Азаматтық қоғам – ел дамуының алтын арқауы

1403
0
Бөлісу:

Global Challenges summit Астана экономикалық форумы аясында «Азаматтық қоғамның болашағы. Жаңа азаматтық белсенділік» тақырыбында бірінші панельдік сессия өтті. Сарапшылар алғаш рет АЭФ алаңында азаматтық сектор дамуының заманауи жаһандық үрдістерінің басты қырларын, жаңа сын-тегеуріндері мен мүмкіндіктерін талқыға салды. Осы салаға арналған жеке панельдік сессияны өткізуге Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі бастамашы болды.

Жиын жұмысына мемлекеттік орган­дар­дың, қазақстандық және шетелдік үкі­меттік емес ұйымдардың, ғылыми зерттеу орталықтарының өкілдері, сая­сат­танушылар, қоғамдық пікір көш­бас­шылары қатысты.
Сондай-ақ сессия аясында жаңа Дін іс­­тері және азаматтық қоғам министрінің «ха­лықаралық дебюті» өтті. Қатысушы­­лар ал­дында сөз сөйлеген министр Дархан Кә­летаев Қазақстандағы азамат­тық қо­ғам­ның дамуы жөнінде баяндап, бір­қатар көкейкесті мәселелерге тоқталды.
– Азаматтық қоғамның жаһандық да­му бағыттары жылдан жылға өзекті мә­селелер қатарында тұрақты орын алуда. Дамыған азаматтық қоғам – кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси модерни­зация­лануының маңызды көрсеткіші. Бұған дә­лел болатын мысалдар жеткілікті. Бү­гінде бүкіл әлем кеңістігінде келесі ағым­дар қалыптасуда. Біріншіден, азаматтық қо­ғам институттарына сенім, олардың мем­­лекеттік және корпоративтік сек­тор­ларында басқару шешімдерін қабылдауға әсер етуі деңгейі күннен күнге артуда, – де­ді министр.
Оның айтуынша, Дүниежүзілік эко­номикалық форумның «Азаматтық қо­ғам­ның болашағы» баяндамасында жа­рия­ланған болжамына сәйкес, «халықтың мем­лекеттік мекемелерге және ірі корпо­ра­­цияларға деген сенім деңгейі мен аза­мат­тық қоғам институттарының халық­тың сана-сезіміне әсер ету деңгейі ара­сын­дағы айырмашылық та ұлғаюда» екен.
Халықаралық Edelman ірі марке­тинг­тік холдингі 2016 жылы Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйымына кіре­тін 27 дамыған елде жүргізген Edelman Trust Barometer 2017 жаһандық зерт­теуінің қорытындысы көрсеткендей, үкі­меттік емес ұйымдар (ҮЕҰ) бұл мем­ле­кет­терде «халық сеніміне ие болған құры­лым­дар арасындағы ең сенімді мекеме­лер» деп танылған. Бұл ретте ҮЕҰ-лар соң­ғы 7 жыл бойы осы тұғырдан табылып ке­леді. Әрине, отандық үшінші сектор үшін бұл мақсатты меже болуы керек. Да­мыған елдерде ҮЕҰ-ларға деген сенім­нің өсуі негізінен БАҚ жұмысымен және қоғам қайраткерлерінің жеке қызметімен бай­ланысты.
– Екіншіден, мемлекет пен азаматтық қо­ғамның дәстүрлі рөлдері транс­фор­ма­циялануда. Осы сын-тегеуріндерге жауап ретінде қызықты, тосындау үкімет­тік құ­рылымдар құрылуда. Мысалға, Ұлыб­ри­танияда «Жалғыздық министрлігі» ашыл­ды, ол қазіргі уақытта азаматтық қо­ғам­ды дамыту стратегиясын әзірлеуде жә­не халықтан ұсыныстар қабылдауда. Бі­ріккен Араб Әмірліктерінде «Бақыт ми­нистрлігінің» міндетіне мемлекет тұр­ғындарының бақыттылық деңгейін өл­шеуге арналған индексті әзірлеу және БАӘ-ні бақыт пен позитивтіліктің жаһан­дық орталығы ретінде ілгерілету кі­реді, – деді Д.Кәлетаев.
