қатысты мәселелердің шешілуіне қалың қауымдастықты да жұмылдыруда жақсы жағынан көрініп келеді.
Осы орайда Алматы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің жарқын бастамасымен, жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне қатысты іс-қимылдарға барлық күшті біріктіру мақсатында «Жаңару» респуликалық қоғамдық бірлестігі мен департаменті арасында өзара ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойылды.
Департаменттегі ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қою барысында бірінші болып сөз кезегін алған «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпы­ұлттық қозғалысы» рес­публикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхамеджан Пахридинов қоғамдық бірлестік тарапынан бақылаудың болуы жемқорлыққа қатысты заңбұзушы­лықтардың алдын алудың орындалуын алға жылжыта­тынын, сыбайластыққа жол бермейтін мінез-құлық пен жемқорлыққа қарсы ниеттің деңгейін арттыратынын айта келе, республикалық бірлестіктің мін­деттері мен алдағы жоспары жайында баяндады.
«Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының директоры Қайрат Ержанов төрағаның сөзін одан ары сабақтап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыстың жұмыс ерекшелігін, барысын егжей-тегжейлі таныстырды. Сыбайлас жемқорлық сияқты елдің берекесін кетіріп, мемле­кеттік мәтебесіне көлеңке түсіретін дертті қоғам болып біріккенде ғана жеңе алатынымызды жеткізуге тырысты. Барлығын құқық­ қорғау және тағы басқа мемлекеттік органдарға артып қоюдың жеңіске жеткізбейтінін де талдап түсіндірді.
«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев сы­байлас жемқорлықтың шығу тарихынан таратып, асқынуына дейін баян­дап, осы бір келеңсіздікті түп тамырымен құртуға партияның да өлшеусіз үлес қосып отырғанын тізбеледі. Оның айтуынша, Трансперенси Интернешнл ұйымының мәліметі бойынша сыбайлас жемқор­лықты қабылдау индексі бойынша Азия құрлығындағы ең төмен ел Сингапур екен. Осы ұйымның есебі бойынша сыбайлас жемқорлықтың ең төменгі деңгейі 10 балл деп есептелінсе, 9,2 бал­дық жүйемен Сингапур елі 4-орында тұр. Ал Қазақстан 2,2 балмен 145-орын­ды иеленіпті. Соған қарағанда, мақтанатын жағдайымыз жоқ.
«Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы мен «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел – өркендеуші ел» партиялық жобасын іске асыру бойынша түрлі форматта 42 шара өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралда­рында және әлеуметтік желіде 131 мақала жарияланыпты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еліміздің барлық аймақтарында арнайы мобильді топтар құрылып, жыл басынан шамамен, 800 ұжымды аралап­ты. Мобильді топтар жергілікті жерлерде азаматтарды қабылдап, жемқорлыққа қатысты түсіндіру шараларын өткізген. Екі айда олардың көмегіне 2 мың адам жүгініпті.
Алматы облыстық мемлекеттік кірістер департаментіндегі Мемлекеттік кірістер басқармасының жетекшісі Әсем Байқаш қазіргі кезде өздерінің халыққа 48 мемлекеттік қызмет түрін көрсететін­діктерін айтты. Біртіндеп сандық жүйеге көшіп жатқандықтың арқасында адами фактор барынша азайып, соған сай сыбайлас жемқорлық деңгейі де төмендепті.
Келісімге қол қойған тараптар ой бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды. Алдағы кезде сыбайлас жемқор­лыққа қарсы шараларды ынтымақтаса ұйымдастырып, жетілдіру жолдарын бірлесе қарастыру жөнінде уағдаласты.

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*