Жаңа төлем мәселені шеше ме?

1127
0
Бөлісу:

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда елімізде 2,7 миллионға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтар бар екен. Соның ішінде 1,14 миллионы – келісімшартсыз, бейресми жұмыс істейтіндер болса, 1,5 миллионы – «тиімсіз» өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен жұмыссыздар. Қайта құру жылдары қысқаруға ұшырап, тұрақты жұмыстан айырылған, шағын қора-қопсысы барларды да, сауда мен қызмет көрсету саласында нәпақа тауып жүргендерді де, адам тасып күн көріп жүргендерді де бір ауыз сөзбен осылай атай салған еді. Ресми түрде «өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» аталғанымен, қазір олардың бір бөлігі жұмыссыздардың қатарын көбейтіп тұр. Уақыт өте келе бұл азаматтардың салық, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінен шет қалғаны анықталды. Соңғы жылдары ел Үкіметі «өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды» есепке алуды, заңдастыруды мықтап қолға алғаны белгілі. Онсыз міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мүмкін емес. Ешбір жарна төлемейтін адам ауыра қалған жағдайда қайда барады? Сондықтан әр азаматтың атында есепшот ашылып, онда аз да болса, қаражат жатуы тиіс.

Осы мақсатта алдағы уақытта Бірыңғай жиынтық төлем енгізілмекші. Жаңа режимнің негізі – өзін-өзі жұмыспен қам­тушыларға салынатын салықта жатыр. Ұлттық экономика ми­нистрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл – ешбір жерде есепте жоқ азаматтарды жүйеге тартып, заңдастыру үшін жасала­тын нақты шараның бірі. Бірың­ғай жиынтық төлемге салық пен зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорына жасалатын жарна жиынтықта­лады. Оның ең аз шекті көлемі – қалалықтар үшін 1 АЕК, яғни 2 405 теңге, ал ауыл тұрғындары үшін 0,5 айлық есептік көрсеткіш (800 теңге). Төлемнің 10 пайызы жеке табыс салығына, 40 пайызы міндетті зейнетақы жинақтау шотына, 10 пайызы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, қалған 40 пайызы медициналық сақтандыру жарнасы ретінде жі­бе­ріледі деп жоспарлануда. Атал­ған төлемді жылына – 280, айына 28 мыңнан аспайтын табыс табатын адамдар ғана жасай алады. Яғни, шенділердің пайым­дауынша, болашақта аз да болса зейнетақыдан үміті бар, ауруха­наға именбей кіргісі келетін аза­маттардың барлығы ертеңін бүгін ойлауы керек. Бұл мәселе жыл соңына дейін заңмен бекітілмек.
Алайда сарапшылардың пі­кірінше, бірыңғай төлем жүйесін енгізу – қордаланған мәселенің бір шеті ғана. Қаржыгер Ілияс Исаев ең алдымен «өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтушы» деген ұғымды ғылыми негіздеп, нақты кімдер жататынын анықтап алу қажет деген ой айтады. Ауылшаруа­шылық кооперативтері ұлттық одағының басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков ауылдық жерде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың басын коопера­тивке біріктіру керек деп тұжы­рымдайды: «2011 жылы Үкіметтің қаулысымен «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдар­ламасы қабылданған болатын. Оның басты мақсаты – өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтамасыз етіп отыр­ған азаматтарды нақты жұмыспен қам­тып, табыс табуына, салық тө­леуіне, зейнетақы жарнасын ау­даруына мүмкіндік жасау. Зей­нетақы 63 жастан кейін төленеді, «оған дейін кім бар, кім жоқ?» дейік. Әлеуметтік сақтан­дыру да күнде қажет ететін қор емес. Ал мәселенің күрделеніп, өткірленіп кеткені – 2016 жылы Медицина­лық сақтандыру қоры құрылған­нан кейін. Демек, бұл – күнделікті қажет нәрсе. Алда-жалда ауырып қалып, ауруханаға барсаңыз, міндетті түрде полисіңіз болуы керек. Қарапайым халықтың база­­лық қызметті алуы үшін есеп­шотында аз да болса, қаржы жа­тып, жарна жасалуы шарт. Ал жар­наны тек кірістен төлей аласыз. Қайда жұмыс істейтініңіз маңызды емес. Дәл осы жерде 3-3,5 миллионнан астам адамның ешбір жарна жасамайтыны белгілі болды. Яғни, зейнетақы, сақтан­дыру, салық жүйесінен шет қал­ған».

