Жалпылдақ жиналыс керек пе?

1317
0
Бөлісу:

Мектепте әр тоқсан сайын өтетін жиналысқа ата-аналарды шақыра алмай жүргенде, жалпыұлттық ата-аналар жиналысы деген пайда болды. Білім және ғылым министрлігінің, дұрысы, министрдің бұл шараға белсене кіріскені сондай, жиналыс болатын күні жұмыс берушілерге ата-аналарды жұмыстан ерте босату туралы өтініш те жасады. Себебі, ата-аналар «жиналысқа барайын десек, жұмыстан сұрана алмаймыз» деп сылтауратады екен.
Тәрбиені ұстаздардың мойнына артуды жөн көрмейтін сала министрі Ерлан Сағадиев жалпыұлттық «ата-аналар сағатына» ата-аналарды түгел жинай алды ма? Біздің білуімізше, кей мектеп әр сыныптан 4-5 ата-ана ғана келсін десе, енді бір мектепте «жалпыұлттық» жиналысқа 9-11-сынып оқушыларының ата-аналары ғана шақырылған.

…Өзіміз куә болған жина­лысты баяндасақ, әуелі жиналыс залына кірмей тұрып, ата-ана­лар тіркеуден өтті. Бұл тір­кеудің кімге, не үшін керегі белгісіз, аты-жөні мен баласының қай сыныпта оқитынын жаздырып жатты. Тағы бір байқағанымыз, жалпыұлттық ата-аналар жиналысы екінші рет өткеніне қарамастан, мектеп әкімшілігі қобалжулы жүрді. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, микрофон біресе шиқылдап, енді бірде өшіп те қалды. Жиын тізгінін қолға алған адам баяндама жасаушыларды мінберге шақырғанда, әкесінің атын орысша атайтыны құлаққа тосын естілді. Аралас деген аты бар мектепте -овна, -евнасыз әңгіме айтылмайтыны көрініп тұр.
Ата-аналардың мысы басты ма, баяндама жасауға шыққан­дардың дауысынан діріл сезіле берді. Мектеп директорының орынбасарлары осылай болса, мұғалімдері қалай сабақ береді деп ойламау мүмкін емес. Шыны керек, өз басымыз мек­теп мұғалімі патшаның өзі тағынан түсіп, сәлем беретіндей тұлға болса деп армандаймыз ғой. Мынадай кереғар көрініс көңіл жабырқатқаны рас.
Баяндамалардың ұзақтығы өз алдына, соның өзін сауатты оқи алмағандар болды. Оны жазсақ, ұсақталғандай болар­мыз. Тек бір баяндамашының өз баяндамасының тең жарты­сын ұстаз бен шәкірт деген ұғымға анықтама беруге арнағанын айтсақ та жетер. Ал тақырыбы мүлде басқа. Мектептің тыныс-тіршілігін баяндау үшін шыққан баяндамашының бүге-шүгесіне дейін тоқталуы қажет пе деген де ойға қалдық. Одан да сол ақпаратты мектеп сайтына салса, ата-аналар танысып алар еді. Өйтпеген жағдайда инфо­графика түрінде жасап, жиынға келгендерге таратса да болар еді. Айтқандай, баяндамашылардың бірсарынды дауысынан қалғып кеткендер де болды, қалғандары ұйқы қашырсын деді ме екен, телефон шұқылап отырды.
Қысқасы, «жалпыұлттық» деп жар салғанымен, әкімдердің жиынынан аумаған тағы бір жиналыс түрінің пайда болға­нына куәміз.
Осы тұста бүгінгідей ақпа­раттық технология дамыған кезде ата-аналарды үлкен залға, яки кабинетке жинап алып, жиын өткізудің қажеті бар ма деген сауал туындайтыны заңды.

