Бүгінгі байыпты кеңес – болашақтағы белес

1005
0
Бөлісу:

     Астанада «Жаһандық сын-тегеуріндер саммиті» атты ХІ Астана экономикалық форумы   жұмысын бастады. Жаһандық форумның алғашқы күніндегі пленарлық отырысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Мемлекет басшысы пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Астана экономикалық форумына қатысу көпшілік үшін игі дәстүрге айналғанын атап өтті.

– Он бірінші рет өткізіліп отырған форум экономиканың, инвестицияның және иннова­цияның мейлінше өзекті мәселелерін талқылауға арналған. Биылғы форум жаһандық сын-тегеурін­дерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастырады, – деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев шиеленісті жағдайлардың көбейгеніне назар аудартты. Сондай-ақ қазіргі өркениеттің жаңа жаһандық трансформациясына тоқталды.
– Өткен форумнан бері біз дүниежүзінде жүріп жатқан орасан зор өзгерістерге куә болудамыз. Жаңа текетірестер мен тайталастар пайда болуда. Мемлекеттерге бір-бірімен келісімге келу барған сайын күрделі бола түсуде. Өзара сенімсіздік, қарсыластың қағидаттары мен ұстанымдарын түсінуге құлықсыздық жайлауда. Бұл – әлем үшін аса күрделі кезең болып тұр, – деген Елбасы сол себепті де осындай халықаралық басқосуларда, пікір алмасу, тараптардың бірін бірі тыңдауы, қиындықтарға қатысты мәселелерді объективті түрде талқылауы өзекті екенін нықтады.
– Бұл – бүкіл адамзат үшін маңызды. Осыған байланысты форум жаһандық сын-тегеуріндерге тиімді жауап іздеуге бағытталып отыр. Осы мақсатта әлемдегі аса танымал әрі білікті мамандар жиналды. Қақтығыстар, дау-жанжалдар адамзат дамуының барлық кезеңіне ілесе жүрген. Алайда бүгінде біз бақылап отырған кернеудің өрістеуінің түп-төркіні менің ойымша, әлдеқайда тереңде жатыр. Бұл біздің өркениеттің кезекті рет транс­формацияға түсіп жатқанынан сыр береді. Жалпы алғанда, тарихта мұндай трансформациялар көп болған. Олардың барлығы мүмкіндіктерімен қатар, кері кету қатерімен де ұштаса жүрді.
Қазіргі тарихи уақыт теңдесі жоқ дәрежеде сығымдала түсуде. Әлем адам сенбес жылдамдық­пен өзгеруде. Және ол кезекті рет жолайырықтың алдында тұр, – деген Мемлекет басшысы бүкіл адамзаттың не гүлдену дәуіріне аяқ басары, әлде тоз-тоз болып, стагнацияға ұшырары енді әлемнің оң не теріс жаққа қарай бұрылуына байланысты болатынын атап өтті.
Қазақстан Президенті өз сөзінде ғаламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті. Олардың қатарында адам қызметінің барлық салаларының цифрлануы, энергетикалық революция, планета­дағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбаниза­цияның қарқыны мен сипатының және жаһандық еңбек нарығының өзгеруі бар.
– Біздің көз алдымызда экономиканың жаңа моделі арынды түрде түзілуде. Онда тек қана бизнес емес, сондай-ақ қоғамның барлық өмірі цифрландырылады. Жаңа технологиялардың орасан зор ауқым алуы бұған дейін елдердің бәсекеге қабілеттілігін анықтап келген базалық факторлардың өзін өзгеріске ұшыратуда. Өз бетінше үйренетін электронды жүйелердің өн­дірісті бақылауы және жақсартуы көз үйренген, құлақ үйренген құбылысқа айналды. 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік экономиканы 16 триллион долларға ұлғайтады, – деген Нұрсұлтан Назарбаев криптовалюталар мен блокчейн феномені банк секторын қоса алғанда, бүкіл қаржы нарығында түбегейлі өзгерістер әкелетінін болжады.
