РЕФОРМА ЖҮЗЕГЕ АССЫН ДЕСЕК…

2370
0
Бөлісу:

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа ашық хат

 

Аса мәртебелі  Нұрсұлтан Әбішұлы!

 

Сіз  тәуелсіздік таңы арайлап атқан алғашқы күннен бастап білім саласына  айрықша назар аударып, кешегі кеңестік коммунистік білім беру жүйесін бүгінгі өркениеттік білім өрісіне  қарай жетелеп келесіз. Реформа!   Бүгінгі білім өрісі қандай – қоғамның  келешек өресі сондай!   Білім саласындағы реформа әп сәтте  жүзеге аса қоятын мәселе емесі тағы белгілі. Сіз білім саласын реформалау үшін қаншама министр алмастырдыңыз.  Олардың дәреметі білім саласының кезеңдік бір межесін жаңалауға ғана  жетеді. Жетеді де ел бетіне тура қарауға жүзі шыдамай алды-артына қарамай жүзін жасырып кетеді. Жасыратын ештеңесі жоқ, Білім министрлері арасында тұлға дерлігі аз, кездейсоғы  көбірек. Сұңқар самғап шығар биікке тамыр-таныстық сағалап, сыбайласып жыланша жорғалап шығатын жолтапқыштар көбірек қой  біздің қазақ қоғамында. Өкінішті. Бірақ, амал жоқ. Жаңалық әп сәтте  жақсылыққа айналып жүре берер ме әсте?! Республика Білім саласы мектепке дейінгі, мектеп, жоғары мектеп секілді үш буыннан тұрады. Сіз қандай министр тағайындайсыз – республикадағы білім сапасы соған қарай өзгеріске ұшырайды. Бірде күнгей, бірде теріскей!  Өйткені министр өзінде жоқ қасиетті  қайдан алады?! (Үш саланы жіліктеп, әңгіме арқауына айналдыруға болар еді.) Бүгін Сіздің қаперіңізге салғалы отырғаным Жоғары мектептің жайы. Оның ішінде бір халықаралық университеттің бүгінін айтып, ертеңіне алаңдаушылық білдіру менікі!

Бұдан ек-үш жыл бұрын сол кезгі вице-премьер Бердібек Сапарбаевқа Жоғары мектепті реформалау туралы тапсырма бердіңіз. Әкімдік институттағы Сіздің тапсырмаңызды мүлтіксіз және шығармашылықпен атқарар ілкімді тұлға әдеттегідей ағымдағы баспасөзде жалпақ жәмиғатпен  ақылдаса отырып, Жоғары мектепті реформалауға кірісіп кетті. Сол тұста «Айқын» газеті бетінде Шыңғыс Е. есімді азаматтың «Ел болашағын сапалы білім анықтайды…» (25.01.2016) аталатын ащы сұхбаты жарық көрді. Сұхбатта Жоғары мектептің ректорлары  жаңарған қоғам үдерісіне ілесе алмай отырғаны  ашық та ащы айтылған. Елбасының кейбір жоғары оқу  орындарына ректорды сырттан (шет елден) арнайы шақырып, тағайындау себебін де осы ыңғайда тілге тиек етіп еді ол жас азамат. Өкініші Елбасы идеясы талданып, мәселе көтеріпті-ау деген жан баласы болсайшы билікте? Басқа қызметке ауысып кеткен Б.Сапарбаев қана Елбасы реформасы   дұрыс насихатталып, мәселе дұрыс қойылған екен деген жалғыз ауыз қолдау білдірді. Есесіне, мақала авторын өзі қызмет істейтін жоғары оқу орны басшылығы Ғылыми кеңеске  салып, сын тезіне алсын. (Оқу орнының басшысы жаңалықшыл-ақ тұлға еді. Шамасы, айтылған сынды өз атына қабылдаған.) Өкінішті. Жақында «Казахстанская правда» (14.03.2018.) газеті бетінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік  институты  замана ағымына ілесе алмай отырғаны  аяусыз айтылған Т.Райымбердиев мақаласы жарық көрді. Мақала тағы да назардан тыс қалды. Авторы конкурстан «құлады».

