Қазақстандық  қызметкерлер Сингапурдың тәжірибесін зерделеуде

833
0
Бөлісу:

Астана мемлекеттік қызмет хабының қолдауымен 28-29 мамырда Назарбаев университетте мемлекеттік қызметкерлер үшін өзгерістерді басқару, экономиканы әртараптандыру және инвестицияларды ынталандыру бойынша семинар өтуде.

Семинарды Сингапурдағы Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің профессоры Лим Сионг Гуан мырза өткізуде. Ол бұрын Сингапурдың Мемлекеттік қызмет агенттігінің басшысы, Экономикалық даму жөніндегі Кеңестің төрағасы, Сингапурдың GIC Егемен әл-ауқат қоры тобының президенті қызметін атқарған.

Астана хабының басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов семинарды ашу барысында озық елдердің тәжірибесімен танысудың маңызын атап өтті: «Кез келген үкіметке басқа мемлекеттер тәжірибелері мен шешімдерінен өз еліне барынша қажеттісін  табу үшін оларды зерделеу керектігі анық. Сингапур – мемлекеттік басқару реформалары саласында көшбасшылардың бірі әрі оларды тиімді іске асыруда табысты үлгі көрсетті. Сондықтан осы елдің тәжірибесі Қазақстан үшін үлкен қызығушылық тудыруда».

Бірінші күні Президент Әкімшілігінің басқарушы буын қызметкерлері, министрліктердің жауапты хатшылары және орталық мемлекеттік органдардың аппарат жетекшілері мемлекеттік қызметтегі өзгерістерді басқару бойынша оқытылды. Атап айтқанда, олар Сингапурдың мемлекеттік секторды реформалау тәжірибесімен танысып, оны Қазақстан контекстінде талқылады. Олар сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің саяси кәсіпкерлер мен новаторлар ретіндегі рөлін қарастырды. Лим мырза мемлекеттің даму барысына қарай үкіметтің рөлі бақылаушы мен реттеушіден дәнекершіге, содан кейін ұйымдастырушы мен ынталандырушыға дейін жетілуі тиіс екенін айтты.

Екінші күні, 29 мамырда Президент Әкімшілігі мен Премьер-министрі кеңсесі, Ұлттық экономика министрлігінің және Инвестициялар және даму министрлігінің қызметкерлері үшін «Экономикалық әртараптандыру және инвестицияларды ынталандыру: Сингапур тәжірибесі» тақырыбында семинар өтеді. Семинар қатысушылары экономиканы әртараптандыру және өндірістік даму жолдарымен танысады, мемлекеттің ұзақмерзімді дамуын қолдауда фискалдық және қаржылық басқарудың рөлімен танысады, оған қоса сингапурлық тәжірибені Қазақстан экономикасына іс жүзінде қолдану мәселелерін талқылайды.

 Айнұр ҚАЗЫКЕНОВА

Бөлісу:

Пікір жазу


*