ҚҰБЫЛМАЛЫ ДҮНИЕ ҺӘМ ҚҰБЫЛА

1151
0
Бөлісу:

Алматыда «Эволюцияның 15 жылы: құбылмалы дүние және өзгеріс әкелген әлем» тақырыбында XV Еуразия медиа форумы жұмысын бастады. Форумның атауы да, аудармасы да қазақтың ұғымына келе қоймайды.
Әйтсе де, қазіргі әлем күніге мың құбылып тұрғанын естен шығармауға тиіспіз. Сондықтан жан-жақтан ағылған ақпараттар тасқыны арасында санамызды сансыратып алмау аса маңызды.
Дәстүрлі БАҚ, жаңа-медиа, ұшы-қиыры жоқ YouTube кеңістігі күн сайын миллиондаған ақпарат таратады. Ғаламдық журналистика ғарыштық жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Жаңа ақпараттық технологиялардың өмірге жылдам енуі бұл саланы бұрын-соңды болмаған қалыпқа түсірді. Ең көп мәндік және мағыналық өзгеріс осында. Көп нәрсе түбегейлі өзгерді. Түрленді. Соған сәйкес, АҚШ-тың, Еуропаның, Азияның журналистика саласы бойынша оқу бағдар­ламалары да өзгеріп жатыр. Кез келген адам қалта телефонмен бейне, аудио жазбалар түсіріп, онлайн жүйеде ақпарат бере беретін болды. Ақпарат алу, тарату жылдамдады.
Жаңа технологиялар жалған ақпараттың көбеюіне де жол ашты. Әлеуметтік желіде таратылып жатқан ақпараттардың қайсысы шын, қайсысы жалған екенін тап басып ажырату қиын. Соның арқасында сенсация жасау, рейтинг қуу деген де пайда болды. Ақпараттық технологиялар жаһандық жур­налистика саласын жедел өзгертіп жатқаны анық. «Қазіргі таңда ақпаратты даярлау мен оны шығару мерзімі қысқарып кетті. Бұрын журналистер үшін ақпарат жинау қаншама уақыт алатын, оларға редактор тапсырма беретін. Қазір жарты сағаттың ішінде жеке субъективті пікірі мен эмоциясына негізделген блогердің жазған ақ­паратын бір сағаттың ішінде мыңдаған, мил­лиондаған адам көреді де, сол пікірге сүйенеді. Ақпаратты тексеру болмаған соң, жалған хабар деген қазіргі таңда өте көп. Неге десеңіз, эмоцияға негізделген жалған хабарға сену де оңай болып кетті, сондай-ақ жаңа техноло­гиялардың арқасында тез таралады» дейді осы форумның сарапшысы Саясат Нұрбек.
Жаңа медианың тез өркендеп, қанат жаюына байланысты «Дәстүрлі БАҚ-тың күні бітті, енді газеттер өледі» деген сыңаржақ пікірді естіп келе жатқанымызға да біраз уақыт болды. Техно­­логиялық жағынан әлем жұртшылығының алдына түсіп кеткен озық 30 елдің қай-қайсы­сын­да да газет-журнал жабылған жоқ. Өзін өрке­ниетті санайтын елдің бәрінде күн сайын таңертең газет оқу мәдениеті сақталып тұр. Неге?
Жаңа медианың әлсіз жері – ақпараттардың тексерілмейтіндігінде. Естіді. Көрді. Білді. Болды. Әлеуметтік желіде жалған ақпараттың желдей есіп жүруі де сондықтан. Сол себептен де, шынайы ақпаратқа қол жеткізгісі келгендер газет оқиды. Бір жағы қалыптасқан мәдениет, екінші жағынан, ақпараттық тасқын арасында адаспайды. Ақиқатты табуға ұмтылады. Өз бетінше ой түйіп, топшылай алады.
Қазір қасиетті Ораза айы. Жер бетінде адасып жүрген адам көп. Құбыласын таппай қанша пенде жүр?! Құбылмалы дүниеде құбылаңды таба алмаудан өтетін қасірет бар ма, саналы адамға?
Адамға ауа қаншалық керек болса, ақпарат та сондай қажеттілікке айналды. Алайда адамның алдына келген асты талғап, таңдап жейтіні тәрізді, тоқтаусыз ағылған ақпараттың дұрыс-бұрыстығын тексеріп, анықтап, ақыл-ой таразысына салуы керек-ақ. Тіпті Тәуелсіздік тұғырын шайқалтатын шайпау ақпараттардың ағынына заң жүзінде тосқауыл қою да керек. Күн сайын «Өлді, өлтіріп кетті, құрыды, бітті, тонады, зорлады» деген ақпараттардың адам психикасына теріс әсер ететіні анықталған. Қазақстан суицид көрсеткіштері бойынша әлемде алдыңғы орында тұр. Соның бәрі әлгіндей ақпараттар кесірі емей, немене?!.
«Ай нұрын ұстап мінсе де, қызыққа тоймас адамзат» депті Бұқар жырау.
«Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» депті Абай. Таразы басындағы екі табақтай: екі пікір, екі көзқарас. Қай кісіге қосылар едіңіз?!

 

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*