Қазақ-қытай қатынастарының жаңа белесі

900
0
Бөлісу:

Қытайға сапар жасаған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ҚХР Бүкіл­қытайлық халық өкілдері жиналысының тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Айлигенг Имингбахай бастаған делегация өкілдерімен кездесті.

Жүздесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси өзара іс-қимылды тереңдету, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, мәдени қатынасты нығайту жайы талқыланып, халықаралық және аймақтық деңгейдегі маңызды мәселелер қозғалды.
Мәжіліс төрағасы екі мемлекеттің көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпиннің салиқалы саясатының арқасында біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық серік­тестік деңгейінде өркендеп келе жатқанын айтты. Оның дамуына, Нұрлан Зай­роллаұлы­ның байламынша, Қазақстан Президентінің алда күтіліп отырған Қытайға мемлекеттік сапары қосымша серпін берері сөзсіз.
Өз кезегінде Айлигенг Имингбахай Қытайда Елбасы Н.Назарбаевтың мемле­кеттік сапармен келуін үлкен қызығу­­шы­лықпен күтіп отырғанын және бұл оқиғаға айрықша маңыз беретінін атап өтті.
«Қос мемлекет басшыларының өзара кездесулерінің қарқын алуы – қазақ­стан­дық-қытайлық қарым-қатынастар­дың жоғарғы деңгейін және бірегейлігін паш ете­ді» деді ҚХР парламентінің вице-спикері.
Тараптар атап өткендей, бүгінде екі ел Қазақстан Президентінің «Нұрлы жол» бағдарламасы мен ҚХР Төрағасының «Бір белдеу – бір жол» бастамасын ұштастыру бойынша белсенді жұмыс жасауда. Өндірістік қуаттылықтарды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында да ынтымақтастық жалғасуда. Нұрлан Нығматулин біздің еліміз цифрлы және көліктік-логистикалық инфрақұрылым, роботтандыру салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға ынта-ықылас білдіретінін жеткізді.
Астана мен Бейжің БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК секілді көпжақты алаңдарда да тығыз әрекеттесуде. Айлигенг Иминг­ба­хай жүргізілген бірлескен жұмыс­тар нәтижелеріне жоғары бағасын берді. Қытай парламентшісінің айтуынша, олар Қазақстан мен Қытай халықтарының игілігі үшін қазірдің өзінде елеулі пайда әкелді.
Кездесу иелері әңгіме барысында парламентаралық байланысты дамытуға зор көңіл бөлді. Мәжіліс спикерінің пікірінше, жоғарғы заң шығарушы ор­гандар арасындағы ынтымақтастық «стратегиялық серіктестіктің маңызды құрауышы» саналады. Парламенттердің бірлескен конструктивті жұмысы халық­тарымыз қол жеткізген достық, тату көршілік ықпалдастықты одан әрі терең­детуге әсер етері сөзсіз.
Жүздесушілер бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арқылы парламентаралық қатынастарды жан­дандыруға уағдаласты. Тек соңғы бес жыл ішінде Ынтымақтастық туралы ме­мо­рандум аясында депутаттардың 8 өзара сапары ұйымдастырылды.

Бөлісу:

Пікір жазу


*