– Сарапшылардың байламынша, 500 аса ірі компанияның 200-і алдағы онжылдықта жоғалып, тарих қойнауына кетеді. Сонымен бірге, цифрландыру киберқылмыстың өсуімен қатар өрбиді: киберқылмыс 2017 жылы бизнес үшін ең салмақты қатер деп танылды. Ал небәрі бір жыл бұрын ғана ол осы тізімде бар-жоғы бесінші орында болып еді. Осы және басқа да факторлар елдердің цифрлы провинцияға айналып кетпеуге деген ұмтылысын тудырары сөзсіз, – деді Елбасы.
Бұл ретте Қазақстан да жай куәгер болып, қол қусырып отырған жоқ.
– Біз де осы жаңа жағдайға бейімделіп келеміз. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы іске қосылды, оны жүзеге асыру арқылы елімізде цифрлы инфрақұрылымның және ІТ экожүйе­сінің дамуы қамтамасыз етіледі, тұрғындардың 85 пайызының цифрлы сауаттылығы артады. Біз жаңа тех­нология­­ларды қолдана отырып, 5 жыл ішінде өңдеу өнер­кәсібіндегі еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қазіргі кезде мұнай, көмір сияқты отын ресурстарының молдығы басымдық берер артықшылық болудан қалғанын жеткізді. Әлем қанша алсаң да таусылмайтын жаңғыратын қуат көздеріне ден қойды.
– Энергетикалық революция, әлемнің таза энергетика жағына қарай ойысуы – жаһандық тренд. Небәрі 30 жыл ішінде жаңғыратын энергия көздерінен алынатын қуат көлемі 13 есеге артты. Күн панельдерінің құны соңғы 5 жылда екі есеге дерлік арзандады. Электромобильдер саласында нағыз дүмпу жүруде. Егер әлемдегі автопаркті электрокарларға ауыстырса, сарапшылардың айтуынша, бұл Жер шарындағы ауаның тазалығын екі жүз жыл бұрынғы қалпына келтіруге мүмкіндік береді екен, – деген Елбасы АЭФ қонағы болып отырған Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олландтың кезінде планетамыздың эколо­гиясын тазарту бағытында салмақты шара­лар жүргізгенін, жақсы шешімдерді ілгерілеткенін тілге тиек етті.
– Табиғи ресурстарға деген әлемдік сұраныстың сақталып отырғанына қарамастан, олардың бар болуы мемлекеттер үшін артықшылық және шектен тыс мол табыстың көзі болудан қалуда. Энергетикалық нарықтардың барлық дерлік ірі ойыншылары – корпорациялар да, мемлекеттер де жаңа энергетикаға ауқымды инвестициялар құюға кіріскенін көріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Қазақстан 2030 жылға қарай бар­лық өндіретін электр қуатының 30 пайызын балама энергия көздерінен өндіруді жоспарлауда.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті «Бола­шақтың энергиясы» тақырыбымен ұйымдастырыл­ған ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесінің енді еліміздегі «жасыл экономиканы» жүйелі түрде да­мытудың негізіне айналып отырғанын мәлім етті.
Мемлекет басшысы тағы бір тренд ретінде жер шары тұрғындарының саны жылдам өсіп келе жатқанына тоқталып, базалық ресурстардың шектеулі екенін және ауызсу тапшылығының артуына байланысты азық-түлік өндірісін көбейту қажеттігін айтты.
– Агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігі мен ресурстарды пайдалану тиімділігін айтарлықтай арттыру керек. Бұл сала бұдан былай жоғары технологиялық салалардың біріне айналуға тиіс. Қазақстанда заманауи жетістіктерді қолдана отырып, 5 жылда агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін 2,5 есе арттыру мақсаты қойылып отыр, – деді Н.Назарбаев.
Бұдан бөлек, Елбасы Қазақстанда агломера­цияларды дамыту жөніндегі стратегия іске асырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ Астананың 20 жылдығын мерекелеу барысында Жібек жолы елдері ірі қалаларының форумы өтетіні туралы құлағдар етті.
