Ми ажалы – менингит

2386
0
Бөлісу:

Осыған дейін «менингит – тұмаудың асқынған түрі» деп келгеніміз жасырын емес. Кішкентай күнімізде үлкендер «қыста жалаңбас жүрсең, менингит боласың» деп отыратын. Содан кейін бе, менингит атау­лысы суық тию, оның асқынуынан болатын ауру деп келген екенмін. Алайда кеше ғана күннің жылынған мезгілінде 47 адам менингит болуы мүмкін деген қауіппен ауруханаға жатты. Оның 15-інде бұл дерт расталды. Үшеуінің жанын жалмап кетті. Қақаған қыстан аман шыққан алматы­лықтардың көктем аяқталар тұста менин­гиттен көз жұмғаны қалай деген ойға қалдық. Сөйтсек…

Менингит – менингококк, пневмококк сынды аса қауіпті бактерия мен вирус қоз­дырғыштары тудыратын инфекциялық ауру. Бас пен жұлынның жұмсақ қабығы­ның қабынуына әкелетін жұқпалы індеттің таралу жолдары сан түрлі. Алдымен бір мә­селені нақты түсініп алуымыз қажет. Ме­нингококк инфекциясы қалыпты жағ­дайда жалпы адамзаттың 10-20 пайызының ағзасында «таратушы» түрінде кездеседі, бірақ тек ересек адамдарда. Ол адам ағза­сына пәлендей зиян келтірмей-ақ, ұзақ уақыт өмір сүре береді. Бірақ осы бестен бір бөліктің ағзасындағы инфекцияның бар-жоғын анықтау қиын, оның алғашқы белгілері болмайды. Енді қараңыз, әлгі таратушы бір бөліктің қасында отырған, онымен қандай да бір қарым-қатынасқа түскен иммунитеті әлсіз кез келген адам менингококк вирусын жұқтыруы мүмкін. Сәйкесінше, бұл бактерия менингит ау­руын тудырады. Жұқпалы індеттің тара­лу жолдары бірнешеу дедік. Қасын­дағы кез келген адамның түшкірігінен жұғуы мүм­кін. Не болмаса жолдасының біреуі тара­ту­шы болса, жыныс жолдарымен де жұ­ғады. Анасы таратушы десек, туу кезін­де балаға берілуі мүмкін. Гигиеналық тазалық сақтамаған жағдайда ас-ауқат арқылы да ағзаға түсіп жатады. Тіпті жануарлар таратушы бола қалса, олардың қауіп, яки шағып алуынан да жұғады бұл инфек­ция.

