ҚАЗАҚ ЭСТРАДАСЫ ЖАС ТАЛАНТТАРМЕН ТОЛЫҚТЫ

1398
0
Бөлісу:

Астана аспанын үш күн бойы әнге бөлеген «Жас қанат» байқауы мәресіне жетті. Бір-бірінен асып тұрған, көңілдері тасып тұрған қатысушылар арасындағы сайыс аса тартысты болды. Тіпті финал алдында байқау жеңімпазын болжауға қазылардың өзі жүрексінді, біз күтпеген өзгерістің орын алуы мүмкін екенін мойындады. Солай болды да, бастысы, қазақ эстрадасына тағы бір таланттар шоғыры қосылды.
Биыл жиырма жетінші мәрте өткен «Жас қанатты» тәуелсіздік құрдасы деуге болады. Отыз жылға жуық мерзімде ел ықыласына бөленген эстрада жұлдыз­дарының шеберханасы іспетті. Медеу Арын­баев, Ерлан Көкеев, Нұрлан Абдул­лин, Бақыт Шадаева, Жанар Дұғалова, Мәдина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, Димаш Құдайберген – бәрі де «Жас қа­наттың» әр жылдардағы жүлдегерлері. Бұл топқа биыл кімдер қосылар екен деген күпті ойдың жауабын үш күн күтуге тура келді.
Биыл байқаудың іріктеу турынан өт­кендер қатарында Қарағандыдан Арманай Әбдімомынова, Астанадан Бақтияр Ақыл­бек, Диас Кәрімжанов, Замира Сағадиева, Ақтөбе облысынан Нұрдәулет Қуан­дықұлы, Петропавлдан Дәмел Орта­мышева, Оралдан Риза Мағзұм, Алматыдан Сымбат Сейілханова, ал Тараз қала­сынан Жанболат Таласбай, Аян Тасыров, Сәуле Тыныштықова жылдағы дәстүрге сай «Жас қанат» аллеясында естелік ағаштарын екті. Асыл ар­мандары жазылған хат­ты ағаш тамырымен бірге көмді. Бұл дәс­түр «Жас қанатпен» бірге жасап келеді, жиырма жыл бұрын жалаңаш көрінген аллея бүгінде мәуелі орманға айналған. Дәл осы күні үміт­кер­лер жеребе тас­тап, сахнаға шығатын кезегін де анықтап алған. Қай-қайсысы да «Алтын қанаттан» үмітті. Бақ шаба ма, бап шаба ма деген алаңкөңіл де жоқ емес. Себебі, бәрі де «сен тұр, мен атайын» деген жастар. Бір ғана мысал, байқаудың ең жас қатысушысы, небәрі 16 жастағы Сымбат Сейілханова «Айгөлек» балалар байқауының 2-орын иегері, халықаралық «Ғұмыр-дария» және республикалық «Әсеттің әсем әндері-ай» байқауларынан бас жүлде алған. Моңғо­лиядағы Сұлулық және өнер байқауына қатысқан. Атағынан ат үркетін-ақ өнерпаз. Ол байқаудың іріктеуінен өткенін естігенде қуанышында шек болмағанын айтады.
– Қуанғаннан секіре беріппін. Өйткені «Жас қанатқа» қатысу арманым еді, ар­ман­дар орындалатынына көзім жетті, себебі музыка – бала кезден бергі досым: онымен тыныстаймын, онымен өмір сүремін, – дейді Сымбат.
Алайда байқау шарты – бас жүлдені бір үміткер ғана жеңіп алады. Ол үшін кәсіби қазылар алқасының алдында өнер көрсету керек, ал бұл оңай шаруа емес. Себебі, «Астана Опера» театрының дирижері Аб­-зал Мұхитдинов, профессор Раиса Мұса­ходжаева, «Астана Опера» театрының бас хормейстері Ержан Дәуітов, Kazakh-TV телеарнасының директоры Сандуғаш Рахымжанова, байқаудың негізін қалау­шы Мұрат Ерғалиев бастаған, Медеу Арынбаев, Нұрлан Абдуллин, Маржан Арапбаева, Бақыт Шадаева, Мәдина Сәдуақасова қостаған қазылар сынынан сүрінбей өту, мемлекеттік емтихан тапсырудан кем емес. Оның үстіне, байқау ережесі бойынша жар­тылай финалға барлық қатысушы жол­дама алмайды. Ең аз ұпай жинаған өнер­паздар әр кезең сайын шығып отырады. Мәселен, бірінші күні доданың келесі кезеңіне Аян Тасыров, Диас Кәрімжанов мен Дәмел Ортамышева өтпей қалды.
Жартылай финалға шыққан тоғыз өнер­паздың арасындағы сайыс та оңай болған жоқ. Себебі, осы күні барын сал­маса, финалдың ауылы алыстай берер еді. Сондықтан бар күш-жігерін аямауға ты­рысып бақты.
Айтқандай, бұл күні «Жас қанаттың» «Арманға бір қадам» атты «байқау ішіндегі байқауының» нәтижесі шығарылды. Түсі­нікті болу үшін тарата кетейік, үш жылдан бері өтіп келе жатқан «Арманға бір қадам» байқауының ережесі бойынша «Жас қа­натқа» өтініш бергендер арасында іріктеу турынан өтпей қалғандардың ішінен қа­зылар келесі жылғы байқауға іріктеуден өтетін бір орындаушыны таңдап алады. Бірақ биыл «Жас қанат» байқауының та­рихында алғаш рет қатысқан үш өнерпаз­дың үшеуі де келесі жылға жолдама алды. Олар – Тоғжан Қали, Өркен Миров, Ақбота Құснадин. «Жас қанаттың» екінші күні осындай шарамен есте қалды.
Байқауда «Жас қанаттың» өткен жыл­дардағы қатысушыларына жаңа әндерін орындауға мүмкіндік беріледі. Биыл сах­нада былтырғы «Жас қанат» қатысушысы Дина Мырза мен 2016 жылы байқауға қа­тысқан Ернар Дүйсеев ән шырқады. Бай­қаудың алдыңғы жылдардағы жеңім­паз­дары Мадияр Бахтияров пен Бүркіт Жанай қонақ ретінде келді.

