Әлем қауіпсіздігін сақтауға бір тамшы үлес

804
0
Бөлісу:

Қазақстанның сыртқы саясатында қолы жеткен жетістіктерінің арасында ең көп талқыланып, «ел дипломатиясын жаңа деңгейге көтерді» деген баға алғаны – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалық болды. 2017 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау міндетін атқарушы органына тұрақты емес мүше болып сайланған Қазақстан 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бір ай уақыт ішінде осы ұйымның төрағалығы қызметін атқарды. Бұл туралы сол кезде біршама салмақты материалдар жарық көргенімен, біз араға уақыт салып, Қазақстан аталған ұйымға қандай бастамамен барып, әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған нендей шешімдер ұсынғанын еске алып көрдік.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі – 15 мүше мемлекеттен тұратын тұрақты орган. Мұнда кез келген ұсынысқа қарсылық білдіріп, оның жүзеге асуына тоқтау сала алатын вето құқығына ие 5 тұрақты (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Ресей) және екі жыл мерзімге БҰҰ Бас ас­самблеясының шешімімен сайланатын 10 тұрақты емес мүше әлемнің әртүрлі бөлігіндегі қақтығыс, шиеленісті оқиғалар мен күрделі дағдарыстарды талқылайды. Қауіпсіздік кеңесінің отырыстарында күн тәртібіне ұсынылған мәселелерді шешу үшін іс-қимылдар жоспары бекітіледі. Осылай Қазақстан басқарған орган әлемдегі бейбітшілікке қатер төндіретін жағдайларды тоқтату мақсатында мәселенің өршуіне мүдделі мемлекетке қарсы экономикалық санкциялар енгізіп, халықаралық коалицияның әскери күштерін қақтығыс аймағына кіргізу сияқты шараларды қолдана алады. Аталған қызметте Қазақстан өз бастамаларын талқылауға ұсынуға және ортаға салын­ған тақырыптар бойынша дауыс беру құқығына ие.
Қазақстанның төрағалығы кезінде 30-ға жуық брифинг, пікірталас, кеңес беру жиындары өткізілді. Олардың қатарында ең маңыздысы – 18 қаңтар күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» атты жоғары деңгейдегі брифинг болды. Тарихи жиында биылғы 2 қаңтарда Елбасы Н.Назарбаевтың БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттерештің атына жолдаған хаты талқыланды. Хаттың негізгі мазмұны Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тарту тәжірибесін ұсына отырып, әлем елдерін жаппай қырып-жою қару бағдарламасын тоқтатуға шақырады. Қазақстан Президенті өз сөзінде: «Біз өз уақытында Иранға айт­қанымызды, қазір Солтүстік Корея үшін де қайталаймыз. Негізгі күш ядролық зымырандар мен жарылғыш құрылғыларда емес. Әлемде олардың мыңдаған түрі бар. Мемлекетке ең үлкен қорғаныш беретін нәрсе – жоғарыда аталған қару емес, әлемдік қауымдастықтың сенімі» деді. Бұл Солтүстік Корея билігінің өткен жылы жиілеген баллистикалық зымыран сынақ­тарын ұлттық қауіпсіздігімізді сақтаудың негізгі құралы деп түсіндіруіне маңызды жауап болды. Жиын соңында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының үндеуі жарияланды. Құжатта соңғы уақыттағы әлемнің текетірестерге бейім сипатын ескере отырып, қақтығыстарды болдырмау, олардың алдын алу, бейбітшілік орнату шараларына арналған жалпылама стратегия қамтылып, оған тұңғыш рет жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесі қосылды.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше есебінде таңдалған алғашқы Орталық Азия мемлекеті есебінде, әлемдік алаңда өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы төңірегіндегі тақырыптарды да көтерді. Оның жарқын мысалына 19 қаңтар күні Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың басшылығымен өткен Ауғанстан мен Орталық Азия мәселелеріне арналған министрлік пікірталас жатады. Осыдан бұрын Қазақстанның бастама­сымен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің делегациясы Кабулға арнайы сапармен барып, жергілікті мәселелермен жақыннан танысып қайтты. Бұл әлемдік маңызды органның Ауғанстанға 2010 жылдан кейін араға 8 жыл салып, қайта жанданған сапары болды.
Қазақстан ұсынған тың идеялардың бірі – Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібі кодексінің жобасы. Оған сәйкес, терроризммен күрестің бүкіл­әлемдік бірлескен іс-қимылдар негізіндегі моделі басшылыққа алынып, 2045 жылға дейін бұл қауіп түрін түбірімен жою туралы батыл мақсаттар жарияланды. The Brussels Time бұл туралы былай деп жазды: «Сирия мен Ирактағы ДАИШ лаңкестік ұйымы қатарына 500-ге жуық азаматы қосылған Қазақстан терроризммен күреске ерекше назар аударып отыр. Көзделген мақсаттар қатарында терроризмді қаржыландырудың есірткі саудасы, қару-жарақтың заңсыз тасымалы сияқты жолдарын да шектеу сияқты өзекті мәселелер ұсынылды».
Қазақстанның бір айға созылған төрағалығы Таяу Шығыс пен Кипр, Конго Демократиялық Республикасы, Колумбия, Судан, Батыс Африка мен Ливия, Мали, Сомали өңірлерінде қалыптасқан жағдайларды талқылаудан тыс қалдыр­мады. Еліміздің тұсында болған тағы бір жаңалық – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жаңадан таңдалған алты мемлекетті (Кот-д’Ивуар, Кувейт, Нидерланд, Перу, Польша, экваториалды Гвинея) қабылдау рәсімі болды.
Сыртқы саясатын «көпвекторлы» деп бағалайтын Қазақстан үшін әлем кездескен сын-қатерлерге қарсы күрес жолдарын ұсынып, жоғары деңгейдегі талқылауларға өз үлесін қосуға мүмкіндік берген БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі үлкен тәжірибе алаңы болғаны сөзсіз. Еліміздің табысты аяқ­талған төрағалығы әлем қауіпсіздігін сақтауға қосылған бір тамшы үлес болса, оның үлгісіне еретін өзге мемлекеттердің көмегімен бұл бастамалар бұлағы үлкен істердің теңізіне айналады деген үміт көп.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*