Ілияс Исаев, қаржыгер:
–Өзін-өзі жұмыспен қамтушы де­геннің анықтамасы қандай, оның параметрлері болуы керек. Жылдық табысы осындай, табыс­тың тұрақты көзі, кәсіптің өнімі қандай сұранысқа ие, нарыққа қаншалықты қатысы бар – нақты ғылыми анықтамасы жоқ. Үкімет кейде атүсті қарайтын секілді. Бұл мәселе жан-жақты терең талдауды қажет етеді. Бұған талдау жасауға ғылыми әлеуеті де жетеді. Өйткені өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандардың көпшілігінің тұрақты табысы жоқ. Жеңіл көлі­гімен аудан орталығына адам таситындар, есігінің алдында аз-маз бақшасы, қорасында бірді-екілі қарасы бардың бәрі – өзін-өзі жұмыспен қамтушының қата­рына кіріп кеткен. Ал ауылдың экономикасы бөлек, қаланың эко­номикасы бөлек. Кейде қала­ның экономикасына қатысты тәсілдерді ауылға қолданып қоя­мыз. Ауылды қаламен салысты­руға болмайды. Мәселен, біреудің борттық көлігі бар делік. Ол соны­мен шабындық кезінде шөп тасиды. Осыны біз қалайша тұ­рақты табыс деп айта аламыз? Сондықтан өзгеше әдістеме жетіспейтін секілді. Тұрақты табыстың көзі кәсіпке негізделуі шарт. Мұның мақсаты – мемле­кеттік бюджеттің кірісін толтыру. Елімізде орталық пен ауылдың арасын жалғайтын жалғыз аяқ жолы бар дотациямен күн көріп отырған аудандар бар. Сондықтан терең талдап, ғылыми негіздемесі жасалуы шарт. Әрине, мемлекет­тік саясаттың мақсаты ауылдағы кәсіпті жандандырып, аяғынан тұрғызып, өз бюджетін қалыптас­тыру болуы керек. Сол үшін де ауыл әкімдерін тұрғындар өздері сайлайды деп жатыр. Ауылды басқару үшін әкімнің жылдық бюджеті болуы тиіс. Кейде қаржы жағын алға қойып, өндірісті ұмытып кетеміз. Арбаны аттың алдына салып жіберуге құмармыз. Әрине, ауыл тұрғындары 722 тең­гені табар, бірақ оның тұрақты кәсібі бар ма? Кездейсоқ табыс пен тұрақты табысты салыстыруға келмейді. Тұрақты табысқа сүйену үшін, шығарған өніміне на­рықта сұраныс болуы шарт. Кейбірі басын ауыртпас үшін әке-шешесінің зейнетақысынан төлей салуы мүмкін. Сондықтан тұ­рақты табысты қамтамасыз ету үшін шағын инвестициялық жоба­ларды жасауы керек. Осы жобаны іске асыру нәтижесінде өндірілген өнім жергілікті ауыл мен ауданның нарығында өтетін­дей болуы тиіс. Негізі, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың мәсе­лесін шешетін уақыт жетті, бірақ оны салықтан емес, өндірісті дамытудан бастаған дұрыс.

