Швейцария Жетісуға инвестиция салады

728
0
Бөлісу:

Алматы облысына Швейцарияның оңтүс­тігінен арнайы ат арылтып жеткен дипломатиялық делегация Талдықорғанға келісімен өңір басшысының қабыл­дауында болып, іскерлік кездесу өткізді. Швейца­рияның Қазақстандағы елшісі Урс Шмид бастаған, елшіліктің атташесі Микланджело Чини және сауда-өнеркәсіптік палатасының ресми өкілі Алберто Лотти мен тағы басқа да дипло­маттар қостаған делегацияны зор қоше­метпен қарсы алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов оларға өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, инвес­тициялық мүмкіндіктері туралы қысқаша баяндады.

– Былтыр Астанада өткен ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесі кезінде Тичино кантонасы мемлекеттік кеңе­сінің Эконо­мика және қаржы министрі Кристиан Виттамен екі аймақ арасын­дағы ынты­мақтастық жөніндегі келі­сімге келген едік. Осыған орай, біздің Тичино кантонасымен таныстығымыз былтырғы тамыздан басталады деуге болады. Біраз бұрын сіз­дерге арнайы сапармен барып, әлеуметтік-экономи­калық нысандармен танысып қайт­қанбыз.
Біздің облыс – еліміздегі аса қолай­лы инвестициялық ахуал қалыптасқан, табиғи байлықтар қоры баршылық аймақтардың бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері дегенді айта кетсем де артық болмас. Өңірдің Жаңа Жібек жолының тура ортасында, шекара маңына орналасуы да көліктік инфрақұрылым мен логистиканың дамуына ерек­ше ықпал етеді. Біздің облыста «Қор­ғас» шекара ­маңы халықаралық ынтымақ­тастық орталығы орналасқан. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономи­калық аймағы дамытылуда. Осы арнайы эконо­микалық аймақтағы теміржол және автокөлікпен тасымалданатын контей­нерлер мен жүктер ағындарын өңдеуден өткізетін «Құрғақ порт» құрылысының аяқталуы халықаралық тасымалға соны серпін берді. Сонымен бірге, өңірде ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы да өркен жайған. Иран, Қытай, Ресей, Франция және тағы да басқа мемлекет­термен ынты­мақтастық орнатқанбыз. Инвесторларға қажетті жағдайлар мен қолдаулардың барлығын жасаймыз, – деген Амандық Ғаббасұлы швейцария­лықтардың Жетісу жеріне басқан қадамына жетістік тіледі.
Швейцарияның Қазақстандағы ел­шісі Урс Шмид мырзаның айтуынша, аймақ оларды тәнті етіпті. Өзара ынты­мақтастық орнататын салалардың баршылық екенін жеткізген елші қазірдің өзінде бірнеше компанияның Жетісу жеріне инвестиция салуға ниет білдіріп отырғанын және алдағы кезде олардың саны еселенуі әбден мүмкін екенін де жасырған жоқ.
– Сіздердің облыс сапалы азық-түлік өндірісімен жақсы танымал. Сон­дықтан алдағы кезде жеміс-жидек пен көкөністерді қайта өңдеу және эколо­гиялық таза әрі сапалы азық-түліктер шығару саласында бірлесе жұмыс істеуге әзірміз. Біздің сіздерден үйрене­реміз баршылық. Со­нымен бірге, өзі­міз­дің балама энергия сынды салалар бойынша тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Тичино кантонасында мұнай мен көмірдің қоры тым аз. Энергтиканы негізінен су, жел және күн электр стансалары арқылы өндіреміз. Амандық Ғаббасұлы, сіз Швейцарияға барғаныңызда, ондағы тұрмыстық қат­ты қалдықтарды өңдеуге таңғалғаны­ңызды айтқан едіңіз. Расында, бізде тұрмыстық қатты қалдықтан энергия өндіреді. Соған сәйкес, біз осы саладағы технологиялармен және тәжірибемен бөлісе аламыз, – деді Урс Шмид.
Облыстық әкімдіктегі іскерлік жүзде­су­ден кейін облыс әкімі қонақ­тарға екерткіш сыйлықтар тапсырды және бұл жолғы кездесудің екі тарапқа да берері мол болған­дығына сенім білдірді. Швейца­риялық делегеция өкілдері көрме кешенін аралап, осын­дағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен таныс­ты. Облыс әкімінің орынбасар­ларымен бизнес саласындағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Шетелдіктердің облысқа жұмыс сапары Қапшағай қаласы мен облыстың Алматы аймағындағы аудандарында жалғасты.

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*