Келісім мен үйлесім көрініс тапты

661
0
Бөлісу:

Қырғызстанның Талас облысы делегациясы жұмыс сапарымен аймаққа ат басын бұрды. Достық үйінде өткен басқосуда облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен Қырғызстан Үкіметінің Талас облы­сындағы өкілетті өкілі Марат Мураталиев өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағытындағы меморандумға қол қойды.

Бір күндік кездесу аясында шекаралас республикалар мен көршілес өңірлер арасындағы ынтымақтастықты және серіктестікті нығайту барысы талқыланды. Халықаралық ынтымақтастық пен бизнес-қоғамдастық арасындағы серіктестік қатынастарды нығайту үшін өңірге сапарлатқан көршілес мемлекет өкілдері кездесу барысында В2В өнеркәсіптік өнімінің экспортын орнату мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ басқосу барысында облыстың тауар өндіруші өнеркәсіптік және ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Онда өңір өнеркәсіптері ауқымды түрде аяқкиім, тоқыма және жеңіл өнеркәсібінің басқа да өнімдерін, соны­мен қатар құрылыс материалдарын, энергоүнемді шамдардың ауқымды ассортименттерін, аграрлық секторының былғары, сүт және шұжық өнімдерін ұсын­ды. Жиында ауыл шаруашылығы және су бөлісу салаларындағы іс-қимыл секілді мемлекетаралық маңызды мәселелер қаралды.
– Екі облыстың қарым-қатынасын нығайтуға қатысты әлеуетті саланың бірі – туризм саласы. Бұл салаға қатысты Жамбыл облысында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі кездесуге Жамбыл облысынан ірі фирмалар қатысып отыр. Біздің сіздерге ұсынатын жоба­ларымыз бар. Екі жаққа тиімді жобаларды қаржыландыруға, іске асыруға үлкен мүмкіндік бар деп ойлаймыз, – деді аймақ басшысы Асқар Исабекұлы. Уағдаластық барысында Жамбыл облысынан сиыр етін импорттауға квота бөлу мен аймаққа Талас облысынан жеміс-көкөністердің ерте пісетін өнімдерін жылыжайға жеткізуге көмектесу, көршілес елге бидай, ұн және ет өнімдерін тасымалдау бойынша іс-шараларды ұйымдастыру және Талас өзені туралы мемлекетаралық су бөлісу бойынша бекітілген кестеге сәйкес Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы су ресурстарын әділ бөлу секілді бірқатар маңызды мәселелер нақтыланды. Осыдан кейін іргелес жатқан екі аймақ ұн-бидай, ет, жеміс-көкөніс өнімдерін ешбір кедергісіз импорттау ісін жолға қойып, дамытуды жоспарлауда.
Сонымен қатар облыстың туризм басқармасы басшылары арасында да келісімдер жасалды. Іскерлік кездесуден соң делегаттар «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніне экскурсия жасады. Онда көршілес мемлекет өкілдері қазынаға толы Жамбыл өңірінің тарихымен танысты. Сондай-ақ жиынның ресми бөлімінен соң «Баласағұн» орталық концерт залында «Бірлігіміз жарасқан» атты екі өңір артистерінің қатысуымен үлкен фестиваль ұйым­дастырылды.

Ерман ӘБДИЕВ

Жамбыл облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*