Димаштан жеткен сәлем

Байқау финалы қарсаңында қазылар алқасы баспасөз мәслихатын өткізіп, «Жас қанаттың» мәні мен оның болашағы ту­ралы көзқарастарын бөлісті. Бұл күні бай­қау про­д­юсері қуанышты жаңалығын жет­кізді.
Мұрат Ерғалиев,
«Жас қанат» байқауының бас продюсері:
– «Жас қанаттың» жұлдызды түлегі Димаш Құдайберген биылғы байқау қа­ты­сушыларына Қытайдан арнайы видеоті­легін жолдады. Жас орындаушыларды шы­ғармашылық өмірдегі үлкен жеңіс­тері­мен – «Жас қанат – 2018» байқауына қаты­суымен құттықтады. Бастысы – тоқтап қалмай, дамып, кемелдене беруге кеңес берді. Димаш «Жас қанат» тек тәжірибе мен қарым-қатынас қана емес, табысты шығармашылық жолдың керемет бастауы екенін айтты. Видеотілегін теле­фоныма жолдады. Біз қуана қарадық. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осы шығар. Бұл біздің еңбектің еш кетпегенін көрсе­теді. Талай жұлдыздың жұлдызын жаққан «Жас қанат» байқауы өзінің тарихында сахналық мінез-құлық мәнері, образбен жұмыс істеу, музыкалық публицистиканы дамыту жа­ғынан қазақ эстрадасының даму трендін беріп келеді. Бұл заңды да. Себебі, орын­даушыларды іріктеуге қойылатын талап өте жоғары. Кәсіби мамандардан жасақталған қазы­лардың алдына көрінген орындау­шыны әкеле алмайсың. Қазылардың жоғары талабының арқасында «Жас қа­-нат» акаде­миялық деңгейдегі байқауға айналды. Түр­лі байқауларда, телевизия­-лық жобаларда жүлде алған әншілердің өзі бұл байқауда сүрініп кетуі мүмкін.

