«ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА» ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

1267
0
Бөлісу:

Астананың 20 жылдық тарихында елорда да халықаралық деңгейдегі көптеген ірі жиын өтті. Мәселен, бұл ретте Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммитінен бастап, бітімгерлік мақсатында ұйымдастырылған сансыз кездесулерді айтуға болады. Әйтсе де, солардың ішінде ЕХРО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің шоқтығы бәрінен биік болып тұр. Бір қарағанда, халықаралық көрме аяқталғаннан кейін бәрі де ұмыт қалғандай көрінуі мүмкін. Алайда елімізде табиғаттан балама энергия көздерін алуға арналған көптеген жобалар қолға алынып жатыр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін еліміздің «жасыл экономи­кадағы» үлесі 3 пайызға жетуі керек деп Үкіметке міндет жүк­теген болатын. Сондай-ақ Президент осы мақ­­сатта «жасыл энергиямен» айналысатын 50-ден ас­там компания ашылады деп мәлімдеген бо­латын. Олардың жалпы қуаттылығы 2 мың ме­га­ватты құрайды. Сонымен қатар Елбасы Үкі­мет­ке Қазақстандағы балама энергия көздерін игеруді 2030 жылға дейін – 30, ал 2050 жылы 50 пайызға жет­­кізуді міндеттеп отыр. Қазіргі таңда елімізде «жа­­сыл экономиканы» дамыту мақса­тында бір­қа­тар жұмыс жасалып жатыр. Алайда көпшілік та­биғаттан балама энергия алуға әлі де бей-жай қа­райтын тәрізді. Шын мәнінде, «жасыл эконо­ми­каны» дамыту арқылы еліміз үнемділікті арт­ты­рып, экологияға зиян келтіру­ден сақтанатын бо­лады.

Мемлекетке де, бизнеске де тиімді
Мемлекет басшысы 2013 жылы Қазақ­стан­да­ғы «жасыл экономиканы» дамыту тұжырым­да­ма­сына қол қойғаннан кейін, елімізде «Жасыл эко­номиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту коа­лициясы құрылған болатын. Аталған коа­ли­цияның басқарма төрайымы Салтанат Рақым­бе­кованың айтуынша, қазіргі таңда әлемнің да­мы­ған мемлекеттері бұған айрықша назар аударып, оны дамытуға күш салып жатыр.
– 2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдаған «Қазақстан – 2050» стра­тегиясын, сарапшылар «жасыл стратегия» деп айтып жүр. Өйткені аталған стратегияда елімізде «жа­сыл экономиканы» дамытуының қыр сыры жан-жақты жазылған. Жалпы, біз «жасыл энер­гияның» арқасында энергия тиімділік, энергия үнем­ділік, энергия сыйымдылық және органи­ка­лық ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік ала­­мыз. Бұлардың ішіндегі ең маңызды мәсе­ле­нің бірі – «жасыл энергия» арқылы қоршаған ор­та­ның ластануын төмендете аламыз. Қазіргі таң­да әлем жұртшылығын алаңдатып отырған бас­ты мәселенің бірі – климаттың жылынуы. Сон­дықтан әлемнің 150 мемлекетінің басшысы Фран­цияда бас қосып, Париж келісіміне қол қой­ды. Аталған келісімшартқа қол қойған мем­лекеттер 2023 жылға дейін «жасыл экономиканы» да­мытамыз деп өздеріне жауапкершілік алып отыр. Егер осы келісімшарт орындалатын болса, мем­лекетке де, бизнеске де тиімді болар еді. Жал­пы «жасыл экономиканы» дамыту үшін биз­нес­мендер ақша бөліп, жұмыс жасауға мүдделі. Не­гізі, бұл жоба өзін-өзі ақтамаса, кәсіпкерлер бұл салаға қаржы салмайды. Мысалы, қазіргі таң­да әлеуметтік нысандарды электр энергия жә­не жылумен қамтамасыз ету үшін қыруар қар­жы қажет. Егер мемлекет пен бизнес өкілдері өза­ра келісімге келсе, біраз шаруаны шешіп тас­тауға болады, – дейді ол.
Са­лтанат Темірқұлқызының айтуынша, кә­сіпкерлер «жасыл экономиканы» дамыту мақ­сатында ақша бөлуге ниетті. Алайда олар 3-4 жыл бойы бұрынғы тариф сақталуына кепілдік бе­рілуін сұрап отыр. Сонда олар өздері жұмсаған қар­жыны ақтап, пайда табуы мүмкін.

