Туризмнің төресі – музей

2000
0
Бөлісу:

Бүгін – Халықаралық музей күні. Атаулы күн Халықаралық музейлер кеңесінің ұсынысы негізінде 1978 жылдан бері аталып келеді. Әлемнің 150-ден астам мемлекеті тойлайтын мерекеге орай «Музей түні» шарасы өткізіледі. Идея 1970 жылы ұсынылғанымен, алғаш рет Музей түні 1997 жылы жүзеге асты. Германияда өткен Lange Nacht der Museen («Музейдегі ең ұзақ түн») бастамасын, 2001 жылы Лувр музейі жалғады. Қазақстанда Музей түні 2006 жылы Орталық музейде бастау алып, бүгінгі күнге дейін бұл ізгі дәстүрдің ұштығы үзілген жоқ. Көнеден жеткен жәдігерлерді жинақтап, ұрпаққа көздің қарашығындай жеткізетін осынау бірден-бір мәдени ошақтың ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор. Шетелдерде музей тек ұлттық мұра ғана емес, туризмді дамытудың маңызды тетігіне айналғанын да аңғарып жүрміз.

Ең танымал музейлер қандай?
The Art Newspaper беделді басылымы жыл сайын дәстүрлі түрде ең танымал әрі келушілер саны көп музейлердің рей­тингін жасайды. 2017 жылы бұл тізімнің көшін атақты Лувр бастады. Жылына әлемнің түкпір-түкпірінен 8 млн турист жиналатын Бейжіңдегі Қытай Ұлттық музейі екінші орынға жайғасты. Үшінші орында Нью-Йорктегі Метро­политен музейі. Үздік ондыққа үш лондондық музей: Британ музейі (5-орын, 5,9 млн адам), Тейт Модерн (6-орын, 5,6 млн адам) және Ұлттық галерея (8-орын, 5,2 млн адам) кірді. Петербордағы Эрми­таж да ондықтан көрінді. Эрмитажды тама­шалауға жылына 4,2 млн адам барады екен.


Әлемдегі халық ең көп баратын му­зейлердің бірі – Париждегі атақты Лувр. Былтырдың өзінде Луврға келушілер саны 8,1 млн-ға жеткен. 1190 жылы Фи­липп Августтің бастамасымен салынған ғимарат алғашында Француз король­дерінің сарайы болған. Тек 1793 жылдың 8 қарашасынан бастап музей ретінде есігін айқара ашқан. Аумағы 195 мың шаршы метрді құрайтын музейде 400 мыңнан астам құнды тарихи жәдігер жи­нақталыпты. Қолданбалы өнер, кескін­деме, мүсін және графика өнері, Ежелгі Мысыр, Ежелгі Шығыс және Ис­лам мәдениеті, Грекия, Рим және этруск өне­рі атты жеті бөлімнен тұратын музейді толық аралауға шамамен үш жарым ай­дай уақыт кетеді екен. Осылайша, Фран­цуз елінің астанасы Эйфель мұнарасымен ғана емес, Лувр арқылы да мәдени туризмді дамытуда.
Әлемдегі ең үлкен музейлер кешені – Римдегі Ватикан музейі. 1400 зал, 50 мыңнан астам жәдігер топтастырылған мәдениет орнын аралау үшін 7 шақырым жүруіңіз керек. Келушілер әуелі мұндағы ең қасиетті саналатын Сиктин капел­ласын көруге асық болады екен. Алайда Ватикан пинакотекасының ең түкпірінде орна­ласқанын біреу білсе, біреу білмейді. Музей құрылымының ерекшелігі де осында болар.
Нью-Йорктегі бесінші авеню мен 57-көшеде орналасқан Музей алаңын біл­мейтін жан кемде-кем. АҚШ-тың ең үздік музейлерінің ең ірісі – Метро­политен топтамасында 2 миллионнан астам өнер туындысы бар, соның ішінде біздің тари­хымызға қатысты мол дүние сақталған. Тікелей қазаққа қатысты болмаса да, бабаларымыздың тәбәрік­терін табуға болады. Сақтардан, ғұн­дардан, қыпшақ­тардан, алтынорда­лықтардан, моғол­дардан, мәмлүктерден қалған мол дүние осы музейде сақтаулы тұр. Палеолит дәуі­ріндегі артефактілерден бастап, бүгінгі заманауи поп-арт бағытындағы дүниелер сөрелерге берік орныққан. Раритеттік құндылыққа ие Африка, Таяу Шығыс және Мысыр мә­дениетіне тән дүниелер де бар. Мұнда бес құрлық тұр­ғын­дарының жеті ғасыр киген киім үлгілері, ұлттық киімдері жинақталған зал да жұмыс істейді. Көпші­ліктің ыстық ықыласына бөленген орта ғасырдағы Еуропа кескіндеме және мүсін өнеріне арналған залмен қатар, әр елдің музы­калық аспабы жиналған бөлімді де ерекше айтуға болады. Десе де, мұндағы басты зал америкалық өнерге арналғанын айта кеткен жөн.
Әлем мәдениетінің үш миллионға жуық өнер жауһары мен ескерткішін құ­шағына сыйдырған Эрмитажды біл­мейтін жан кемде-кем. 1764 жылы Ека­теринаның жеке қоры негізінде ұйым­дастырылды. Бірақ адамдар оны тек 1852 жылдан бастап тамашалады.