Райса Мұсаходжаева,
Қазақ ұлттық өнер академиясының жетекші оқытушысы, профессор:
– Байқау ұйымдастырушыларының «Жас қанаттан» түлеп ұшқан өнерпаздарға қолдау көрсетіп, оларды шабыттандырып отыратынын көріп риза болдым. Мысалы, өткен жылдарда бақ сынаған өнерпаздар биыл байқау көрігін қыздыруға келіпті. Былтырға қарағанда, әнші ретінде қалып­тасқан, шыңдалған. Мұндай қамқорлықты басқа байқаулардан байқаған емеспін. Бізде, әдетте, конкурстарда орын алмаған әншіні ертеңінде-ақ ұмытып кетеді. Ал мұнда… бұл – бәріміз үйренетін дәстүр.

Медеу Арынбаев,
«Жас қанаттың» ең алғашқы лауреаты:
– «Жас қанат» байқауынан не байқа­дым, қатысушылар жылдан-жылға жаса­рып барады. Небәрі – 16, 17 жаста, соған қарамастан, жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатыр. Не деген жүрек, не деген дарын, не деген талап, не деген талғам деп тамсан­дым. Біз мұндай жасымызда көркемөнер­паздар үйірмесіне ғана қатысып жүруші едік. Байқау қатысушыларының көбі кә­сіби білім алып жатқан студенттер екен. Кәсіби білімді ала береді ғой, өз басым олар­дың табиғи талантына тәнтімін. Ар­маным – байқаудың бір күні қаты­су­шылар тек оркестрмен ән айтса, сол оларға үлкен сабақ болар еді.
Байқауға қатысушылар арасында елік­теушілік бары сезілді. Жас болған соң еліктеген жөн шығар, дегенмен, өз ба­ғытын тапқан да дұрыс. Бір жағынан өз стилін, өз бағытын табу үшін жаңа ән жа­зып, оған мол қаражат салуы керек. Оған бәрінің жағдайы келе бермейді. Бәлкім, осы байқаудан соң демеушілер де, әнін ұсынатын композиторлар да табылар деп үміттенемін.

Мәдина Сәдуақасова,
байқаудың 1999 жылғы жеңімпазы:
– «Жас қанаттың» басқа жобалардан айырмасы жер мен көктей. «Қазақстан дауысы» жобасында қазы болдым, осы екі жобаны салыстырсам, «Қазақстан да­уысында» шоуға басымдық беріледі. «Жас қанатта» сапаға мән береді, нағыз талантты бағалайды. «Жас қанатқа» вока­листер өз идеяларымен, жүрегіне жақын әндерімен келеді. Ең бастысы – қазылар алқасын­-дағы әділдік: біреудің біреуге әділетсіз төрелік етуіне жол берілмейді, бәрі қатал. Сон­дық­тан бұл байқауда бақ сынауға жү­рексінетіндер көп. Олар «Жас қанатты» үлкен асу деп қабылдайды.