ЭНЕРГИЯ ҮНЕМДЕУГЕ ЕРЕКШЕ МӘН БЕРГЕН ЖӨН
Қазіргі таңда Қазақстан – энергияны ша­ма­дан тыс көп пайдаланушы мемлекеттердің бірі. Егер еліміздің экономикалық тұрғыдан дамы­ға­нын қаласақ, энергия үнемдеуге көп көңіл бөлуі­міз керек. Мысалы, мектеп пен аурухана сынды әлеу­меттік нысандардың электр энергия мен жылу­ға жұмсап отырған қаржысын азайтуға мүм­кіндік бар. Салтанат Темірқұлқызы ол үшін ес­кі үйлердің инженерлік инфрақұрылымын өз­герту керек деген пікірде.
– Қазіргі таңда әр үйде бірнеше теледидар мен тоңазытқыш және тағы да басқа техника бар. Жа­рыққа аз ақша жұмсағымыз келсе, үйімізге энер­гия үнемдейтін шамдар орнатуымыз керек. Атал­ған шамдар басқа шамдармен салыстырғанда 4 есе аз энергия тұтынады. Мысалы, жай шам­дары 100 ватт, ал энергия үнемдейтін шамдар 18 ватт жұмсайды. Электр энергиясынан бөлек біз көмірді де шамадан тыс көп пайдаланып жа­тыр­мыз. Айталық, ха­лықаралық ұйымның тап­сыр­масы бойынша сарапшылар Қарағанды қала­сы­ның айна­ласындағы 560 қазандықты зерттеген бо­латын. Сарапшылардың айтуынша, аталған қа­зандықтар төрт есе көп көмір жұмсап отыр. Мә­селен, жыл сайын бюджеттен көмірге 160 мың тонна қаржы жұмсалады екен. Үнемдеу қон­дырғысын орнататын болса 40 мың тонна кө­мір тұтынуға болады. Бұл арада бюджетке ға­на емес, сонымен қатар экологияға да төрт есе пай­да келер еді, – дейді ол.
Кәсіпкерлер Қарағандыдағы 560 қазандықты ауыс­тыруға қажетті 3 млрд теңгені беруге ниетті. Алай­да олар 3-4 жылдың ішінде қазіргі тариф өз­гер­мейді деген кепілдік берілгенін қалап отыр. Яғни, кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктен алған 3 млрд теңге несиені үш жылда қайтара­тынына кө­зі жетіп отыр.
Қазіргі таңда еліміздің кейбір аймағында қат­ты отынды үнемдеп, экологияға зиян кел­тір­мей­тін жұмыстар жасалып жатыр. Мәселен, Шығыс Қа­зақстан облысына қарасты Аягөз ауданындағы 46 мектеп пиролизды пешке ауыстырылған. Егер бұ­рын бір мектеп көмірге 14 млн теңге жұмсап отыр­са, пиролизды пеш орнатқаннан кейін оның құны 3 млн теңге болған. Міне, осыдан-ақ «жа­сыл экономиканы» дамытудың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады.

ОТЫРАРДАҒЫ ОҢ БАСТАМА ӨЗГЕ ӨҢІРДЕ ЖАЛҒАССА
Көмір үнемдеуге емес, сонымен қатар күн сәу­­лесінен электр энергиясын алуға да айрықша на­зар аударылып жатыр. Мысалы, Оңтүстік Қа­зақстан облысына қарасты Отырар ауданында күн көзінен электр энергиясын алатын станса са­лынбақ. Жалпы құны 150 млн АҚШ доллары бо­латын жобаны отандық Dala Solar ком­па­ния­сы Қытайдан инвестор тартып, іске асырмақшы. Сон­дай-ақ компания Шымкент қаласында күн­нен электр энергиясын алатын тақтайшалар шы­ғаратын зауыт ашуға ниеттеніп отыр.
Dala Solar компаниясының техникалық ди­рек­торы Ермек Қариевтың айтуынша, ауқымды жо­ба ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесі аясын­да жүзеге асып отыр. Сондай-ақ ол аталған стан­саны Отырар ауданында ашудың өзіндік мәні бар екенін айтады.
– Өйткені бір жылдың 300 күні ыстық бола­тын ауданның табиғи жағдайы күн электр стан­сасын салуға өте тиімді. Жалпы, Отырар ауда­нын­дағы жоба 6 жылда өзін-өзі анықтайды деп жоспарлап отырмыз. Негізі, күннен энергия алу ауа райына байланысты өзгеріп отырады. М­ә­се­лен, жаздың кезінде 100-120 МВТ энергия өн­діріл­се, ал қыста 80, 70 тіпті 50 МВТ-қа дейін тү­сіп кетуі мүмкін. Әйтсе де, жаздың күні қыста жі­­­берген есемізді қайтарып аламыз. Яғни, қалай болған күннің өзінде орта есеппен сағатына 100 МВТ тоқ алынады. Оңтүстік Қазақстан об­лысында көп болса 2 ай ғана ауа райы бұлтты бо­лады. Сондықтан да бізге бұл облыстың табиғи жағ­дайы қолайлы болып тұр. Оның үстіне қара­пайым азаматтарға да Отырар ауданында күн электр стансасы ашылғаны тиімді. Өйткені стан­са іске қосылатын болса шамамен 50-60 адам тұ­рақты жұмыспен қамтылады. Құрылыс жұ­мыс­тарын жүргізуге кемінде 500-ге жуық азамат ат­са­лысады. Ал күн панельдерін шығаратын зауыт­та бір ауысымда 29 адам жұмыс жасайтын бол­са, үш ауысымда 100-ге жуық азамат қызмет ете­тін болады, – дейді Ермек Манатұлы.
Отырар ауданында ашылатын күн электр стан­сасы Шымкент қаласының 25 пайызын тоқ­пен қамтамасыз етуге қауқарлы. Мәселен, тұтас Шым­кент қаласы сағатына 400 МВТ тоқ пайда­ла­­нады екен. Ал компания өндіретін 100 МВТ энер­­гия соның 25 пайызын қамтамасыз ете ала­ды.
Қазіргі таңда балама энергия көздерін да­мы­тып, табиғатқа зиян келтірмеу басты мақ­сат­тар­дың бірі болып отыр. Сондықтан да Елбасы 2020 жылға дейін, Астанаға табиғи газ әкелуді Үкіметке тапсырды. Бұл Астананың 20 жылдық меретойы қар­саңында ең маңызды жағымды жаңалық бо­лып отыр. Өйткені бұған дейін көк түтінге ора­нып келген Астана аспаны шайдай ашылмақ.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*