Осы екі жағдайдан соң  Сіздің «Жоғары мектеп саласындағы реформаңызды сала жетекшілері жүзеге асыруға аса құлықты емес пе?» деген ой келеді екен еріксіз.  Министр қайда қарап отыр?  Облыс басшылығы сол өңірдегі жоғары оқу орнының Қамқорлық кеңесінің  төрағасы болып шыға келетіні несі? Олардың дені кешегі алакөбең уақытта мансап үшін ғана қорғаған ғалымсымақтар емес пе еді?! Жоғары мектептің қадіріне жетер ме олар? Сұрақ көп.

Реформалауды қажет ететін жоғары оқу орнының бірі – Түркістандағы Қ.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті. Сіздің жарлығыңызбен  ашылған тұңғыш халықаралық жоғары оқу орны.  Негізі, 1991-92 жылы қаланды.  Өтпелі кезеңде ашылған оқу орны кезінде Түркия  Республикасының қолдауымен Қазақстандағы білім жүйесінің алғы шебіне шықты. 27431 студент оқытқан жылдарымыз болды. Жылына оқуға 36 түрік ұлт-ұлысынан 200 талапкер қабылдадық. Қазақ диаспорасынан 200 талапкерді және қабылдаймыз.

Түркістанға  бір сапарыңызда: «Қ.Яссауи атындағы халықаралық қазақ түрік университеті Түркістанды өркениет биігіне көтеруге тиісті. Түркістан ендігі жерде бір қазақтың ғана емес, күллі түрік халықтарының рухани астанасына айналып өседі» дедіңіз.

1926 жылы Бакудегі тұңғыш түріктану конгресі эстафетасын қабылдап алып, Түркістанда Екінші дүниежүзілік түріктану конгресін өткіздік. Дүниежүзілік түріктану қоғамы штабы Түркістанда болсын деп шешті түріктанушы ғалымдар. Парижде тіркетіп «Түркология»  халықаралық журналын шығардық.

Сіз Нахчибанда Түрік мемлекеттері САММИТНДЕ сөйлеген сөзіңізде «Түркістанда Түрік академиясын ашамыз. Ол күллі түрік халықтары тарихын ортақ зерттейтін болады. Академия жанында кітапхана, музейі болуға тиісті» деген едіңіз. Жәрдемшілеріңіз Сіздің көрегендікпен айтқан идеяңызды Астанаға бұрып жіберді. Орындалған іс қой, әйтеуір. Ол да дұрыс шығар. Түркістанда Түрік академиясының филиалын ашса, олқылықтың орны толар.

Өз басым Сіздің келешекті көздей айтқан осы  сөздеріңізді басшылыққа алып, жәдігер шаһар Түркістанда «Түріктану музейін», «Түрік тілдес халықтар кітапханасын», «Түрік халықтары өнер галереясын» ұйымдастырып аштым. Тұсаукесеріне М.Жолдасбеков, Ө.Айтбайұлы, Г.Юнусова (Ресей Федерациясы Думасының депутаты болған), Х.Миңнегулов, Н.Фазылов, А.Акматалиев, С.Бахадырова секілді татар, башқұрт, өзбек, қырғыз, қарақалпақ түріктанушы ғалымдары қатысты. Көрнекті түріктанушы М.Жолдасбеков (Қазақстан тарапынан университеттің ашылу рәсіміне түркиелік вице-премьер Четинмен бірге қол қойған ресми өкіл): «Қазақ байыса ресторан салады. Ал Құлбек қарызданып, қауғаланып жүріп өз қаражатына Түркістанда музей, кітапхана, галерея секілді мәдени-ағарту ошақтарын салып, жасақтап ашып отыр. Мемлекет тарапынан жасалатын осыншалық мәдени ошақты жалғыз-дара жүріп жасақтап ашқаны – Елбасының Түркістанды көтеру, Түрік халықтары интеграциясы туралы айтып жүрген дүрдана ойын жүзеге асыру емес пе?» деп тебірене  сөйледі.

Сіздің осы  кемел идеяңызды жүзеге асыру жолында  жасаған шаруамды қадіріне жетіп бағалаған Мырзатай ағаға ризамын.

