Әлем назары KADEX көрмесіне ауды

919
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев V халықаралық KADEX – 2018 қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты.  Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы рәсімге қатысушы­ларға арналған сөзінде KADEX –2018 көрмесі аясында «Қазақстандағы ғарыш күндері» атты халықаралық форумның өтуі биылғы шараның басты ерекшелігі екенін атап өтті.
Қазақстан Президенті KADEX – 2018 көрмесінің қару-жарақ пен ақпараттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету саласындағы әлемдік маңызы бар жиынға айналғанын айтты.
– Көрмеге әлемнің 28 елінен 318 компа­ния қатысып отыр. Көрме қонақтары қорғаныс өнеркәсібі кешені және ғарыш саласындағы соңғы жетістіктермен таныса алады. Бұл жолы электрондық жүйе мен байланыс және қару-жарақты басқару жүйесін дамытуға айрықша мән берілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Қазақстанның тату көршілік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағыт­талған бейбіт саясат жүргізіп отырғанын атап өтті.
– Қорғаныс саласы мен Қарулы Күш­тердің әлеуетін дамыту – мемлекет басым­дықтарының бірі. Орталық Азия бойынша бірегей саналатын KADEX халықаралық көрмесі – бұл басым­дықтарды іске асыру­дың тиімді құралы, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті еліміздің қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту үшін халықаралық көрмені өткізудің тиімділігіне тоқталды.
– Биыл көрмеге қатысу үшін әлемнің 48 елінен ресми делегация мен шетелдік 108 компания басшылары келді. Қол қойы­­латын іскерлік келісімдер мен шарт­тар отандық және шетелдік қорғаныс өнер­кәсібі ке­шенінің кәсіпорындары ара­сын­дағы халық­аралық кооперация мен серік­тестікті да­мытуға септігін тигізетін бо­ла­ды. Сон­дай-ақ бұл инвестиция тар­тып, жалпы Қазақстан экономика­сы­ның экспорттық әлеуеті мен бәсекеге қабі­леттігін арттыруға ықпал етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларымен және қорғаныс ведомстволарының министрлерімен кездесті.Мемлекет басшысы Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалық ету кезеңінде өтіп жатқан Қорғаныс министрлерінің кеңесі мен Қауіпсіздік кеңесінің хатшылары комитетінің сессияаралық отырыстарына қатысушыларға ілтипат білдірді.
– Сіздер өкілдік етіп отырған Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Жарғылық органдары кең ауқымды мәселелерді қарастырады. Атап айтқанда, әскери саладағы көпжақты ынтымақ­тастықты дамыту, халықаралық терроризмге, заңсыз есірткі айналымына және заңсыз мигра­цияға қарсы күрес жүргізу, сондай-ақ үйлесімді ақпараттық саясатқа қатысты ұстанымдарды әзірлеу мәселелерін қарастыру көзделіп отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әлемде және өңірде күрделі әскери-саяси ахуалдың сақталып отыр­ғанын айтты, сондай-ақ халықаралық террористік ұйымдардың белсенді әрекет етіп, ақпараттық кеңістікке төнетін қауіп-қатердің артып келе жатқанына тоқталды.
Қазақстан Президенті бірлескен оқу-жатт­ығулар мен операцияларды жүргізу барысында мем­лекетаралық байланыстарды үйлестіру, ұжым­дық тетіктерді жетілдіру, сондай-ақ өзара іс-қимылды пысықтау үшін қорғаныс ведомстволары мен қауіпсіздік кеңестері аппараттарының рөлі зор екенін атап өтті.
– Бірлескен қызмет келісілген бағытта және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының 2025 жылға дейінгі даму стратегиясында нақтыланған жар­ғылық міндеттерге сәйкес жүргізілуге тиіс. Біздің Жедел әрекет етуші ұжымдық күштеріміз
әрдайым өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға дайын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Елбасы әскери-техникалық ынты­мақтастық саласындағы практикалық шара­ларға ерекше көңіл бөлуге шақырды. Ол үшін
KADEX – 2018 көрмесінің мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігін айтты.
Қазақстан Президенті халықаралық тер­роризмге қарсы тұру ісінде ұжымдық күш-жігердің тиімді болатынын атап өтті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының халықаралық қоғамдастықпен бай­ланысын кеңейту, шынайы қатерлерге қарсы тиімді шаралар ұйым­дастыру, ақпараттық және кибер­қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесті. Кездесу барысында тараптар қорғаныс саласын­дағы ынтымақтастықтың және Ұжымдық қауіп­сіздік шарт ұйымы аясындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәсе­лелерін талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Сергей Шойгу
KADEX – 2018 көрмесінің маңыз­дылығына тоқталып, екі елдің қорғаныс өнеркәсібі сала­сын­дағы байланыс­та­рды нығайту үшін бұл шараның тиімділігін атап өтті.

Бөлісу:

Пікір жазу


*