Мемлекет басшысы жаһандық еңбек нары­ғының трансформациялану мәселесіне тоқталып, креативті ойлау қабілетін қалыптастыруға, қажетті ақпаратты тауып, оны дұрыс қолдану қабілеттерін жетілдіруге бағытталған білім беру саласын реформалау жөнінде Қазақстан тарапынан қабылданып жатқан шараларға назар аударды.
– Біз мемлекет қалыптастыру ісінің бас­тауында-ақ «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асыруға кірістік. Сол арқылы 13 мың қазақстандық мемлекет есебінен әлемнің үздік университет­терінде оқуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар елімізде әлемдік деңгейдегі университеттер ашылды. Олардың қатарында Назарбаев уни­верситеті, Қазақстан-британ техникалық универ­ситеті, Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институты және Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті бар. Жаңа «Бес әлеуметтік бастама» арқылы оқу грантта­ры­ның саны көбейіп, студент жастардың тұрмыс жағдайы жақсарады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев аталған жаһандық 5 мегатренд әлемде орын алып жатқан тұрақсыздық жағдайының арта түсуінің негізгі факторлары болып саналатынын және G-Global бастамасын ұсынғанын атап өтті. Бұл бастама G-7 және G-20 бастамаларына қарағанда, барлық елдердің пікірлері мен мүдделерін біріктіруге мүмкіндік беріп, мейлінше теңгерімді шешімдер табудың нақты тетігіне айнала алады.
Елбасы АЭФ мінберінен халықаралық қоғамдастыққа қайырылып, тағы бір бастамасын жария етті, криптовалюталарға арналған баршаға ортақ бірыңғай ережелер әзірлеуді ұсынды.

– Осы басқосуда орнықты даму, эко­но­микалық теңсіздікті қысқарту, ха­лықаралық сауда-саттықтың, жалған ақ­па­рат таратуға тосқауыл қою мәселе­ле­рін талқылауға болады. Тағы бір мәселе – криптовалюталарды пайдалануға және реттеуге қатысты. Көптеген елдер оларды қаржылық жүйелердің қолданыстағы конфигурациясына бейімдеу мүмкін­діктерін белсенді зерделеуде. Алайда бұл бағытта мемлекеттердің іс-қимылдары мүл­дем бытыраңқы. Бұл айналып келген­де, тиімсіздікке соқтырады. Демек, крип­товалютаны қолдану мен оны реттеудің жаңа ережелерін айқындауға кірісу қажет. Бұдан өзге, халықаралық сауданың жаңа ере­желерінің нұсқасын талқылауға кірі­сетін уақыт келді. Қазіргі бар норма­ларды елемеу оқиғаларының жиілеп кетуі бүгінгі өмір шынайылығына сәйкес келетін жаңа кон­сенсусқа қол жеткізілуі қажет екенін көр­сетеді, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық дағдарысқа қарсы шешімдер әзірлеу ісіне бүкіл халықаралық қоғамдастықтың атсалысуы қажет екенін ескеріп, бұл бастамаларды БҰҰ аясындағы алаңда жүзеге асыруды ұсынды.
Елбасы Н.Назарбаев Астана экономи­калық форумына қатысушыларды 2018 жылдың 5 шілдесінде «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығының ресми тұсаукесеріне қаты­суға шақырды.
Сөз соңында Қазақстан Президенті ша­раға қатысушыларға табыс тілеп, фо­рум жұмысы нәтижелі әрі жемісті бола­рына сенім білдірді.
Global Challenges Summit 2018 XI Астана экономикалық форумының пле­нарлық отырысында сөз сөйлеген Фран­цияның бұрынғы Президенті Фран­суа Олланд Қазақстан лидерінің G-Global бастамасына қызу қолдау білдірді.
– Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған G-Global БҰҰ деңгейінде қолдау көруге, қолданылуға тиіс ізгі бастама. Бұл плат­форманың төл құралдары мен тетік­тері түзілуі қажет, олар өз кезегінде бізге осы мақсатқа жетуімізге көмектеседі. Бірақ бұл үшін жеке ұйым, қандай да бір қосымша құрылым құру қажет емес деп санаймын. Өйткені бұл БҰҰ аясына және G-Global платформасына сәйкес келмейді. Қазіргі бар G20 форматына келсек, бұл платформа тек ірі 20 елді ғана қамтиды. Оның да БҰҰ аясында әрекет еткені маңызды, – деді ол.
