Ресейдегі қара нәсілді адамдар қалай өмір сүреді?

1204
0
Бөлісу:

Ресейдегі халық саны – 144 млн. Кей деректерде шамамен 70 мың адам (халықтың 1 пайызға жетпейтін бөлігі) – қара нәсілді екені көрсетіледі. ВВС ақпараттық агенттігі биыл Ресейде өтетін футболдан әлем чемпионаты қарсаңында, орыс қоғамында өмір сүрудің ерекшелігі туралы қара нәсілді азаматтардың пікірін топтастырып, бейнежазба жариялады.

Самсон Шоладемидің әкесі – нигериялық азамат, өзі Ресейде дүниеге келген. Туылғалы Мәскеуде тұрып келе жатқан Самсон расизмге негізделген кемсітушілікке ұшырамағанын білдірген. Тек шетелге саяхаттаған кезде төлқұжат тексеретін қызметкерлер қара нәсілді азаматтың ресейлік болғанын таңданыспен қабылдайтынын айтады. Самсонмен тілдескен қала тұрғындары оның орыс тілінде таза сөйлейтінін көріп, «Сіздің орысшаңыз өте жақсы» деп баға береді. Бейнежазба кейіпкері ондай адамдарға «Сіздің де орысшаңыз жақсы екен» деп жауап беретінін айтады.

SOVA report  хабарлауынша, 2017 жылы Ресейде 71 расизммен байланысты қылмыс орын алып, 6 адам қаза тапқан. Ресейдің Халықтар достығы университетіндегі 30 мың студенттің үштен бірі 100 елден келген – шетелдік азаматтар. Әдетте, шетелдік студенттер нәсіліне байланысты шабуылдарға жиі ұшырайтын топқа жатады. Сондықтан ВВС пікір алған өзге елден келген бойжеткен метрода белгісіз әйелден «Өз еліңе қайт!» деген ескерту алғанын, тағы бір азамат қоғамдық көлікте билет тексеретін қызметкердің әділетсіз сөгісіне тап болғанын айтады. Студенттердің бірі «Ресей азаматтары – расист» деген пікір жалған екенін, ондай адамдар әлемнің кез келген елінде кездесетінін алға тартса, Брайт есімді азамат өзі ағылшын тілінен сабақ беретін балалардың «Сен қашан ағарасың?» деп сұрайтынын әзілге айналдырады.

Ресейлік «Динамоның» ойыншысы Катерина Новосельцева өзін орыс емес дейтіндерге ұлттық құрамда ойнап, Ресей үшін көп дүние жасағанын еске салып, «Орыспын. Бар болғаны терімнің түсі ғана – қара» деп қорытындылайды.

Динара Тілеубек

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*