Ілияс БАСШЫҒҰЛ: Бұл аптада валюта нарығы тұрақты болмақ

887
0
Бөлісу:

 Теңгенің долларға шаққандағы бағамы осы аптада 324-328 аралығында тұрақтайды.

Wall Street Invest Partners-тің жетекші сарапшысы Ілияс Басшығұлдың пікірінше, бұл аптада  нарыққа импульс беретін маңызды экономикалық мәлімет жоқ.  Ал апта ортасында Еуропалық кеңестің инфляция жөніндегі және АҚШ-та ауыл шаруашылығы  емес салада жұмыс істеп жүргендердің саны туралы есептері шығуы керек. Сәрсенбі – АҚШ Энергетика министрлігінің шикі мұнай қорына қатысты есебі жарияланатын күн. Ал жұма күні нарық құбылмалы болуы мүмкін, өйткені ойыншылар АҚШ-тың мамыр айындағы еңбек нарығы туралы (NonFarm Payroll) мәліметтерін күтуде.

Жалпы алғанда, бұл апта тұрақты болмақ,  бағам бойынша кенеттен туындар өзгеріс жоқ, теңгенің долларға шаққандағы бағамы – 324-328 аралығында, ал Ресей рублі үшін 5,25-5,4 теңге.

Сондай-ақ сарапшы криптовалюта нарығында теріс динамика байқалып тұрғанын айтады. Bitcoin соңғы 7 аптадағы минимумына жетіп, құлдырап кетті. Үндістан криптовалютамен жасалатын операцияларға 18 пайыз салық салуға уәде беріп отыр. АҚШ-тың Әділет министрлігі трейдерлер биткоин мен басқа да криптовалюталар құнымен манипуляция жасады деген күдікпен тергеуді бастады. Әлем бойынша  нарықты мемлекеттік ретттеуді күшейту криптовалютаға деген қызығушылықты төмендетуде.

Ү.БАКАЛЕКОВА

Бөлісу:

Пікір жазу


*