Үшіншіден, оның байламынша, аза­маттық қоғам институттары ғаламдық «күн тәртібін» қалыптастыруға қатысады жә­не оны белсенді жүзеге асырады. Бү­гін­де халықаралық ҮЕҰ-лар тұрақты жұ­мыс жасайтын орнықты құрылымға ие, ресми кеңес-консультативтік үдерістерге, G20 және БҰҰ секілді көптарапты фо­рум­дарға қызу атсалысады.
Мәселен, Халықаралық валюта қо­ры­ның және Дүниежүзілік банк тобының жыл сайынғы кеңестері барысында аза­мат­тық қоғамға арналған саясат мәсе­ле­лері бойынша жеке форум өткізіліп тұра­ды. Онда әлемдік экономиканың перс­­пек­ти­валары, жаһандық қаржылық тұрақ­ты­лық, жұмыспен қамту және қайыршы­лық­ты жою мәселелері талқыланады.
– Төртіншіден, әлем енді гипер­бай­ла­­нысты бола түсуде. Интернетке, әлеу­мет­тік желілерге және ұялы телефондар тех­­нологияларына қолжетімділіктің кеңе­юі арқасында «виртуальді азамат» ре­тінде тұлғаның күші артуда. Әлеуметтік же­лілердің ауқымы жекелеген адамның не­месе адамдар тобының азаматтық ұста­нымын білдіру парадигмасын өзгертті. Аза­­маттық қоғамның дәстүрлі инсти­тут­та­ры халық пікірін білдіру монопо­лия­сы­на ие болу құқығы үшін желілік жаңа инс­титуттармен бәсекелесуде, – деді Дін іс­тері және азаматтық қоғам министрі.
Бесіншіден, оның пайымдауынша, үл­кен бизнес және жаңа виртуальді ақша түр­лері мемлекеттік институттарды ал­мас­тыруға дайындығын білдіруде және күр­делі әлеуметтік проблемаларға оң әсер етуге тырысуда. JPMorgan ком­па­ниясы болжамынша, алдағы онжылдықта бизнес қауымдастық әлеуметтік желілерді жүзеге асыруға 1 триллион долларға дейін қаржы салмақ.
«Қазақстан әлемдік трендтермен бір ба­ғытта даму үстінде. Мемлекет басшысы ға­ламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті. Олардың арасында адам қыз­ме­ті­нің барлық салаларын цифрландыру, энер­гетикалық революция, Жер шарын­да­ғы тұрғындар санының жылдам өсуі, ур­банизация қарқыны мен сипатының, сон­дай-ақ жаһандық еңбек нарығының өз­геруі бар. Бұл ретте біз Астана эко­но­ми­калық форумы аясында азаматтық қо­ғамның келешегіне үңілуді жөн сан­а­дық. «Жаңа азаматтық позитивті белсен­ді­лік» халық пен мемлекеттің күнделікті өмі­ріне қалай ықпал ететінін талқылау үшін беделді сарапшыларды шақырдық» деді Дархан Кәлетаев.
Сонымен бірге, ол ұзақ уақыт бойы «аза­маттық белсенділік» деген ұғымды қо­ғам негізінен наразылық білдіру үшін ше­рулер мен демонстрацияларға, жиын-ми­тингілерге қатысу деп түсініп келге­ніне назар аудартты. Ал бүгінде азаматтық белсенділік – әрбір азаматтың өзінің са­на­лылығын, елдің болашағы, ұрпақтың ке­мел келешегі үшін жауапкершілігін паш етуі ретінде ұсынылып отыр.
«Заңдар мен ережелерді сақтау, са­лық­тар мен коммуналды қызметтердің ақы­сын төлеу, келісімшарттық міндет­те­ме­лерді орындау, сыбайлас жемқорлыққа төз­беушілік таныту, құқықбұзу­шы­лық­тар­мен күресте жәрдем көрсету, волон­тер­лық, қайырымдылық, тіпті пәтер ие­ле­рі кооперативтерінің (КСК) қызметіне қа­тысу – осының барлығы позитивті аза­маттық белсенділіктің көріністері» де­ді министр.
