Кооперация ісінің кедергілері анықталды

696
0
Бөлісу:

Қазақстанда дәл қазір 1-10 сыныптарда 2,815 миллион шәкірт оқып жүр. Мемлекет соның 2,595 миллионын немесе 92,2%-ын алдағы жазғы каникулда демалыс лагер­лерінде сауықтырумен қамтымақ ниетте. Мұндай қамту тіпті кеңес кезінде де болмаған. Осындай қызықты дерек Пре­мьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жария етілді.

Жиында Министрлер кабинетінің мүшелері каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және іспен шұғылдануын ұйымдастыру, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін жетілдіру шараларын талқылады. Ең алдымен Үкі­мет мүшелері күн тәртібіне сәйкес, ауыл шаруашылығы кооперация­сын одан әрі дамыту бойынша жауапты тұлғалардың есептері мен ұсыныстарын тыңдады.
Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары А.Евниевтің айтуынша, 2015 жылы «Ауыл шаруашы­лығы кооперативтері туралы» заңның қабылдануы кооперация алдынан алты­қабат арқан болып керілген негізгі кедергілерді жоюға мүмкіндік берген. Атап айтқанда, кооператив мүшелері табысты өзара бөлісу құқығына ие болды, коопе­ратив қызметіне жыл сайын аудит жүргізу үшін ревизиялық одақтар инсти­тутын дамытуға жағдай жасалды. Бұ­рынғы 3 заңның орнына 1 заң қолданы­латын бол­ды. Арнайы салық режимі ауыл шаруа­шылығы кооперативтеріне (АШК) де тарала бастады. АШК-ның қызмет түрлері нақты идентификацияланды.
Нәтижесінде, статистикалық дерек­тер­ге сәйкес, биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда 62 мыңнан астам адамның басын біріктірген 2 849 коопе­ратив тіркелді. Алайда бұл саланың түйіні шиеленіскен түйткілді пробле­малары бастан асатыны мәлім болды.
– Президент Әкімшілігі тексеруінің қорытындылары бойынша ауылшарко­опе­рациясының тиімді дамуына бөгеу болған бірқатар жүйелі проблемалар анықталды. Біріншіден, кооперативтер­дің 18%-ы жұмыс жасамай тұр, 42%-ы фор­мальді түрде, қағаз жүзінде құрыла салған. Екіншіден, кооператив мүшелері өндірген өнімдерін өңдеумен және өткізумен байланысты проблемаларға кезігуде. Үшіншіден, кооперативтердің дамуын ынталандыру шаралары жеткі­ліксіз болуда. Төртіншіден, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жетіспеуде. Бесін­шіден, әкімдіктердің ұсынған деректері статистикалық дерек­терге сәйкес келмеуде, – деді Арман Евниев.
Сала мәселелерінің тізімі мұнымен бітпейді, ол әлдеқайда шұбалаңқы әрі күрделі. Дәлірек айтсақ, қолданыстағы агробағдарламаны өзектілендіру жұмысы барысында 6 шешуші проблема әшкере­ленген: олардың шешімін таппай, агро­өнеркәсіптік кешеннің коопера­циясы көп ілгері баса алмайды. Бірінші вице-министр бұлар қатарында еңбек өнімді­лігінің төмен­дігін, өнімнің бәсекеге қа­білетті­лігінің төмендігін, соның салда­рынан өңдеуші кәсіпорындардың толық жүктел­меуін, кооперативтердің техни­калық жа­рақталу деңгейінің нашарлы­ғын, білімнің жетіспейтінін, өнімді са­тудан түсетін кірістің аздығын, қосым­ша шығындардың жоғары болуын атады.
Оның үстіне кейбір жергілікті әкім­қаралардың көрсеткішті қолдан көркейту үшін кооперативтерге қатысты деректерді қосып жазатыны әшкереленді. Сондықтан ауыл-аймақ әкімдіктерінің осы бағыттағы жетістігін кооперациялар санымен бағалаудан бас тарту ұсынылуда.
– Қолданыстағы мемлекеттік бағдар­ламада белгіленген 6 индикаторды салыс­тырып қарағанымызда, олардың әлгінде айтыл­ған проблемаларды шешу дәрежесін бағалауға мүмкіндік бермейтінін, қайта кооператив мүшелері мен жергілікті атқарушы органдарды жалған ақпарат беріп, көрсеткіштерді бұрмалауға, фальси­фикациялауға ынталанды­ра­тынын анық­тадық. Сондықтан қолда­ныстағы ныса­налы индикаторларды ауыстыру қажет­тілігі туындады. Осыған орай агро­коо­пе­рацияны дамыту бағдарламасының мақ­сатын енді еңбек өнімділігін және ауыл­шаркоопе­рациясына қатысушылар­дың бәсекеге қабілеттілігін тұрақты түрде арт­­тырып отыру деп белгілеу ұсыны­лады, – деді АШМ бірінші вице-министрі.