Ф.Олланд Елбасының басқа да ойларына қосылатынын ашық айтты.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық сауданың жаңа ережелерінің нұсқасын талқылауды ұсынды. Шынында, Дүниежүзілік сауда ұйымы қазір қолдауға зәру. Өйткені протекционизм саясаты көп­теген елдерге таралып жатқанын бақы­лап отырмыз. Салдарынан, бір елдің тауар­лары мен қызметтерінің басқа ел нарығына шығу мүмкіндігі шектеледі. Қазіргі кезде ДСҰ бұл құбылыстармен күресуге тырысуда. Бұл жерде өңірлік ынтымақтастықтың және Еуропалық одақ сияқты өңірлік бірлестіктердің маңызды­лығын атап көрсеткім келеді» деді ол.
Ол экономикалық дағдарыс әлемнің көптеген өңірлеріне кесірін тигізгенін еске салды, бұл сауда және қаржылық қаты­настарда бұрынғыдан әлдеқайда қатаң ережелердің енгізілуіне соқтырды. Алайда егер халықаралық қоғамдастық бір-біріне ашылып, өзара сауда-саттықты өрістетпесе, жаңа күйзелістерге килігуі ғажап емес.
Сөзін қорытындылай келе, ол жаһандану, тауарлардың үлкен көлемде өндірілуі және тарауы, жаңа техноло­гиялардың қарқынды түрде әзірленуі адамзат өмірін жақсартуға септесіп қана қоймай, елдердің жаңа білімге қол жеткізуіне мүмкіндік беретінін айтты.
АЭФ мінберінен жаһан жұртшылығына жүгінген БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы, қазір Халықаралық олимпиадалық коми­теттің этика жөніндегі комиссия­сының төрағасы Пан Ги Мун елдер арасындағы бейбітшілікті сақтап қалу үшін, болашақ ұрпаққа сүйеу болу үшін барлық саяси қайраткерлерді тізе қоса жұмыс жасауға шақырды.
– Көптеген елдердің өз президентте­рінің сарабдал басшылығына сүйене оты­рып, мойындарына әлем және бола­шақ үшін жауапкершілік пен міндеттемелер алғаны көңіліме демеу береді. Алайда бір мезгілде, елдердің барлығы бірдей осы жұмысты лайықты дәрежеде орын­да­майтыны өте салмақты алаңдау­шылық туғызады. Әсіресе, бұл АҚШ-қа қатысты. Америка Құрама Штаттары жаһандық қауымдастықтың қатарына қайта оралып, қосылады деген үміттемін. Тек сонда ғана біз бақуатты болашақты кепілдендіре аламыз, – деді ол.
Ал Қазақстанның ізгі қадамдары мен бастамалары оның бойына сенім құяды екен.
«Қазақстан – экономикалық қар­қынды ілгерілеуде көшбасшы елдердің бірі. Сондай-ақ 2017 жылы Нұрсұлтан Назарбаев іске қосқан Халықаралық «жасыл технологиялар» орталығы Қазақ­станға экологиялық міндеттемелерді іске асыру ісінде бүкіл дүниежүзі елдеріне басшылық жасауға мүмкіндік беретін жақсы құрал боларына сенімдімін» деді Пан Ги Мун.
АҚШ азаматы, бірақ тегі жапондық физик, ішектер теориясы авторларының бірі, теориялық физика мен әлем құры­лысы туралы қазіргі тұжырымдамаларды таратушы, футурист Митио Каку Қазақ­стан Президентінің цифрлы дәуір туралы ойын өрбіте отырып, 30 және 100 жылдан кейінгі келешекке үңілді. Оның айтуынша, болашақта медицина бұрын-соңды болып көрмеген асуларға көтеріледі.