Ол әлеуметтік желілер мен интернет біз үшін азаматтық белсенділіктің тағы бір түрі – «виртуальдісін» ашқанын жет­кізді. Онда әрбір адам мемлекеттік бас­тамаларды, қоғамдық мәселелерді тал­қы­лау­ға қатыса алады және оларды шешу үшін сындарлы ұсыныстар жасай алады.
Төртінші өнеркәсіптік революция, жа­санды интеллект, роботизация және на­нотехнологиялар адамдар жұмыс жа­сайтын орта мен жағдайды өзгеріске ұшы­ратуда. Сарапшылар бес жылдан кейін қазіргі заманғы адамдарда бар ең­бек машықтарының 35 пайыздан астамы өз­г­еретінін жорамалдайды.
Дүниежүзілік экономикалық форум са­­рапшыларының болжамынша 2020 жыл­­ға қарай, келесі біліктілік-компе­тен­ция­лар барынша сұранысқа ие болады, бұлар – проблемаларды кешенді шеше алу, сындарлы ойлау, жасампаздық-креа­тивтілік, адамдарды басқара білу, адам­дар­мен қарым-қатынас жасап, әрекеттесе білу, эмоционалды интеллект, жағдайды тал­дап, шешім қабылдай білу, клиентке бағ­дарланушылық, келіссөздер жүргізу ма­шығы, ойлау қабілетінің икемділігі.
Дін істері және азаматтық қоғам ми­нист­рі сананы, ақыл-ойды трансформа­ция­лау қажеттігі туралы ойласатын кез кел­генін де жеткізді. Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы осыған бағыт­тал­ған.
Қазақстан Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы Жарлығымен бекітілген 2025 жылға дейінгі Қазақстанның Стра­те­гиялық даму жоспарында да еліміз үшін принципті, тұғырлы өзгерістер қа­рас­тырылған. Атап айтқанда, бұлардың қа­тарында «өзіме және жақындарыма ға­на қамқорлық жасаймын» деген ұста­нымнан қала және ел қамын ойлайтын «жауапты азамат» ұстанымына көшу, жас ұрпақ қарап, бой түзейтін жекелеген, таң­даулы үлгі-өнегелерден – өмірдің бар­лық салаларындағы рөлдік үлгі-мо­дель­дерге бет бұру, шетелдік мәдениетті іші­нара көшіруден – ұлттық мәдениетті өз елі­мізде және шетелде ілгерілетуге ден қою, «Қазақстанның көпэтносты халқы» ұғы­мынан – азаматтық бірегейлік негі­зін­дегі «Болашағы біртұтас ұлтқа» және қуатты азаматтық қоғамға ауысу бар.
– Азаматтық қоғам жаңа транс­фор­мацияның қозғаушы күші бола алады жә­не болуы қажет. Бұл үшін ең алдымен, жаңа білімдерді игеруі керек. Бүгінде қа­жетті ақпаратты онлайн-режимде табу, бе­делді сарапшылармен танысу, олардан консультациялар алу және тәжірибе ал­масу мүмкіндігі берілген. Әлемнің үздік кі­тапханалары, жетекші жаһандық ғы­лыми орталықтар мен университеттердің архивтері толығымен сіздің қарауыңызда және әжетіңізге жарауға ашық. «Ашық де­ректер» (Open Data) және «Ашық бі­лім­дер» (Open Knowledge) техно­логия­ла­ры әркімге өзінің танымының көк­жие­гін кеңейтуге жол ашады, – деді министр.
Екіншіден, азаматтық қоғам жаңа дағ­ды-машықтар мен біліктілікті да­мы­туы қажет. Әсіресе, үшінші сек­тор ұйым­дарының қаржылық орнық­ты­лы­ғын қамтамасыз ету саласы мұқтаж. Олар өз идеялары мен жобаларын қар­жы­лан­дыру үшін мемлекетке алақан жайып отыр­май, краудфандинг, фанд­рай­­зинг жә­не басқа да технологияларды пай­да­лануға үйренуге тиісті.