Бұған қоса, нақты өлшеуге келетін 3 шешуші индикатор ұдайы назарда ұсталып, олар бойынша рейтинг жүргі­зілмек, бұлардың біріншісі – кооператив қатысушыларының еңбек өнімділігін арттыру , екіншісі – өнімді сатудан, со­ның ішінде экспорттаудан және қызмет көрсетуден түсетін пайданы көбейту, үшіншісі – АШК негізгі қаражатына салынатын инвестицияларды ұлғайту. Бұлардың әрқайсысы жыл сайын кемінде 10 пайызға өсіп отыруға тиісті.
АШМ-ның сендіруінше, осы жаңа нысаналы көрсеткіштер жергілікті әкім­діктер мен кооператив қатысу­шыларын өндірістік-технологиялық және марке­тингтік процестердің барлық тізбегін экономикалық тұрғыдан талдап тұруға, кедергі келтіретін факторларды анықтап, жоюға ынталандырады.
Әрине, көрсеткіштерді көркейту шенеуніктерге көбірек қызықты, ал кәсіпкерлердің басты орынға қоятыны басқа. Сол себепті, мемлекет бұдан былай кооперативтерді қалай қолдай­тынының басын ашып алды. Бірінші кезекте, ала қойды бөле қырықпай, әлдебір белгілеріне қарай сүйікті-сүйкімсізге бөлмей, АШМ қолданыстағы мемлекеттік қолдаудың бүкіл шаралары бойынша барлық АШК-ларды бірдей, тең жағдайда субсидия­лайтын болды.
Сонымен бірге, инвестициялық субси­дия, дайындаушы (заготови­тельный) ұйым­дардың қосылған құн салығын суб­си­диялау, жергілікті бюджет есебінен мал шаруашылығындағы тауарлық-специ­фикалық субсидиялар ары қарай да сақта­лып қалады. Айта кету керек, 2018 жылы кооперативтер үшін бұқаларды бордақылау шығындарын арзандатуға – 495 миллион 500 мың теңге, ал сиыр сауып, сүт өндіру­мен айналысатын коопе­ративтерді қол­дауға 478 миллион 325 мың теңге бөлінді.
Мұның сыртында бұрын болған «АӨК субъектілерінің кредиті және лизингі бойынша сыйақы ставкаларын субси­диялау» қалпына келтіріледі.
Бұдан өзге, Үкімет отырысында бар­лық әкімдіктерге кооперативтер құру бойынша индикативті жоспарлар бекіту және кооперативтердің қызметі бойынша индикативті көрсеткіштер белгілеу тәжірибесін жою ұсынылды.
Фермерлік шаруашылықтарға, шаруа қожалықтарына, АШК, жеке кәсіпкер­лерге 6 түрлі кредиттік өнімдер бойынша микрокредиттер беру жалғасады. Айт­пақ­шы, ол несие қаражатты қорасында мал ұстайтын ауылдықтар (жеке қосалқы шаруашылықтар) да иелене алады. Оның екі жолы бар екен: біріншісі бойынша олар өнімін дайындаушы орталықтарға өткізіп тұруы қажет, екінші нұсқа бойынша жеке кәсіпкер, фермер не шаруа қожалығы мәртебесіне өтуі шарт.
Өндірістің тиімділігін арттырудың негізгі құралы «көлденең» және «тік» (зәкірлік) кооперация болмақ. Зәкірлік кооперация шағын және орта шаруа қожалықтары мен фермерлердің және олар құрған кооперативтердің өңдеуші және жүйе құраушы кәсіпорындармен серіктестігін көздейді.
Кооперативтерге қауымдастықтар немесе өздерінен де ірі кооперативтер құруға мүмкіндік беріледі. Жеке қосалқы шаруашылықтар да кооперацияға «дара кәсіпкер, фермер, шаруа қожалығы формасында» қатыса алады. Бұл дамыған елдердің үлгісінен алынды. Жаңа Зелан­дия, Голландия, Швеция, Дания, АҚШ және Оңтүстік Кореяның шағын және орташа фермерлері ірі кооператив­терге бірігіп, өздерінің тиімділігін арттыруда және нарықтарды бірлесе жаулап алуда.
Тағы бір жаңалық сол, кооператив­терге қызмет көрсету үшін арнайы сайт-портал құрылатын болды. Сонда әр кооператив тіркелуге міндетті. АШМ бұл порталдың ақпарат жинауды автоматтан­дыруға және кооператив деректерін мони­торингтеуге, нәтижелерін бағалауға, жұмыс орындары санының және әр қатысу­шының еңбек өнімділігінің есебін жүргізуге, цифрлық сауаттылыққа оқыту­ға, кооперативтер мен қатысушы­лар ара­сында өзара рейтинг жүргізуге мүм­кіндік беретінін айтады.