«Түрік халықтары музейінде» күллі түрік ұлт-ұлыстары тарихын экспозициялап, 24 түрік тілінде 40 мың кітап жинақталған «Түрік тілдес халықтар кітапханасын» одан әрі халықаралық байланысқа шығарып дамыту, «Түрік халықтары өнер галереясында»   өзбек бейнелеу өнерінің негізін салушы Орал Таңсықбаевтың (қазақ), 1937 жылы Қазақстанға қашып келіп жан сақтаған татардың бояуынан ой тамшылаған тамаша суретшісі Бақый Урманченің (татар), қырғыз суретшісі Сүйменқұл Чокмаровтың көркемсурет көрмесін өткізу амалындамын.

  Айтылған мәдениет ошақтары Сіз айтқандай, Түркістанды түрік халықтарының рухани астанасына айналдырады деп ойлаймын. Есесіне Сіз сенген ХҚТУ осындай игілікті  іске септесе алмай отыр. Қ.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің бүгінгі жағдайы көңіл көншітпейді. Университет Түркістанның  өркениеттік даму үдерісіне ілесе алмай қалды. «Филиал жойылсын» деген әпербақандықпен  облыс-облыстағы филиалдарымыз жабылып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті…

Сіз орайымен ашқан ХҚТУ түріктану басым бағытындағы оқу орны болуға тиісті еді. Тіпті Сіздің идеяңызды әуелден-ақ түсініп Ресейдегі РУДН секілді – Түрік халықтары университеті етіп құру керектігін   айтамын деп екі жақты басшыға да жақпай келемін өз басым. Әлі күнге бізде түріктану мамандығы жоқ. Осының себебін іздегенде басшылыққа барып тіреліп қала беремін. Күні бүгінге дейін оқу орнына басшылық жасаған  6 (алты) азаматтың  бірде-бірі (Қазақстан тарапы) түріктанушы емес. Химик, математик. Ең бастысы олардың ешқайсысы да «түріктанудың» не екенін білмей келеді, 5 жыл отырып, «түріктану» айналып келгенде өзіміздің түптарихымыз екенін түсінбей-ақ кетеді. Түркия тарапы, обалы не, Өкілетті кеңестің басына түріктану ғылымын түсінетін азаматты бекітеді. Түріктанудың не екенін түсінбей мансап иеленген ректор (президент) Өкілетті кеңес төрағасына тәуелді күй кешеді. Оның үстіне, қазақ жағынан тағайындалатын ректордың ұлттық рухы, мемлекетшіл дүниетанымы бола бермейді. Сондықтанда (тіліміз жазықты) қызметін пайдаланып,  «қара параға» бейімделіп жүре береді. Бірінші басшының қасіретті осы мінезі олардың қадірін кетіреді. Маман емес басшы түркиелік Өкілетті кеңес төрағасына  басыбайлы күй кешеді. Олай ету Еліміздің абыройына нұқсан.   Ректордың пенделік әлсіздігін тиімді  пайдаланатын түркиелік ағайындар   университеттің жұмысын  түркия мүддесі тұрғысынан бір жақты жүргізеді.  Қаржымен тең дәрежеде қамтамасыз етілетін қазақ топырағындағы оқу орны сөйтіп, қазақ руханиятына қызмет ете алмай құлдыраумен келеді.

Кезінде 27 431 студент оқитын  оқу орнында, бүгінгі таңда  ұзын-ырғасы 7 мыңнан астам ғана бала оқиды. Қазақстан  отаны жоқ, тілі өшіп, өздері «өліп» бара жатқан түрік ұлт-ұлыстары үшін «кіші отанына» айналып үлгеріп еді. Әттең-ай, бұл бағыттағы жұмыс селқостанып күннен күнге түрік ұлт-ұлыстары талапкерлері  азайып барады.

Халықаралық өреде жұмыс істеген «Түркология»  ғылыми-зерттеу институты ісі қожырап тынды. Халықаралық өреде танылған «Түркология» журналы жабылды десе болады. Түркология Түркістанға жинақталып барып, ыдырап кетті. Әлемдік түркологияда Түркістанның рөлі жоқ бүгінде! Халықаралық оқу орнында теңқаржылық жағдайына қарамастан қазақтың ролі қалмады. Әсіресе, идеологиялық басымдықты қолдан бердік. Өз елімізде, өз жерімізде жүріп идеологиялық қысымға түстік. Тарихи туыс елмен серіктестігіміз аяқасты болды. Ректордың әлсіздігін пайдаланып бір кезде екі елге тең дәрежеде жасалған «ЖАРҒЫНЫ»  түркиелік ағайындар 2012 жылы өздеріне ыңғайлап, қайта жасап алды. Шет елдің әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарымен серіктестік байланыс әлсіреп кетті.