Үшіншіден, азаматтық қоғам жаңа трансформацияны өткізуші бола алуы үшін қарым-қатынас және коммуникация жасау мәдениетін жетілдіруі керек. Аза­маттардың және қоғамдық институттар­дың бірге өмір сүруі және өзара іс-қимыл жасауы ҮЕҰ-лардан мінез-құлықтың эти­калық нормаларын сақтауды талап ете­ді. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жат­қан әлемде, деректер мен ақпараттар ағы­нының алапат ауқымын өңдеу талап еті­летін мына заманда эмоционалды ор­нықтылықты, ұстамдылықты тәрбиелеу жаңа жүзжылдықтың басты трендтерінің біріне айналуы мүмкін.
– Мемлекет азаматтық қоғам баста­ма­ларына әрдайым қолдау көрсетіп келді және ары қарай да қолдауын жалғас­тыра­ды. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар қо­ғам­ның кез келген мәселесін шешетін би­лік пен халық арасындағы байланыс кө­піріне айналды. ҮЕҰ-ларды белгілі қо­ғамдық күш ретінде қабылдауға болады. Олардың көпшілігі өңіріміздегі маңызды қоғамдық-саяси науқандардан тыс қал­майды. Қоғамда ынтымақ, ауызбіршілік, тұрақтылық болуына өз үлесін қосып келеді, – деп түйді Дін істері және азамат­тық қоғам министрі Дархан Кәлетаев.
Жиында Германияның Hertie Мем­лекеттік басқарудың жоғары мектебінің президенті, әлеуметтанушы Хельмут Ан­хайер қатысушыларға бейнебайланыс арқылы құттықтау сөзбен қайырылды. Өз сө­зінде профессор мемлекет пен аза­маттық қоғам институттары арасындағы өзара сенім мен түсіністіктің маңыздылы­ғын атап өтті.
– Үкімет, бизнес қауымдастық және аза­маттық сектор – халықтың әл-ауқаты үшін жауап беретін институттар. Көп­те­ген елдерде Үкімет азаматтық қоғамды оп­позиция немесе өмірді күрделендіретін күш ретінде көреді. Егер олар өздерінің қо­ғамдағы рөлін түсінсе, өзара тиімді ық­палдаса алады. Өйткені азаматтық
қоғам мен Үкімет бірін-бірі ауыстыра алмайды, – деді Хельмут Анхайер.
Оның пікірінше, әр тарап өзінің күші мен шектеулерді айқын ұғынғандары жөн. Мәселен, Үкіметтің күші оның құ­зы­рында ресурстардың барлығында. Аза­маттық қоғам халыққа әлдеқайда жақын тұра­ды және олардың ойын, ұсынысын, мұң-мұқтажын Үкіметке дейін жеткізе ала­ды.
«Сондықтан өзара сенім мен түсі­ніс­тікке негізделген байланыс арналарын түзу маңызды. Менің ойымша, қазіргі уа­қытта біз азаматтық қоғам дамуындағы бір­шама стагнацияны бақылаудамыз. Бұ­ған биліктердегі айқынсыздық себепкер болуы мүмкін. Мәселен, Еуропада сая­сат­керлер популизмге ұрынуда, бұл бел­гісіздікке соқтырады. Жалпы, бұл өзімізге де байланысты: біз қоғам, азаматтық қо­ғам ретінде популистік талаптарға де­ген теріс көзқарасымызды нақты білдіруіміз қажет» деді неміс әлеуметтанушысы.
Ол 2018 жыл Еуропа үшін саяси ал­ма­ғайып кезең болып тұрғанын мәлімдеді. Сон­дықтан еуропалық азаматтық қо­ғам­ның алдағы 5-10 жылда қалай дамитынын тұс­палдау да қиынға соғып отырған кө­рінеді.