Зәуре Зақанқызы,
журналист:
– Ата-аналар жиналысы керек, бірақ формасы өзгертсе… «Қазір технология заманы, он-лайн, ВКС, тікелей қосылу арқылы жиналыс жасай беруге болады. Бұл біріншіден ата-ана мен мұғалімнің уақытын үнемдесе, екіншіден үлкенді де, кішіні де жаңалыққа (техни­калық, технологиялық) құмар етеді. Сосын жиналыстың тақырыбына қатысты айтарым бар. Мысалы, баланың білімін, тәртібін, мінез-құлқын тал­қылау үшін ортақ жиналыс керек емес. Ол жеке қарасты­рылуы тиіс шаруа. Әр баланың құпия саналуы тиіс мәліметтері болады. Ол ата-ана мен мұғалім арасында жеке талқыланғаны жөн. Өкінішке қарай, бізде жиналыс барлық ата-ананы жинап алып «пәленше сабақты керемет оқиды, түгенше сөз ұқпайды» деген сияқты жеке басты талқылауға немесе бұй­рық райда міндеттер артуға ғана арналған.
Кішкене кезімнен санамда жатталып қалған, әлі күнге дейін түсіме кірсе шошып оянатын фобиям бар. Мектепте аптасына бір рет тазалық қарайтын, басынан бит-сірке шыққан қыздарды бүкіл мек­тептің оқушылары жиналған жиынның алдына шығарып, ол аз болғандай қабырға газетіне суретін келемеждеп салып, басына торғайдай биттің суретін салып қоятын. Өзім таза жүріп, басым биттеп көрмесе де, тазалық қарарда қатты қорқа­тынмын. Басымды қарай бастағанда жүрегім атқақтап, аузыма тығылып, алақаным терлеп талып қала жаздайтын­мын. Көз алдыма ана бейшара қыздардың кейпі келіп, өзімді солардың орнында елестетіп… әлі күнге дейін есіме түссе денем түршігеді.
Мектепте, көпшілік алдында жанға түскен жара баланың соңынан өмір бойы қалмайты­нына көзім жеткен. Сондықтан жиналыс «баланы қалай жан-жақты етіп шығарамыз» деген тақырыпта өтсе ғана келісер едім.
Аты-жөнін жазғанымызды қаламаған мұғалім ата-аналар жиналысы арасы алшақтап кеткен ата-аналар мен мектеп арасына дәнекер болады, сол үшін де керек деп санайды.
– Сыныпта өтетін жина­лысқа ата-ананың 30-35 про­центі әрең келеді. Әдетте, жи­на­лысқа 1 және 11 сынып оқу­­­­шыларының ата-аналары белсенді қатысады. Өйткені 1-сыныпқа барған баласының оқуы мен тәртібін білгісі келеді. Мектеп бітіретін баласының жағдайына алаң­дайды. Қазіргі кезде ата-аналар мектептегі бала өмірі туралы, қай сабақта не болғанын «уатсап» арқылы біліп отырады. Десе де, бала тәр­биесіне салғырт қарай­тындары көп. Олар баламды мектеп тәрбиелеуі тиіс деп ойлайды, тіпті баласы бұзықтық жасаса, біз баланы мектепке жібердік емес пе, не қарап отыр­сың деп мұғалімге ұрсатындары да бар. Ал енді баланың тәртібіне байланысты баламен сөйлессең, саған менің баламмен олай сөйлесуге кім құқық берді деп жазғыратын ата-ана да кезде­седі. Бала тәрбиелеуді үйреткісі келетін ата-ана да жоқ емес. Осының бәрі ата-ана мен мек­теп арасының қаншалықты алшақ екенін көрсетеді.
Соңғы екі жылда байқа­ғаным, балалары төбелесіп қалған ата-аналар бір-бірін сотқа сүйрейтін әдет пайда болды. Бала болған соң төбе­леспей тұрмайды, бірақ оны түсінетін ата-ана жоқ, дәрісіне 100 мың теңге керек деп сотқа шағымданады. Міне, сол ата-аналар жиналысқа келмейді де, мұғаліммен сөйлесіп, баласы­ның тәртібін қадағалап, үйде сабағын бақылап жүрсе, сотқа шапқыламас еді-ау деп ойлай­мын, – дейді.
Өзге мемлекеттерде ата-аналар жиналысы қалай өтеді? Бұл сауалды Чехия астанасы Прагада тұратын отандасымызға қойып көрдік.

Маржан Сақаба,
ата-ана:
– Кіші баламыз Прагадағы британдық мектепте оқиды. Ол мектепте ата-анамен жиналыс болатыны туралы ақпарат поштаға жіберіледі. «Құрметті ата-ана, осы айдың мына үш күні жиналыс болады, booking (кездесу уақытын белгілеу) жа­сауыңызды өтінеміз деген мазмұнда хат келеді. Соған сәйкес әр пәннің мұғалімімен кездесудің уақыты мен күнін белгілейсіз, сосын белгіленген күні уақытында барасыз, әр балаға 15 минуттан бөледі. Сынып жетекшісімен сабақ басталардан 15 минут бұрын күнделікті таңертең Tutor Time-да (оқытушы уақыты) кездесуге болады. Ол мектепте барлық ата-ананы бір кабинетке жинап алып жиналыс өту деген жоқ. Әр ата-анамен жеке-жеке кез­деседі. Сосын, сіздің балаңызға қатысты нәрсені поштаңызға жазады немесе телефон шалып хабарлайды. Мұндай кездесу жылына 3 рет өтеді. Британдық мектепте балалар үш тоқсан оқиды. Мектепте қандай да бір мақсатта ақша жинау деген атымен жоқ. Мұғалімге сыйлық беруге де болмайды. Егер мұға­лімге алғыс айтқыңыз келсе, жеке поштасына жазасыз. Бұл тәртіп чех мектептеріне де тән. Себебі, Чехиядағы мектептер, ол британдық, америкалық мек­теп болсын, Еуроодақтың ортақ ережесіне бағынады.

 

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*