Қамданған баспанасыз қалмайды

1218
0
Бөлісу:

Өткен жылы жылжымайтын мүлік нарығы бір қалыпқа түсті. Баспана бағасы төмендеуін тоқтатты, сатып алу-сату мәмілесінің саны артты, сондай-ақ баса мән беріп айтатын жайт – сатып алу-сату мәмілесінің ұлттық валютадағы үлесі арта түсті. Нарықтың қыза түсуіне мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы, құрылыс компанияларының арнайы ұсыныстары, бөліп төлеу тәсілінің қолданылуы, тағы да басқа жағдайлар әсер етті. Мамандар жыл басталмай жатып осы үрдіс әрі қарай жалғасын табады деп болжаған. Жылжымайтын мүлік нарығын күрт өзгерістер күтіп тұрмағанына, яғни баға тым шарықтап көтеріліп немесе тым құлдырап төмендемеуіне тоқталған. 

Қалай дегенде де былтыр жылжымайтын мүлік нарығы қолайсыз жағдайға дағдыланып, әрі қарай дамуға дайын болды. Пәтерлер бағасының белсенді төмендеуі басылып, сатып алу-сату мәмілесінің санында оң нәтиже байқалды. Ұлттық экономика министрлігінің мә­лі­метіне қара­ғанда, бұрнағы жыл­мен (қаңтар-қараша) салыс­тырғанда тіркелген мәміле саны 28,6 пайызға артқан. Жылжы­май­тын мүлік бағасының құлды­рауы өткен жылдың қаңтар айында тіркелген, содан кейінгі уақыттың бәрінде баға тек қана өсіп отырды.
Байқап отырғанымыздай, қазір бастапқы нарықтағы тұр­ғын үйге деген сұраныс артып тұр. Бұл елдің әлеуеттік ахуалы жақ­сарып, жақсы тұрмысқа деген ұмтылысын аңғартады. Мүмкіндігі барынша жаңа салынған үйлерді сатып алғысы келетіні сондықтан. Бұл ахуалға мүмкіндік туғызған «Нұрлы жер» бағдарламасының іске асуы, бөліп төлеу тәсілінің қолда­ны­луы, акция және құрылыс ком­панияларының басқа да қо­сымша бағдарламалары. Сатып алу-сату мәмілелерінің артуына екінші нарықтағы үйлердің сатылуы да оң ықпал етті. Өткен жылы қалыптасқан осы ахуал биыл да қайталанады деп болжам жасалған.
Жалпы, жылжымайтын на­рықта не болып жатқанын түсіну үшін сұраныс факторын ескеру қажет. Оған халықтың төлем қабілеті, несие құралдарының қолжетімділігі, еркін ақша айна­лымының сенімді және тиімді инвестициялану мүмкіндігінің болуы, мұнайдың әлемдік бағамы, құрылыс ауқымы, көші-қон жайы, басқа да факторлар. Бір немесе бірнеше фактордағы өзгерістер жылжымайтын мү­лік бағасына әсер етеді. Сала­ның даму жағдайын сараптап қарағанда, биыл бұл нарықтағы бағада аса өзгерістер бола қой­­майды. Мемлекеттік бағ­дар­ла­маларды іске асыру жал­ғаса береді, өз кезегінде ипоте­ка­лық секторға да жан бітеді, құрылыс компаниялары да өз ғимараттарын сатуда жаңа шарттар ұсынады. Өйткені нарықта бәсекелестік болған сайын олардың әрқайсысы өзіне көбірек адам тартуға жанталаса жұмыс істеп, іздене түседі.
Жоғарыда баспана алуға үміттілердің көбі пәтерді жаңа салынған үйден алғысы келетінін айтып қалдық. Әйтсе де, тұрғындар жаңа салынған үйлердің сапа­сына күмәнмен қарайтын кезі де болады. Талапкерлерлер мұндай жағдайда сол үйді салған құрылыс компаниясының аты мен затына, яғни нарықта қанша уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибесіне мән беретіні рас. Нарықта он жылдан артық жұмыс істеген құрылыс компанияларын тұтынушылар сенімді деп таниды.
Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясы президенті Ермек Мүсірепов жыл басында «Биыл жаңа қолжетімді үйлер пайдалануға беріледі, құрылыс индустриясы қарқын ала түседі» деп болжам жасаған болатын. «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысушылардың несиеге қол­жетімділігі артады. Бір қуа­нар­лығы, осы кезге дейін жиі сынға алынып келген аймақтар мен моноқалалардағы құрылыс қарқыны артатыны тілге тиек етілген. Ескі үйлер бұзылып, орнына жаңа үйлер бой көтермек. Жас отбасыларға арналған бас­па­налар мен жатақханаларды тұрғызу мен оған несие беруге баса назар аударылмақ. Осы мәселе соңғы жылдары жиі ауызға алынып жүрген болатын. Кеңес Одағы кезінде жас отбасыларды, мамандарды баспанамен қамту мәселесі біраз жолға қойылғаны, сол тәжірибені енгізуге болатыны талай рет айтылған. Өйткені жас маман баспанамен қамтылатын болса, ол алаңсыз жұмысын істеп қоғамға пайдасын тигізері сөзсіз. Әр нәрсенің қайтарымы бар. Бұл ретте жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді жолға қойсақ та қоғамның ұтар тұсы көп екені анық. Бірін­ші­­ден, жас отбасы мүшелері де жас мамандар. Екіншіден, олар жұмыс істеп қана қоймай, елдің демографиялық жағынан өсуіне де өз үлестерін қосатын жастағы ұрпақ. Сондықтан мұндай отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ете алатын болсақ, онда ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Екінші нарықтағы, яғни бұры­нырақ салынған үйлердің бағасы 2015 жылдан бері бір­тіндеп түсіп келеді. Сол жылы доллар баламасымен 30-33 пайызға түскен. 2016 жылы теңгемен –13-15 пайызға, ал өткен жылы 6-7 пайызға төмендеген. Нарықтағы жаңа үйлер бірқа­лыпты бағаны ұстап тұр деуге болады. Өткен жыл бойы Аста­нада жаңа пәтердің шаршы метрінің құны 308-318 мың теңге аралығында болды. Алматыда баға жоғарырақ, шаршы метрі 430-450 мың теңге аралығын қамтыды. Жыл соңында пәтердің шаршы метрінің орташа құны 438 мың теңгені құрады. Былтыр да соңғы кезде қалыптасқан үрдіс бойынша 2000 жылдан бергі уақытта салынған үйлерге деген сұраныс жоғары болды. Сатып алушылардың 80 пайыздайы дәл осындай баспананы қалаған. Одан бұрын салынған үйлердің, біріншіден, сапасына көңілдері толмаса, екіншіден, мемлекеттік бағдарламамен берілетін үйлер­дің басым бөлігі жаңа салынған үйлер болғандығы.
«Көрпеңе қарай көсіл» де­мекші, бір қызығы, кейінгі кезде шағын пәтерлерге сұраныс артып келеді. Үлкен ауқымды баспана алам деп несиеге белшеден батып, оны қайтара алмай түрлі жағдайға душар болғандарды жақсы білеміз. Оған қарағанда қазір ел есін жинап, жан-жаққа сергек көзбен қарап, ақылмен қаржы жұмсауға дағдылана бастады деуге болады. Деректерге қарағанда, сатып алушылардың 80 пайызы 1-2 бөлмелі пәтерлерге қызығушылық танытқан. Бұл үрдісті байқаған құрылыс компа­ниялары кейінгі кезде шағын ауқымды, комфорт және эконом-класс үйлерді тұрғызуға ден қоя бастады. Қазіргі таңда тіпті 16 шаршы метрлік пәтер-студиялар бар. Бұдан сұранысқа қарай нарық та реттеле бастағанын бай­қаймыз. Сарапшылардың пайымдауынша, осындай ком­форт және эконом-класты үйлерді тұрғызу биыл да қарқын ала түседі. Өйткені жағдайы бар­лар осы күнге дейін өзін және бала-шағасын жайлы баспана­мен қамтамасыз етіп болды. Қазір қалталылар артық ақшасын бизнестің басқа түріне жұмсауға бағыт ала бастады.