«Чиптер арзан ғана емес, тегін деңгейге жетеді. Диагноз қою үшін сіз оны жұтсаңыз болғаны, кішкентай, микроскопиялық әрі интеллектуалды чиптер ішек-қарын жүйесімен қозғала отырып, ішкі ағзаларды фотосуретке түсіреді, олардың ахуалын хабарлайды. Қазірдің өзінде осымен байланысты Intel inside деген ұғым бар. Келесі ғасырда адамның барлық органы жасанды жолмен өсірілетін болады. Ме­дицина ауруларды емдеуден еш кінәраты жоқ тән жасауға көшеді. Болашақта адамдар денесінің бөлшектерін өндіретін дүкендер өркен жайған сайын адамзаттың өмір ұзақтығы жаңа межелерге жетеді. Біз қазірдің өзінде жасанды тері, көз, мұрын жасаймыз. Осы ғасырда-ақ барлық ор­гандар зертханаларда өсірілетін болады» деген Митио Каку қазір таңғажайыптай көрінетін сол замандағы ойын ережелері мен жауапкершілікке қазірден әзірлену керектігін ескертті.
Ал инженер және бағдарламашы, Apple әлемдік технологиялық алпауыты­ның тең негізін қалаушы Стив Возняк Елбасымен өз табыс тарихын бөлісті. Ол жас кезінде әлемнің осылай өзгеретінін тұспалдай да алмағанын мойындайды.
«Біз университеттік желі құруға ұйғар­дық. Ол идеяны жүзеге асыратындай бюджет те болған жоқ. Бұл қолданыс­тағысынан әлдеқайда қуатты, жылда­мырақ жұмыс жасайтын компьютерге қол жеткізуді армандаған адамдардың ұйымы болатын. Осы кезеңде біздің команда­мыз­ға сол тұста халыққа белгісіз Стив Джобс қосылды. Ол үлкен қызығушылық таныт­ты: «Неге бізге өз компаниямызды құр­мас­қа?! Бизнес ары қарай дамуы үшін ақша табу қажет», – деді ол. Бұған шү­бә­­ландым: «Кел, одан да идеяны Hewlett-Packard-қа сатайық, өйткені тұң­ғыш дер­бес компьютер жасай алған да солар», – деймін. Бірақ Стив осы бизнеске білек сыбана кірісті. Біз осылай Apple ком­­паниясын құрдық», – деді Стив Возняк.
Бәлкім, Қазақстанның бір бұрышында да адамзат тұтынатын озық технологияны жақсартудың жолын тауып, кейін өз ісін бастайтын, сөйтіп, қазақ атын жаһанға жаятын бала бар шығар. Елбасы бастама­сымен қолға алынған «Цифрлы Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасы да әр ауылға цифрлы дәуір жетістіктерін жеткізіп, осындай дарынды жасөскіндер мен ойлы өнертапқыштарға жол ашуға бағытталған. Ал үздік идеясы барларды мемлекет қолдауға әзір.
Астана экономикалық форумы ая­сында саналуан дөңгелек үстелдер, тұсау­кесерлер, кездесулер өтті. Жастар көп қатысқан бұл шаралар бүгін де жал­ғасады. Шараның биылғы басты бір ерекшелігі әлемнің әр атырабынан, дамы­ған елдер­ден жеткен ойшылдар мен данагөйлер, жаһандық алпауыт ұйымдар мен корпо­ра­цияларды басқаруды білетін лидерлер бір жиналып тарап кетпей, елордамызда қа­зақстандық жас ұрпақпен кездесіп, оқу­шыларға және шәкірттерге дәрістер оқы­мақ, біліктілігімен, білімімен бөліс­пек. АЭФ-тің мультипликативтік тиім­ді­лі­гі осылайша, болашаққа да нұрдай жайылмақ.
Форумның бірінші күнінде жалпы құны 300 миллиард теңгені құрайтын агроөнеркәсіптік кешен саласындағы бірнеше келісім құжатына қол қо­йылды.

Айхан ШӘРІП 

Бөлісу:

Пікір жазу


*