«Осылайша, біз ауылшаркоопе­рациясының бастапқы кезеңін аяқтадық. Енді ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттырудың негізгі құралы ретінде оны дамытудың жаңа кезеңіне өтеміз » деді А.Евниев.
«ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлеловтың мәліметінше, былтыр «ҚазАгро» өсімдік шаруашылығында егіс жұмыстарын өткізу үшін 176 өндірушіні біріктіретін 11 кооперативті жалпы сомасы 9,9 млрд теңге кредитпен қаржыландырыпты. Олар 574 мың гектар аумақта егін салған. Ал мал шаруашылығында холдинг шикізатты өндіру мен дайындау, агроөнімді өңдеу үшін 7390 фермерді біріктіретін 304 АШК-ны жалпы сомасы 20,2 млрд теңгеге несиелендірді. Кооперативтерге қатысу­шылар ет және сүт бағытындағы 156 мың­нан астам ірі қара малды сатып алған.
Жиында Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев, Алматы облысының әкімі А.Баталов, Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов, ОҚО әкімінің орынбасары Ә.Өсербаев кооперацияларды дамыту қарқыны туралы баяндады.
Мәселені талқылауды қорытқан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев еңбек өнімділігі мен шығарылатын өнімдердің өсімі оң қарқын көрсеткенін атап өте келе, бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, АШМ кооператив­терді құру және дамытудың мультип­ликативтік әсерін талдауға міндеттелді: ведомство жалпы сандармен шектелмей, бірігудің ет және сүт өнімдері көлеміне, құрылған жұмыс орындары санына, сұраныс пен бағаға қаншалықты әсер етіп отырғанын нақты айтуға тиіс.
Бұдан өзге Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі мүдделі мемлекеттік орган­дармен бірлесіп, АӨК мемлекеттік бағ­дарламасына түзетулер енгізу аясында агрокоо­пера­цияларды дамыту шараларын егжей-тегжейлі пысықтауы қажет. Қабыл­данған шаралар ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайтуды, ауылдық жерде жұмыспен қамтудың жоғары болуын және агроөнімдер экспортын одан әрі арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Осы тапсырмалар бойынша жұмысты үйлес­тіру вице-премьер – Ауыл шаруа­шылығы министрі Өмірзақ Шөкеевке жүктелді.
Жиында Үкімет жасөскіндердің жаз маусымында көше шаңын бұрқыратып, бос сенделуін болдырмау мәселелерін де жеке қарады. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, биыл Қазақстанда жазғы каникул кезінде 15 мың 597 сауықтыру лагері мен алаңдары жұмыс істейді.
«Балалардың жазғы демалысы екі бағытта – сауықтыру және іспен шұғыл­дандыру бойынша ұйымдастырылады. Сауықтырумен 1-10 сынып оқушылары­ның жалпы санынан 2,595 млн бала немесе 92,2%-ы қамтылады. Жазғы ке­зеңде іспен шұғылдануға, яғни секция­ларға, үйір­ме­лерге, клубтарға, саяхаттарға және бас­қаларына 2,557 млн немесе оқушылар­дың 91%-ы тартылады» деді БҒМ бас­шысы.
Мысалға, жаз мезгілінде 1104 аула клубы жұмыс істейді, онда 144 190 бала (2017 жылы – 1088, 150 864 бала) қамты­лады. Жазда спортпен және туризммен
735 мың немесе оқушылардың 26%-ы шұ­ғыл­данатын көрінеді. Дарынды бала­лардың және әлеуметтік осал отбасы­лардағы балалардың жазғы демалысын ұйым­дастыруға қаржылық және ма­териалдық көмек көрсетуге жергілікті бюджеттерден биыл 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді.
Санитарлық-эпидемиологиялық оқиғалардың, өрттің, балалар жарақат­тануының, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алуды, меди­циналық қызмет көрсетуді және сауық­тыруды жергілікті және орталық мемор­гандардың қамтамасыз етуі бойынша шаралар Премьер-министрдің өкімінде қарастырылған. Бұдан бөлек, «Демалыс кезеңінде балалардың сауық­тыру демалысын және іспен шұғыл­дануын, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытудың 2016-2018 жылдарға арналған жол картасы» іске асырылуда.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Б.Сағынтаев балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәселесіне әкімдердің, ішкі істер, денсаулық сақтау министрлерінің назарын аударды. Сондай-ақ балалар лагерлерінің жұмы­сына қоғам­дық бақылауды күшейту және ата-аналар мен мұғалімдер арасында үнемі ақпа­раттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жүктелді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*