– Бірақ халықаралық деңгейде ҮЕҰ-лар­дың дамуын бақылау қажеттілігі аң­ғарылады. БҰҰ-ның азаматтық қоғаммен өза­­ра іс-қимыл туралы соңғы шолуы осы­д­ан 15-20 жыл бұрын әзірленген. Бү­гін­де әлемде басқа заман орнады, гео­сая­сат өзгерді. Қытай экономикасының өр­леуі, Таяу Шығыстағы ахуалдың тұ­рақ­­сыз­дануы, көші-қон дағдарысы, планетадағы жылыну, климаттың өзгеруі жаһандық жағ­дайды түрлентуде. Бұдан бөлек, аза­мат­тық қоғамды ашық диалог форма­тын­да, халықаралық, сондай-ақ ұлттық дең­гейлерде жаһандық процестерге тарту да ора­сан зор өзектілікке ие болуда, – деген Хе­льмут Анхайер сөз соңында үкіметтік емес ұйымдардың АЭФ аясындағы келесі жиын­ына міндетті түрде келіп, қатысуға сөз берді.
Шара барысында ҮЕҰ-лардың, әлеу­меттік кәсіпкерліктің және азаматтық бел­сенділіктің заманауи даму үрдістері ту­ралы танымал сарапшылар сөз сөйледі, өз пікірімен бөлісті.
Сессия барысында қатысушыларға «Ағым­дағы жағдайға шолу және Қа­зақ­стан­ның заманауи азаматтық қоғамын да­мыту болашағы» сауалнамалық бюлле­тені таныстырылды. «Қоғамдық проб­ле­маларды талдау орталығы» қоғамдық қо­рының директоры Меруерт Махмұтова зерттеу қорытындыларын жария ете оты­­­рып, қазақстандықтардың «Аза­мат­тық қоғамның болашақта даму көкжиек­тері қандай? Оған жеке адамның нендей қа­сиеттері әсер етеді?» және басқа да сауал­дарға қалай жауап бергенін баян­да­ды, сондай-ақ орнықты болашақтың не­гізі ретінде қарастырылатын сенім туралы ойын ортаға салды.
«Сауалнама көрсеткендей, аза­мат­тық қоғам институттарына Қазақстан хал­­қының 48 пайызы сенетіні анықталды. Сен­­бейтіндер қатары 17 пайызды құрай­ды. Сонымен қатар жұртшылықтың аза­­маттық қоғам институттарының қай­сы­сына көбірек сенім артатынын да ба­ғам­дадық. Бізді таңғалтқаны сол, қа­зақ­стан­дықтардың ең үлкен сенімі ме­­­­­­шіттерге тиесілі болып шықты. Одан кейінгі орын­дарда экологиялық мәселелермен, ар­дагерлер және әйелдер істерімен ай­на­лы­сатын ұйымдар, кәсіподақ, пар­тиялар тұр» деді М.Махмұтова.
Сондай-ақ сессия барысында инте­рак­тивті көрме өтті. Онда ҮЕҰ-лар өздері іске асырған инновациялық жобаларды жә­не азаматтық белсенділік аясындағы үз­дік тәжірибелерді паш ету мүмкіндігіне ие болды.
Тұтастай алғанда, бүгінде үкіметтік емес ұйымдар нақты әлеуметтік қамту сек­­торына айналуда. Қазақстанда ҮЕҰ-лар­да 29 мыңнан астам адам жұмыс жа­сай­ды екен. Қоғамның әлеуметтік жағ­дайын жақсарту бағытындағы жобаларды жү­зе­ге асыруда бұл ұйымдардың атқарып отырған жұмысы елеулі саналады. Олар әлеу­меттік саладағы мәселелерді шешуде маңыз­ды рөл атқарып, халық пен билік арасын байланыстырушы буын бол­ған­дықтан, Дін істері және азаматтық қоғам ми­нистрлігі ҮЕҰ-лардың әлеуетін, кәсі­би деңгейін арттыруға маңыз беруде және қол­дауға бағытталған шараларды жүйелі түр­де жүргізіп келеді. Соның айғағындай, 1 республикалық және 16 өңірлік дең­гей­дегі «бір терезе» қағидаты бойынша ҮЕҰ-ларға қолдау көрсетуге арналған аза­мат­тық орталықтар ашылды.