Ұлттық жәдігерлер – мәдени туризм негізі
Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстанда алғаш рет 1823 жылы Жәңгір хан өз орда­сында музейлік көрме залын ашты. Бірақ ханның бұл бастамасы музей ретінде танылмады.
Ресми түрде Қазақстандағы алғашқы музей 1831 жылы 1 сәуірде Орынборда ашыл­­ды. Бұл бастама 1883 жылы – Семейде, 1898 жылы – Верныйда, 1859 жылы Оралда жалғасын тапты.
Тәуелсіздік алған соң тарихи жәді­гер­лерімізді түгендеп, музейлерімізді жаң­ғырту жұмысы қарқынды жүргізілді. Соңғы 15 жылда музейлер саны екі есеге өссе, жәдігерлер саны 1,8 млн-нан 2,4 млн-ға дейін артқан. Қазіргі уақытта Қазақстанда 240 музей бар. Оның ішінде 234-і мемлекеттік болса, алтауы – жеке­меншік музей ретінде тіркелген. Музей­лердің 89-ы – өлкетану, 52-сі – мемо­риалдық, 50-і – тарихи, 11-ы өнертану, 10-ы – музей-қорық, 4-еуі жаратылыстану және 181 өзге бағыттарда жұмыс істейді. Жалпы, экспозициялар қорында 4 млн-ға жуық құнды жәдігерлер жи­налған. Елі­міздегі музейлерге келушілер саны жылына 5 млн-нан астам.
Еліміздегі музейлердің арасынан үздік ондыққа кіретіндері қайсы? Қазақ­стан музейлері ақпараттық-әдістемелік орта­лығының рейтингіне сүйенсек, үздік он­дықты Астанадағы Ұлттық музей бастап, бұл тізім­ді Алматыдағы Орталық музей Геология музейі жалғастыруда. Төртінші орыннан «Таңбалы тас» қорық-музейі көрінсе, бесінші орында Есік қорық-му­зейі, ал­тыншы орынға Астанадағы С.Сей­фуллин музейін жатқызуға болады. Саяси реп­рессия жылдарындағы ащы шындықты көрсететін АЛЖИР музейі жетінші, қоғам қайраткері Д.Қонаевтың мемориалдық музейі сегізінші орынды иеленеді. Ұлттың ұясы – Ұлытаудағы қорық-музей тоғызын­шы орыннан, ал Семейдегі Абай музейі оныншы орыннан көрінеді.
Бүгінгі қоғамда музей бірнеше дәуір­дің тарихын, этнографиясын, мәдени мұра­сын жинақтаған орын ретінде қарау ба­сымырақ десек, жаңсақтық болмас. Шетел­дерде музей ел экономикасын кө­теретін басты құралға айналғаны қашан. Біздің тарихи экспонаттар Еуропа жәді­герлерінен артық болмаса, кем түспейді. Орта Азия тарихына, оның ішінде Қазақ елі тарихына деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан шетелден ұлттық музейлерімізді насихат­тау, дәріптеу жағын үйренсек құба-құп. Бүгінгі ақпа­раттық дәуір қарыштап дамыған заманда виртуалды музейлерге деген сұраныстың да жоғарылағанын ескерген жөн.


Қаншама құнды жәдігеріміз әлі де шетелдік музейлерде сақтаулы. Мәселен, Метрополитен музейінде Алтын орда­ның билеушісі Жәнібек ханның дулы­ғасы, Түркияның Топқапы сарайында Мәмлүк билеушісі Қайтбай сұлтанның сауыты бар. Ал Вашингтон музейінде Қайтбайдың кілемшесі тұр. Атақты Британ музейінде де қазаққа қатысы бар жәдігерлер же­терлік. Соның ең негізгісі – Бейбарыс сұлтанның алтыннан жасат­қан динарлары. Әр жылдары, әртүрлі пішінде шыққан динарлар музейдің тиындар қорында сақтаулы. Британ кі­тап­ханасында Бейба­рыс сұлтан жасат­қан көне Құран бар. Астанада Ұлттық музей ашылғалы, өткен тарих­тан сыр шертетін құнды­лықтар­ы­мызды елге қайтару жұмыстары да бірте-бірте жүзеге асуда. Ендігі мақсат – әлі де ел ішінде қалған тарихи дүниелерді музей төріне қою, жас ұрпаққа әрбір жә­дігердің тарихтан сыр шертетін құнды­лығын айшықтау.

 

P.S 

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» кел­ген қонақтарды әр түрлі қызықты бағдарламамен қуантатын болады. Атап айтсақ, Алматы музейі, Дінмұхамед Қонаев музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды мұражайы, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдебимемориалдық музей кешені «Музей түнінде» есігін алматылықтарға айқара ашып, ғылымитанымдық және ойынсауықтық бағдарламалар арқылы алматылықтарға таңғажайыптарға толы музей түнін тарту етпек.

Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды мұражайында 18 мамырда өтетін «Му­зей түнінде» Алматы тұрғындары мен қонақтарын қазақ музыкасының клас­сикасы мен заманауи үлгісі үйлесімді көрініс табатын керемет кеш күтіп тұр. Сағат 20.00-ден 01.00-ге дейін өтеді.

Қазақстан Республикасы Мемлекет­тік Орталық мұражайы 18 мамырда сағат 17.00-ден 24.00-ге дейін Халықара­лық музейлер күні мерекесіне арналған «Музей түнінде» алматылықтар үшін қызықты бағдарламалар әзірлеп қойған.

Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекет­тік өнер мұражайы 18 мамырда сағат 18.00-ден 02.00-ге дейін жыл сайынғы «Музей түні» жобасын ұсынады.

 

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*