ЖЕГІ ҚҰРТТЫ ЖЕҢЕ АЛАМЫЗ БА?

1242
1
Бөлісу:
фото: almaty-akshamy.kz

Қазақ елі жаңа мемлекеттілік құру үрдісін жылдам өткізді. Ширек ғасырда ширыға қимылдап, бірталай шаруаның басын қайырдық. Мемлекеттік атрибуттар орнықты. Жедел дамуға қажетті заң-заңнама базасы жедел қабылданды. Президенттік биліктің пәрмені тез шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Елдің даму бағдары да ертерек айқындалды. ТМД мемлекеттері арасында Қазақстан бірқатар өмірлік маңызы жоғары реформаларды сәтті жүзеге асырды. 
Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласындағы реформалар Ресейден бұрын жасалды. Ресей бұл бағытта өндіртіп ештеңе істей алған жоқ, соның салдарынан әлі күнге шейін тұрғын үй-коммуналдық сала мемлекеттің мойнына мініп отыр.
Қазақстан қаржы нарығындағы өзгерістерді де жылдам жасады. Қаржы-қаражат жүйесі оңтайлы жүйеге түсті. Банк секторында да батыл қадамдар жасалды. Елдің қорғаныс саласы да кешенді даму жолынан өтті. Әлеуметтік салада да түбегейлі өзгерістер жасалды. Алайда барлық саланы жемқорлық жайлады. Сорымыз содан қайнап отыр.
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында рухани жаңғырудың кешенді бағыттарын белгілеп берді. Мақала – сөз жоқ, өте күшті! Бір деммен оқылады. Жай ғана оқылмайды, адамның жанына түртпек, рухына қозғау салады. Бастапқы бетте бәріміз бөркімізді аспанға атып, «қолдаймыз-қуаттаймыз» деген тұрғыда желпілдесіп қалдық. Ары қарай қалай болмақ? Діттеген дүниені жасау – өз қолымыздағы тірлік. Құрғақ ұран, жаппай науқаншылық опа бере ме? Бермесі анық.
Былтыр «Деловой климат» ұйымы жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесінде кеден әкімшілігінде ең көп пара алатыны анықталды. Аталған саладағы пара мөлшері әдетте 588 мың теңгеден басталып, 2,2 миллионға дейін жетеді. Екінші орында жер жұмысына қатысты мекемелер тұр. Бұл жердегі алыс-беріс мөлшері 539 мыңнан басталып, 2,1 миллионға дейін барады. Үшінші орында құрылыс және сатып алу саласы. Мұндағы пара 699 мың теңге – 1,5 миллион және 295 мың – 1,2 миллион теңге.
Ең аз пара салық салу саласында – 248 мың тең­геден басталып, 923 мың теңгеге дейін бара­ды. Мұнымен қатар, аталған саладағы параның көрсеткіші 4,5 ұпайға жетіп отыр. Әдетте, жем­қорлық көрсеткіші 1 және 5 ұпай аралығында бағаланады. Мұнда 5 – ең аз, ал 1 – ең көп көрсеткіш. Ең аз пара алатындар арасында екінші орында құрылыс және сатып алу саласы тұр – 3,87 ұпай. Ал жер жұмысына қатысты салалар – 3,35 ұпай.
Жалпы кеден органдары, экономикалық зерттеу қызметтері және көлік инспекциясы саласының мамандары ең көп пара алатын болып шықты. Аймақ бойынша есептейтін болсақ, ең көп параны Жамбыл, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының қызметкерлері алғандығы анықталды.
Жемқорлыққа қарсы бағдарламалардың71 пайызға ғана жұмыс істеп отыр екен. Жемқорлық деңгейін төмендету үшін жазаны қиындатып, билік органдарындағы қызмет­керлердің әрекетін қатаң бақылап, өздерінің және отбасы мүшелерінің табысын жіті бақылау ұсынылса да нәтиже жоқ.
Ұлттық палата жүргізген зерттеудің негізінде аталған салаларда жемқорлықты азайту үшін бірқатар шара қолданылмақ. Ұсыныстарды жүзеге асыру мәселесі – Жол картасы, Бас про­куратура, Жемқорлықпен күрес және мемлекет­тік қызмет жұмысының агенттігі аясында қолға алынып та жатыр. Бірақ жейтіндер жеп, асай­тын­дар асап, тонайтындар тонауын қоятын емес.
Жаппай «жеумен» айналыстық делік. Сонда не болды? Өз несібемізді – болашақ ұрпақтың байлығын жырымдап жатқанымызды неге ойламаймыз?
Қазір жастар оңай табыс табуға құмар. Адал еңбек, таза өмір сүру дағдысы қабылданбайды. Бұл – қоғамның ауыр кеселі. Сол кеселден тездетіп айыға аламыз ба? Жемқорлық деген індетті жабылып жүріп жеңе аламыз ба?

 

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. нұртай 25 Мамыр, 2018 at 13:47 Жауап

    «Жемқорлыққа қарсы күрес тоқтамайды» деп жүрміз, яғни күрестің тоқтамайтыны жемқорлықтың да тоқтамайтынын білдіріп тұр. «Екінші Елбасы» тоқтатуы мүмкін деп ойлаймын, ұры болмаса.

Пікір жазу


*