ПІКІР

Ирина МЕРСИЯНОВА,
«Экономиканың жоғары мектебі» ғылыми зерттеу университетінің азаматтық қоғам мен коммерциялық емес секторды зерттеу орталығының директоры (Ресей):
– АЭФ секілді жаһандық деңгейдегі форум аясында аза­маттық қоғам тақырыбының алғаш рет қозғалуын атаулы оқи­ға деп санаймын. Бұл Қазақстанның осы салаға мак­роэ­кономика, сыртқы саясат секілді үлкен саясаттың дәстүрлі маңызды бағыттары қатарында орын беріп отырғанын көр­сетеді.
ХІ Астана экономикалық форумы аясында Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев әлем дамуының бес сын-те­геуріні – мегатрендіне айрықша назар аудартты. Олар қа­зіргі заманғы өмір шынайылығын сипаттайды. Бірақ дәл осы сын-тегеуріндер Қазақстандағы және бүкіл әлемдегі аза­маттық қоғамның рөлін жаңаша түйсінуге, оған жаңаша көз­қараспен қарауға мүмкіндік береді.
Елбасы дүниежүзінде цифрландыру үрдісі белең алға­нын атап өтті. Нәтижесінде, азаматтық қоғам алдынан мүл­­дем жаңа мүмкіндіктер өрісі ашылуда. Ақпараттық тех­­но­ло­гиялардың дамуы арқасында қарапайым адамдар да аза­­маттық қоғам тәжірибесіне, волонтерлық қозға­лысқа, ақ­шалай қайырымдылыққа, жергілікті өзін-өзі басқару жә­не өзіндік ұйымдасуға белсене араласа алады. Адамдарға бұл үшін қажетті құралдар берілуде, тек оны пайдалана білу, соған үйрету керек.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңа дәуірге ұзақ өмір сүру тән бо­латынын, қарттық жаста да жастай тың, сергек болар адам­дар саны көбейетінін білдірді. Бұл тамаша жайт үшін­ші сек­тор рөлінің артуына, жұмыс ауқымының ұлғаюына ық­пал етеді. Өйткені көптеген үкіметтік емес ұйымдарға «бел­сенді ұзақ өмір» үшін жағдай жасау және қызмет етудің жаңа перс­пективаларын ашады.
Нұрсұлтан Әбішұлы назар аудартқан тағы бір мәсе­леге тоқталғым келеді. Ол болашақта роботтар мен жа­санды интел­лект көп жұмысты өз мойындарына алаты­нын ес­керт­ті. Сонда босаған адамдар, мамандар немен айналы­сады? Олардың барлығы азаматтық қоғам аясында әртүрлі үкі­меттік емес ұйымдарда қызмет атқара алады. Себебі, бұл са­ла адамгершілікті, түсіністікті, келісімді талап етеді. Дәл осы азаматтық сектор цифрландыру жеңіс­ке жеткенде адам­затқа адам болып қалуына көмек­теседі.
Гүлмира ҚОРҒАНБАЕВА,
AlmaU университетінің ректоры:
– Қазіргі заманда азаматтық қоғам да бір­қатар шешуші өзгерістерді бастан өткеруде. Сондықтан біз жаңа азаматтық қоғамның қалыптасып жатқаны туралы айта аламыз. Мұндағы бірінші тренд – мемлекеттің, бизнес­тің, үкіметтік емес ұйымдардың және білім беру жүйесінің өзара серіктестігінің күшеюі.
Елбасы өз сөзінде еңбек нарығының сипаты өзгеріп жат­­қанын айтты. Демек, білім беру жүйесі ол сын-те­геурін­ге жауап табуы қажет. Білім беру жүйесі азаматтық қо­ғамның д­амуындағы басты бір платформаға, диалогтық алаң­ға, эксперттік-ресурстық орталыққа айналуға, терең әрі байып­ты зерттеулер ұсынуға тиіс. Азаматтық сектор, со­ның ішін­де мысалы, жастар білім ордалары, универси­теттер база­сында өз көзқарасын, ұсыныстарын ашық білдіре алуы маңызды.