 
Дәрігерлер де бастапқы белгілерін білмей жатады
Жанар Әлжанованың ұлы он жасында менингит инфекциясын жұқтырып алады. Айналасы он күннің ішінде анасын та­нымай қалған жеткіншектің ағзасындағы менингиттің асқынуына дәрігерлердің дер кезінде ауруды анықтай алмағаны себеп болған. «Кез келген адамның иммунитеті төмендеген кезде, оның жұлындағы жұм­сақ қабаты әртүрлі инфекцияны оңай қабылдауға бейім болады. Иммунитеті әлсіз болғаннан кейін, әлгі ауру он күннің ішінде жұлын мен мидың сыртқы қабығының қабынуына әкелді. Учаскелік дәрігер менингиттің алғашқы белгілерін бірден анықтай алмады. Бірінші күні баламның дене қызуы өте жоғары болды. Суық тиген болар деп, дәрі беріп, үй жағ­дайында ем-дом жасадым. Келесі күні, дене қызуына тыныс жолдары мен тамағының ауруы қосылды. Басын көтере алмай, тамаққа тәбеті тартпай, ішкен-жегенін құсатынды шығарды. Бірден жедел-жәрдем шақырттық. Суық тиген, тұмау деп, ине салып берді де, кете барды. Келесі күні денесін түгелдей қызылшаға ұқсас бөртпе қаптап кетті. Бұл жолы өзіміз тіркелген емхананың учаскелік дәрігерін шақырдық. Ол бірден «қызылша» деп диагноз қойып, қажет дәрілерді жазып берді. Өкінішке қарай, баламның беті бері қарай қоймады. Көзі аларып, желкесі артқа тартып, тіпті жарыққа қарай алмай, әбден қиналды. Тіркеуде тұрған емханаға қайта хабарласып, инфекционист жіберуін талап етіп, айқай-шу шығардық. Ол маман бірден менингитке қауіп бар деп, балалар емханасына жіберді. Онда жұлынынан төрт рет пункция алып, менингит екенін нақтылап берді. Осы он күн ішінде жұлын жолы мен ми қабатының жартысынан көп бөлігі іріңдеп кеткенін естігенде, дәрігер­дің немқұрайлығына ыза болдым. Бұл инфекция ең көп дегенде 21 күннің ішінде жұлын мен ми қабатының сыртқы қатпарын жалмайды екен. Инфекционист дәрігер баланың желкесінің қол тигізбей ауырғанынан-ақ түсінуге болар еді деді. Сөйтіп, кезекші дәрігерлердің кесірінен ауруымызды асқындырып, ажал аузынан қалғанымыз бар» дейді Жанар.
Расында, мұндай жағдай әркімнің басында кездесуі мүмкін. Учаскелік дәрі­герлер менингиттің алғашқы шарт­тары көп жағдайда тұмаудың, басқа да ауру­лардың бастапқы белгілеріне ұқсас келеді дейді. Дей тұрғанмен, Алматы қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Уәлиева кез келген емхананың дәрігері мұндай аса қауіпті инфекциялық ауруды анықтауда еш қателеспеуі қажет екенін алға тартады. «Менингиттің бір­неше түрі бар. Ең көп таралғаны – назо­фарингит. Бұл кезде науқастың дене қызуы көтеріліп, тыныс жолы бітіп, бойын әлсіздік билейді. Мұндай клиникалық белгілер менинго­коккты анықтауда қиындық туғызады. Дәрігерлер көбіне ауа арқылы жұғатын аурулардың асқынған түрі деп диагноз қоя салады, ары қарай ден­дей алмай жатады. Бірақ кез келген емхана мен жедел-жәр­дем қызметкері инфекционист ма­манның көмегінсіз-ақ менингиттің түрлі белгілері арқылы бірден анықтап беруге міндетті. Назофарингитті жұтқыншақтан мазок алып, соған сарап­тама жасау арқылы оңай анықтауға бола­д­ы» дейді инфекционист. Оның үстіне, кез келген ата-ана баласының тамағы мен жұтқыншағы қызарып, дене қызуы кө­теріліп тұрғанын байқаса, өзі тіркелген емханаға барып, назофарингитті анық­тайтын сараптама жасатуына болады.