Төлеутай Рахымбеков, экономика ғылымдарының докторы:
–2016-2017 жылдары «Агро­өнер­кәсіпті дамытуға арналған мем­лекеттік бағдарламаны» жаз­ған кезде, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен басын бі­ріктірсек деген ой болды. Өйт­кені «Жұмыспен қамтудың» негізінде «жеңілдетілген несиеге мал алып, бордақылап, сүт-ет тапсырып, содан түскен табысқа салықты төле, күніңді көр» деген ой жатыр. Бірақ осы жерде алын­ған ет пен сүтті, өсірген жеміс-жидек­ті өткізу, тапсыру мәселесі пайда болды. Шаруа адамы күніне 200 шақырым жүріп базарда тұрмай­ды. Сол үшін агроөнер­кәсіпті да­мытуға арналған мемле­кеттік бағ­дарламада кооператив құрыл­сын дедік. Өзін-өзі жұ­мыспен қамтушылар кооператив құрса, арасына бір төрағаны сайлап, сол осылардың атынан барып өнімді сатады. Бұл коопе­ратив – бұрын­ғы малы мен жерін, техникасын біріктіретін «колхоз» емес, әрқай­сысы өз қаржылық, шаруашылық, экономикалық дербестігін сақтай отырып, бас­тарын біріктіреді. Мәселен, бір ауылда 300 үй болса, 300 отбасы­лық шаруашылық бірі­гіп, 301-і «заң­ды тұлға» – коопе­ратив құ­рады. Ауылда адам бақша егіп, мал өсіру үшін отырады. Оның өнімін әділетті өткізу үшін жағдай жасайтын – кооперация. Содан кейін, кооператив қосым­ша қыз­мет істейді: мал азығын жинап, техникасын сайлап, са­палы тұ­қым жеткізіп, ветерина­рын әке­леді. Салық кодексі бойын­ша кез келген адам, тауар өткізген кезде, оның 10 пайызын салық ретінде ұстап қалады. Мәселен, жеке кәсіпкерлер бір-ақ рет барып, бір есепшотқа салық төлейді. Ал салық комитеті әр жаққа бөліп тастайды. 10 пайыз кіріс салығы­ның атын өзгертіп, «біріктірілген салық» деп айтайық деп ұсыныс тастап отырмын. Яғни, коопера­тив басшысы мү­ше­лерінің атынан табыстың 10 пайызын салық органдарына жіберіп отырады. Сол кезде коопе­ративтің барлық мүшеле­рінің атынан жоғарыда аталған 3 қордағы есепшотқа жарна түсіп отырады. Бітті. Ауыл тұрғындары салық төлеймін, жарна жасаймын деп сабылмайды. Кооператив құру идеясы жақсы көтеріліп, халық қозғалып келе жатқан кезде, министр ауысып кетті де, бастама орта жолда тоқ­тап қалды. Ауыл шаруашылығы­ның өз ерекшелігі бар: бау-бақ­шадан жылына 1 рет өнім жинал­са, сүт­тің кезеңі – мамыр мен қазан ара­лығы. Сауылған сүтті техноло­гия бойынша, бірден -4 градусқа дейін салқындату керек. Содан кейін ғана тасымалдауға болады. Жеміс-жидекті де бірден салқын жерде сақтау керек. Сон­дықтан әр кооперативте осындай салқын­датқыштар, құрал-жаб­дықтар, техникасы болса дегенбіз. Елбасы 1991 жылдан бері халыққа «қар­мақ беру керек» дегенді ай­тып келеді. Сол қармағымыз – осы. Бағдарламаны қолға алған кезде мемлекеттік қолдау 3 бағыт бойын­ша жүрген еді: кооператив алған жабдықтың жарты құнын мемлекет өтейтін, екінші, жабдық алуға берілген несиенің пайызын 6 пайызға дейін түсіріп беретін, үшінші кооперативтің қызметі үшін төленетін ақшаны мемлекет субсидия ретінде мойнына алған. Оған 500 миллион теңге кетсе, жабдықтың жарты құны 1 млрд 700 миллион теңге болды. Бас кезінде мыңнан аса кооператив құрылып еді, қазіргі кезде соның 340-ы ғана қалды. Өйткені мемле­кеттік субсидия, қолдау жоқ.

 

Үмітжан ЖАПАР

Бөлісу:

Пікір жазу


*