Оқу орны  өркендеген сәтінде жетістігіне сүйініп «Елбасы батасымен көгерген…» (Егемен Қазақстан. 2008 ж.) атап мақала жазған басым, енді бүгін кемшілігіне күйініп, өзіңізге  жүгініп отырған жайым бар. Оқу орнының негізін салушылардың бірі ретінде Қ.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің бүгінігі ахуалына қатты алаңдаймын. Құлдыраудың сырын іздеймін. Құлдырау сыры неде? Құлдыраудың басты сыры – оқу орнына ұлттық рухы биік ұлтшыл, мемлекетшіл  тіпті түрікшіл тұтас тұлғалы жетелі басшының  тағайындалмауынан!

1.Ашылғалы бері түркологиялық басым бағытты университетке танымал түрколог маман басшы болған емес. Түркологиялық университетте сол себепті түркология мамандығы болған емес, бүгін де жоқ.

  1. Химик, математик т.б. техникалық мамандық иелерінің ректор  ретінде қайталануы көңілге күдік ұялатады. Биліктің белгілі бір буынында   кадр бизнесі қызды деген сөз бұл.
  2. Алты ректордың 5-уі көрші Түлкібас ауданының азаматтары болуы ше?   Кейбір керауыздың Түрік-Түлкібас университеті деп мырс-мырс күлетіні де сондықтан. Осының баршасы әрі салса сыбайластық, бері салғанда жемқорлық сияқты болып көріне береді бізге. Халықаралық университет үшін осынымыз жарасымды ма? ХҚТУ- аудандық,  облыстық оқу орны  емес, халықаралық оқу орны  еді ғой.
  3. Ұсынысты осыдан шығарып айтсақ, оқу орнын дүниежүзіндегі тұңғыш түріктанушы оқу орнына айналдыру, Түрік халықтары университеті етіп қайта құру қажет-ақ.

Енді міне, кезекті ректордың (Президент) басқару мерзімі аяқталды. «Сөмке» арқалап, «көке» іздеп жүгірген азаматтар министрді сағалап,  билікті жағалап жүрген шығар…  Елімізге 27 жыл. Біздің оқу орнына 27 жыл. 27 жылда бұл оқу орнының бірде-бір басшысы жақсы ат алып кетпегені Сізге мәлім. Түркия тарапынан Сіздің атыңызға хат жолданып, ректор біткен жағымсыз сипатталып кетіп жатады.

Аса мәртебелі Елбасы!

27 жыл ішінде ілгерілеп барып, құлдырай жөнелген осы оқу орнын еларалық халықаралық өреге көтеру, алдыңғы қатарлы әлемдік оқу орындарымен серіктестік әріптестікті нығайту, сол арқылы қазақ елінің мәртебесін көтеру (Түркістанды өркениет биігіне көтерісу міндеті тағы бар) бәрі де бауырлас елдің тілін де, ділін де білетін, ең бастысы қолы таза – ұлттық рухы биік, мемлекетшіл  жетелі басшыға байланысты. Жетелі басшы тағайындалса, селқостықтан кеткен кемшіліктер жойылып, түрік мемлекеттері САММИТІНДЕ Сіз айтып жүрген кемел идеялар жүзеге асарына, ХҚТУ  жалпытүріктік игі істердің жүзеге асуына септесер іргелі оқу орнына айналарына  күмән болмасқа керек.  «Бәрін де кадр шешеді» (И.Сталин). Қ.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне жетелі маман басшы  келсе  Сіз айтқандай, дүниежүзіндегі тұңғыш – Түрік халықтары университетіне айналарына сенемін! Түрік халықтарына ортақ қызмет ететін тұңғыш оқу орны – Түрік халықтары университеті қазақ жерінде, қазақ елінде «Түрік халықтарының рухани астанасы» (Н.Назарбаев) – Түркістанда білім Бәйтерегіне айналып, айналасына білім нұрын шашып  тұрса, шіркін!

 

Сізге деген құрметпен  Құлбек ЕРГӨБЕК,

 түріктанушы ғалым, профессор, жазушы,

Жазушылар одағы басқарма мүшесі,

Президент стипендианты,

Парасат орденінің иегері.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*