Өнер университеті: 20 жыл – 20 белес

894
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ұлттық өнер университетінің 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты концертке барды.

Мерекелік концертте қазақ және шетел композиторларының түрлі жанр­дағы танымал туындылары көрерменге ұсынылды. Олардың қатарында Кеңес Дүйсекеевтің «Өнер ордасы» шығармасы, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан үзінді, Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әні, Леонард Бернстайнның «Вестсайд тарихы» мюзиклінен «Сим­фо­ниялық билер» және басқа да көптеген туындылар орындалды.
Қазақстан Президенті барша жұртты университеттің 20 жылдығымен құттық­тап, ауқымды мәдениет ошақтары елорда мәртебесін асқақтата түсетінін атап өтті.
– Шығармашыл зиялы қауым елор­даның мәдени өміріне елеулі үлес қосып келеді. Мен Астанаға Алматыдан және бүкіл Қазақстаннан мәдениет саласының үздік өкілдерін шақырдым. Әлемде көптеген университет бар, бірақ Өнер уни­верситеті тек Астанада ғана бой көтерді. Бүгінде елордада Опера және балет театры, Хореография академиясы, Орталық концерт залы және басқа да мәдениет ошақтары ашылды. Осының бәрі еліміздің болашағы үшін, мәдениеті­міз бен өнеріміз үшін жасалып жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Өнер универси­теті­нің қалыптасып, дамуы үшін оның басшылығы мен профессор-оқытушылар қауымының зор рөл атқарғанын айтты.
– Университет жанында колледж, ба­калавриат, магистратура және докто­ран­тура бар. 3 мыңға жуық студент білім алуда. 20 жыл ішінде университеттің 500-ден астам түлегі халықаралық конкурстар мен байқаулардың лауреаты атанды. Сіздерге табыс тілеймін, Отанымыз – Қазақстан Республикасының абыройын асқақтататын атақты музыканттардың шығуына және жаңа есімдердің танылуына ниеттестік білдіремін! – деп түйіндеді Елбасы.

Бөлісу:

Пікір жазу


*