«Жас қанаттың» жұлдызы – Бақтияр Ақылбек


Финалдағы байқау ережесі де қатал болып шықты. Яғни, талапқа сәйкес, ал­дыңғы екі кезеңдегі ұпай-жетістіктер фи­налда есептелмейді. Сондықтан үздік бес­тік – Бахтияр Ақылбек, Замира Сағадиева, Сымбат Сейілханова, Арманай Әбдімо­мынова және Риза Мағзом көрермен мен қазылардың махаббатын, қолдауын қай­та жаулауы тиіс болды. Жаулады да. Кө­рер­меннің тоқтаусыз соққан шапалағы мен қазылардың көңілді отырысы соған дәлел.
Замира Сағадиеваның «Ол сен емес пе?» әні, Арманай Әбдімомынованың «Заманайы» жүректерді жаулады. Бақтияр Ақылбектің орындауындағы «Деспасито» залды дүр сілкіндірді. Өткен жылы ғана әлемдік хитке айналған туынды Бақтияр­дың болмысын ашып берді. Дәл осы ән мен әнші Айқын Төлепбергеннің репер­туарындағы «Асыл жаным-ай» әні Бақ­тиярға жеңіс сыйлады деуге болар. Оның саксофонда еркін ойнауы да оның сүйкімін арттыра түскендей. Өйткені қазылар мүшесі Ержан Дәуітов оған саксофоннан айырылма деп кеңес берді. Бұл күні Бақ­тиярдың бағы жанатынын Маржан Арап­баева да астарлап жеткізгендей болды. Өзі де бір кездері «Жас қанат» сахнасында қазыларға имене қарап өнер көрсеткен ол, қатысушылардың мақтауын да келтірді, қателігін де жайып салды.
– Биылғы өнерпаздар бәрімізді жас­тығына қарамай, күрделі әндерді таңдап, таңғалдырып жатыр. Замира, сіздің еш­кімге ұқсамайтын өзіндік стиліңіз бар, сізге қарап 16 жасымды есіме түсірдім, он ал­тымда сіз секілді айта алмаған екенмін, сондықтан болашағыңыз зор деп сенемін. Дегенмен финалдағы екінші әніңді толы­ғымен жеткізе алмадың, өз басым қашан жарылыс болар екен деп күттім, бірақ мен күткен жарылыс болмады. Ал Риза қалай бастадыңыз, солай аяқтадыңыз, ерекшелік көрмедім. Ән дұрыс таңдалмаған, сізге кел­мейді. Арманай, «Заманай» – сіздің әніңіз екен, бірақ екінші әніңіз көңілімнен шық­пады, жүрекпен айтып, бар күшті кейінге қалдыру керек еді. Сіз дауысқа салмақ са­лып жібердіңіз. Бақтияр – дайын артиссіз. Харизма бар, болашақта да өзіңізді көрсете аласыз. Эстрадамыздан өз орныңызды ала­тын талантсыз! Публикамен жұмыс істеуді жақсы меңгергенсіз. Сымбат, сондай сүй­кімдісіз, тек орындауда әттеген-ай деген жерлер болды, фальцетпен айту керек еді, детонация кетіп қалды, себебі бұл сіз үшін күрделі ән, егер «Көрермен көзайымы» деген сый болса, ойланбастан сізге берер едім, – деген Маржанның пікірімен басқа қазылар бірауыздан келісті.
Сонымен, қазылар алқасының ше­шімімен «Жас қанат – 2018» байқауының «Қола қанаты» қарағандылық Арманай Әбдімомыноваға табыс етілді. «Күміс қа­нат» Замира Сағадиеваға бұйырды. «Алтын қанатты», сөзсіз, Бахтияр Ақылбек жеңіп алды.
– Әншіні көтеретін де, төмендететін де – халық. Сондықтан бұл – сіздердің жеңістеріңіз. Қолымдағы «Алтын қанат» халықпен арадағы махабаттың белгісі. Әуелі Аллама, сосын әке-шешеме алғыс айтамын. Әке-шешем ешуақытта бетімнен қақпады, қашанда қолдаумен бол­ды, – деді «Жас қанаттың» жаңа жеңімпазы.
Байқау финалына дейін жеткен Риза Мағ­зом мен Сымбат Сейілханова «Жас қанат – 2018» XXVII жас орындаушы­лар байқауының дипломанты атанды. Мара­паттау рәсімі диплом берумен ғана шектелмеді. «Астана» радиосы Замира Сағадиева, Бахтияр Ақылбек және Диас Кәрімжановқа эфирде авторлық әндерін жариялауға ротация сыйлады. «Хабар» агенттігінің ұлттық дәстүрлерді сақта­ғаны үшін берілетін арнайы сыйлығы Нұрдәулет Қуандықұлына табыс етілді. Жанболат Таласбайға Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы картина сыйлады.

 

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*