Екіншіден, білім беру жүйесі әлеуметтік кәсіпкерліктің да­муына да кең жол аша алады. Ірі корпорациялар үшінші сек­­тормен бірлесіп, жоғары оқу орындары жанынан, со­лар­­дың базасында кәсіпкерліктің осы түрін өркендете ала­ды.
Заманауи білім беру тек мамандарды даярлаумен шек­тел­меуге тиіс. Өйткені Н.Назарбаев айтқандай, цифрлы дәуір­­де адам өз өмірінде кәсібін, мамандығын әлденеше рет ауыстыруы ықтимал. Ендеше, білім берудің азаматтық қо­ғам үшін тұлғаны, бірінші кезекте, рухани тұлғаны дайын­­дағаны маңызды. Себебі, тек IQ, ақыл-ой интеллекті ғана емес, рухани зияткерлік те қазіргі заманда азаматтық қоғам­ның негізіне айналуы керек.
Біздің байламымызша, отандық салмақты, жүйелі уни­верситеттердің кез келген оқу бағдарламасында «Қоғамға қыз­­­мет ету» деген бағдары болғаны абзал. Біз қоғамға қыз­мет ете білсек қана азаматтық қоғамның негізгі пробле­ма­ларын түсіне аламыз әрі оларды бірлесе шешуге қабілетті бо­ламыз.
Саясат НҰРБЕК,
саясаттанушы:
– Қазіргі кезде дәстүрлі түрде «үштұғырлы серіктестік» қа­лып­тасқан, онда үш тарап бар. Бұлар – Үкімет, бизнес жә­не «үшінші сектор» деп шартты аталатын азаматтық қо­ғам. Осы аяда аталған үш тараптың өзара қарым-қатынасы да­мы­ды, рөлдері айқындалды. Қазір әлеуметтік желілердің, ақ­параттық технологиялардың ықпалымен осы үш тұғыр­лы серік­тестік сипаты түбегейлі өзгеруде.
Өйткені бүгінде үкіметтік емес ұйымдарға өз қызметі­не, өз саласының проблематикасына, өз мүддесіне бұқара­ның на­зарын тарту, мойын бұрғызу өте оңайлады. Жаңа БАҚ са­налатын әлеуметтік желілер арқылы шағын ғана топ мей­лінше үлкен аудиторияға қуатты сигнал жіберіп, дү­м­пу туғы­за алады. Әрине, бұл жақта қауіп те жатыр, ол мүд­денің не­ні діттейтіні беймәлім. Шынында, бұл салмақ­ты мәселе ме, қоғамдағы өзекті, жүйелі жайт па, әлде аз шо­ғыр ғана топ­тың мүддесін басымдықты жағдайға шы­ғару­ды көздей ме? Сондықтан бұл ретте қоғамда сенім мә­се­лесі туындайды.
Тиісінше, Үкімет реттеуші орган ретінде азаматтық сек­­торға күмәнмен қарайтыны да жасырын емес. Нә­ти­жесінде, демок­ратиялық даму жолында еркіндік беру, бұл жолда се­ріктесу бар да, екінші жағынан сақтана қарау бар.
Дүниежүзілік экономикалық форум 2012-2013 жыл­дары аза­маттық қоғамның болашақтағы рөлі бойынша үл­кен бір зерт­теу жүргізді. Онда 2030 жылға қарай, азамат­тық сектор­дың өзгеруінің алты қозғаушы факторы айқын­да­ла­ды. Сол жазбадағы бір жайтқа тоқталуға болады. Оған сәйкес, егер бұған дейін үкіметтік емес сектор мем­лекет не бизнес бармайтын, қолы жетпейтін салаларда әре­кет етсе, енді биз­нестің өзі қоғамға қызмет етіп, әлеу­мет­тік рөл атқара бас­тауда. Сол құжатта айтылғандай, ҮЕҰ-лар бақылаушы, бас­қарушы, кеңесші-көмекші ретін­де жұмыс жасамақ. Қа­зақстандағы үшінші сектор осы үрдіс­терге дайын болуы ке­рек.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*