Қазіргі таңда жылжымайтын мүлік нарығында алыпсатарлар азайды. Бірнеше пәтерді қа­тар сатып алып, сосын оны қай­та сатумен айналысатын инвес­­торлар жоқ. Өйткені қазір мар­жа тіпті шағын, нарықта тек жыл­жы­май­тын мүлікті қажет ете­­тін сатып алушылар ғана. Мұндай үр­діс­тің өзі үнемі көші-қон үдерісі болып тұратын үлкен қалаларда.
«Баспананы қай кезде сатып алған тиімді?» деген сауал туын­­даған кезде сарапшылар желтоқсан және қаңтар айын ұсынады. Әсіресе, жаңа жылдың қарсаңында екінші нарықтағы үйлер бағасына қомақты жеңіл­дік жасалатын сәттер де болады. Тек нарықты үнемі бақылап, зерттеп, сараптап отыру қа­жет. Бірінші нарықтағы, яғни жаңа баспаналарға да тұтыну­шыларды тарту үшін құрылыс компаниялары түрлі акциялар ұйымдастырып жатады. Нарық­ты үнемі зерттеп жүргендер мұндай жаңалықты да назардан тыс қалдырмайды. Егер қыс­та баспана сатып алудан кешігіп қалсаңыз, өкінбеңіз. Сарапшылар жаз айларын да пәтер немесе үй сатып алуға қолайлы деп санайды. Биылғы жаз айларында да солай болады деп күтілуде. Елдің басым бөлігі еңбек демалысын жаз мезгілінде алып, жақсы тынығып қайтуға қам жасайды. Сол се­беп­ті сатып алу сұранысы төмен­дейді. Сатушылар бағаны анағұрлым төмендетуге мәжбүр болады. Ақша шұғыл керек болып, тезірек баспанасын сатуға қоятындар да бар. Мұндай сатушылар айтарлықтай жеңілдік жасауы да ғажап емес. Екінші нарықтағы үйлердің бағасы бір түсіп, бір көтеріліп, құбылып тұруын жақсылықтың нышаны деп қабылдап, сатып алуды жылдамдатқан жөн. Нарықтың құбылып тұруы, яғни бірдей бас­панаға әр сатушы әр түрлі ба­ға ұсынуы кейбір, расында да, сол баспананы сатуға мүдде­лі­лер­ді жылдамдатып жібереді жә­не олар жоғары жеңілдік ұсы­­нуы да мүмкін. Өйткені олар өз аяғымен келіп тұрған клиент­тен айырылып қалмауды көз­дей­ді. Мұндай сатып алу-сату мәмі­лесінде сауда 10-12 пайыз­ға дейін жеңілдікпен жа­салуы мүмкін. Тұрақты немесе шарықтап тұрған нарықта мұндай тиімді мәміле жасалуы екіталай.
Соңғы деректерге қарағанда, қазіргі таңда елімізде 450 мыңнан астам отбасы мемлекеттік бағ­дарламалар бойынша кезекте тұр. Ал жалпы алғанда 2 миллионнан астам адам баспанаға мұқтаж. Демек, алдағы уақытта да елде баспана тұрғызу мәселесі қарқын алуға тиіс. Осы сұранысты то­лықтай ақтау үшін 2 триллион теңгеден астам қаражат керек екен. Бұл – қомақты қаржы. Дегенмен қазіргі таңда тұр­ғын­дарды бас­панамен қамту жайлы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы бұл мәселенің түйінін жайлап шешуге тал­пы­ныс жа­салып жатыр. Аз уақыт­тың ішінде бұл әрекет оң нәтижесін де бере бастады. Сол себепті, алдағы жақсы күннен үміті зор еліміздің әрбір азаматы тұрғын үй мәселесіне қатысты жаңалықтарға құлағын түріп, үнемі ізденіп жүруге тиіс. Сондай-ақ аздап болса да қор жинап, баспана алуға қамданғаны абзал. Ал ондай мүмкіндікке қол жеткізудің қазіргі таңда түрлі амалы, жолы бар.

 

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*