ЖОҒАЛМАЙТЫН МАМАНДЫҚ

Бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Білімді ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздардың қолында. Тіпті мойнында десек те болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр», – деп атап көрсеткен еді.
«Білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себептері бар. Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген. Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз». Мемлекет басшысының келешекті болжай білетін қасиеті осындай сөзді айтқызып отыр.
Иә, болашақта көптеген кәсіптер жоғалар, мәні мен сәні өзгерер. Мүмкін. Алайда ешуақытта ескірмейтін, жоғалмайтын мамандық бар, ол – мұғалім мамандығы. Бұл салаға бала атаулыны жан-тәнімен сүйетіндер мен нағыз жанкешті жандар барады. Француз ойшылы Жан Жак Руссо: «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау», – депті. Ал біздің Ыбырай Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», – деген екен.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны. Бір ғасырға жуық уақыт ішінде 250 мыңнан астам жоғары білімді мұғалімдер мен ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлап шығарған тарлан шаңырақта биыл мерейтой. Ұлттық рейтинг бойынша педагогикалық жоғары оқу орындары арасында алдыңғы орында келе жатқан осы университет ректоры Тахир Балықбаев бір топ БАҚ басшысымен жүздесті. Ортаға келелі ойлар тасталды. Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығымен марапатталған университетте 883 білікті профессор-оқытушы дәріс береді екен. Яғни, Қазақстан мектептерінде еңбек етіп жүрген, келешекте еңбек ететін мұғалімдер санаты негізінен, осы оқу ордасының түлектерінен құралады.
«Мұғалім мәртебесі қандай болуы керек», «Жақсы мұғалім қайдан шығады», «Ұстаз өнегелі һәм өнерлі болмайынша, шәкірт жүрегін жаулай алмайды» деген тұрғыда бірталай мәселе көтерілді. Соның ішінде кешегі қазақ ауылдарында мұғалім ең беделді мамандық иесі атанғаны айтылды. Олардың бәрі елді тыңдата алатын, тыңдай алатын. Білімі мен білігі жоғары болды. Бәрі де газет, кітап оқыды. Сол заманда газет оқу, кітап оқу мәдениеті қалыптасты. Қазір осы жағы ойсырап бара жатыр. Жастар, оның ішінде мұғалім мамандығын оқып жатқандар да бар, оқу мәдениетіне салғырт қарай бастады.
«Тәрбиешінің өзі – тәрбиелі болуы керек» деген сөзді бір данышпан айтқан еді. Сол айтқандай, мұғалім мамандығы – керек мамандық. Білім мен тәрбие саласында тер төгетін ұстаздар еңбегінің өтеуі анау-мынаумен өлшенбейді. Ол – күшті, мықты Қазақстан! Жаһандық бәсекеге төтеп бере алатын Қазақстан!
Нұртөре ЖҮСІП