Иммунитет әлсіз болса, ажалдан арашалау қиын
Әдетте, назофарингитті емдеуге мүм­кіндік мол. Бірақ иммунитет әлсіз болған жағдайда бұл ауру менингиттің асқынған түрі – ми қабығының қабынуына әкеледі. Аяқасты денені дендеп алатын менин­гиттің бастапқы белгілері – дене қызуы, бұлшық еттің, бас және желкенің артқа тартып ауруы, тамаққа тәбеті тартпай, ішкен-жегенін құсады. Айнұр Нұркел­діқызы менингиттің бұл түрін ажырата алмау мүмкін еместігін айтады. Өйткені бұл түрінің белгілері тұмаудың алғашқы шарттарына тіптен ұқсамайды. «Науқас­тың бойында аурудың осы аталған бел­гілері байқалған жағдайда жедел жұқпалы аурулар ауруханасына бару керек. Менин­гиттің асқынуының соңғы белгісі ретінде алақаны мен табаны, аяқ-қолындағы саусақтарының арасына ал-қызыл түстес бөртпелер шығып, бірте-бірте денесіне жайылып, бөртпенің көлемі ұлғая түседі. Оны сығып, күйдіріп тастай алмайсың. Менингиттің бұл түрін ажырата алмау тіптен мүмкін емес. Адам ағзасы үшін аса қауіпті болғандықтан, дер кезінде анық­тап, науқас дереу ауруханаға жеткізілуі керек» дейді дәрігер. Десек те, біздің қалада қауіпті дерттің соңғы белгісін көре тұра, «қызылша» деп диагноз қойып, дәрі жазып беретін дәрігерлер әлі де бар. Сондықтан ата-аналардың өзін менин­гиттің алғашқы белгілеріне мұқият болуға шақырамыз.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Жаңағы назофарингиттің ме­нин­гитке ұласуын дәрігерлер имму­нитеттің әлсіз болуынан деп түсіндіруде. Күні кеше менингиттен көз жұмған үшеу­дің осы ауруға қарсы тұратын им­мунитеті болмады дедік емес пе? Алматы қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин: «Менин­гиттен қайтыс болған ер азаматтың иммунитеті төмен болған. Өйткені ол ота жасатып, көкбауырын алдырған екен. Ал осы аурудан көз жұмған бойжеткен мен бала менингиттің ауыр түрін асқындырып алған. Бірі ауырып тұрып жұмысқа шығып кетсе, екіншісін ата-анасы балабақшаға апарған» деген болатын. Дәрігерлер адамның иммунитеті әлсіз болса, бұл аурудың асқынып, ажал құштыруы үшін 12-18 сағат жеткілікті еке­нін айтады. Осы тұста Айнұр Нұркелді­қызы: «Соңғы уақытта БАҚ пен әлеуметтік желілерде ме­нингококк менингиттері қызу тал­қылануда. Бір жағынан, бұл тұрғындарды ақпараттандыру үшін дұрыс-ақ. Өкінішке қарай, біз қандай да бір аурудың асқынған тұсында ғана айқайға басамыз. Алдын ала сақтануымыз қажет. Ол үшін иммунитетті күшейтетін дәру­мендер қабылдап, дұрыс тамақтану керек. Салауатты өмір салтын ұстанып, таза ауада серуендеуді әдетке айналдырған абзал. Үйді, жұмыс кеңсесін ылғалдандырып, тазартып тұру қажет. Гигиеналық тазалық­ты сақтау да аса маңызды» дейді. Дәрігер­лер қазір менин­гиттің қаупі бар тұста адам көп шоғыр­ланған орындардан аулақ бо­луды да ұсынып отыр. Бір қарағанда қарапайым, қолдан келетін-ақ дүниелер. Бірақ сол ұстануға оңай ережелерді сақта­мағанымыз үшін аса қауіпті аурудың арбауында кетіп жатқанымыз өкінішті.

Менингитке қарсы екпе бар ма?
Бүгінде тұрғындар тарапынан осы мәселеге қатысты «менингитке қарсы салынатын екпе бар ма?» дейтін орынды сауал туды. БАҚ-тың бірі мұндай вакцина бар десе, енді бірі жоқ дегенді алға тартуда. Жалпы, мұндай вакцина бар. Бағасы қымбаттау, былтырдың өзінде 22 мың теңге болған. Мұны Алматыдағы Қоғам­дық денсаулық сақтау депар­таменті басшысы Айзат Молдақасымова «Ме­нингитке қарсы вакцина бар. Бірақ өндірушілердің тарапынан болған белгілі бір мәселелерге орай, жеткізу шаруасы кешеуілдеп қалды» деп дәлелдеп берген болатын. Алайда менингококк менингит­теріне қарсы салынатын вакцина еліміздің екпе күнтізбесіне кірмейді, яғни емхана­ларға осы екпені салу міндеттелген емес. Мұның дұрыс-бұрыстығын айту қиын. Өйткені екпенің кейбір түрі аурудың алдын алса, енді бірі, керісінше қоздыру тетіктерін тудырып жатады. Десек те, ата-аналар балаларына менингитке қарсы екпе салдырғысы келсе, қаладағы жеке иммунопрофилактика орталықтарына баруына болады.

Статистика сөйлесін…

Алматыдағы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті менингитпен тіркелген тұрғындарға қатысты 2010 жылдан бергі мәліметті берді. Сол жылы бұл індет 28 адамда анықталса, 2011 жылы – 44, 2012 жылы – 23, 2013 жылы 49 науқас тіркелген. Бұдан кейінгі екі жылдың көрсеткіші беймәлім. 2016 жылы 66 науқас анықталып, алдыңғы уақытпен салыстырғанда инфекция жұқтырғандардың саны артқан. Есесіне, былтыр бірде-бір адам бұл тізімге ілінбепті.

Біле жүріңіз…

Назофарингиттің алғашқы белгілері тұмауға ұқсас: дене қызуың көтеріліп, тыныс жолдары бітіп, бойыңды әлсіздік шалады. Жұтқыншақтан мазок алып, соған сараптама жасату арқылы нақты анықтауға болады. Ал асқынған менин­гиттің белгісі науқастың денесінде «қы­зылшаға» ұқсас бөртпе пайда болады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*