Балаңызды батуттан сақтаңыз

1141
0
Бөлісу:

Былай қарағанда елеусіздеу тақырып болғанымен, батут та бас ауыртар мәселе­лердің қатарында. Кәдімгі балалар ойнайтын секірткіш ойын құрылғысын айтамыз. Батутқа апарған баласын ауруханаға сүйрелейтін ата-ананың қатары артқан соң алаңдай бастадық. Сондай жағдайдың бірі жақында Астанадағы «Жаннұр» сауда үйінің маңында болып, салдарынан 5 бала ауыр жарақат алды. Ұйытқи соққан желдің кесірінен далаға орнатылған батут ауда­рылып кеткен. Оқиғадан бір күн бұрын елордада секундына 23 метрге дейін жылдамдықпен жел соғатыны хабарланса да, батут иелері синоптиктер болжамына пысқырып та қарамапты.

Төтенше жағдай кезінде жерге бе­кітілген батут 20 метрге дейін ұшып кетіпті. Енді апаттан балалардың қалай зардап шек­кенін бағамдай беріңіз. Төтенше жағ­дайлар жөніндегі комитеттің мәліметінше, жараланған балалардың үлкені 2010 жылғы болса, ең кішісі 2014 жылы өмірге келген. Олардың ден­саулығын тікелей бақылауға алған «Нейрохирургия ғылыми орталығы» АҚ мен Травмотология және ортопедия ҒЗИ мамандары ресми ақпарат таратып, балалардың жабық бас сүйек-ми жара­қатын алып, миы шайқалғанын және сама­йында гематома пайда болғанын айтыпты.
Жалпы, бұл бірінші рет болып отыр­ған оқиға емес. 2011 жылы 24 мамырда Маң­ғыстауда болған трагедияны ел ұмыта қойған жоқ. Қатты соққан желге төтеп бере алмаған батуттың аударылып кетуінен 14 бала жарақаттанған еді. Бас сүйегі сынған Арайлым Бақыт үш ай ес-түссіз жатқаннан кейін көз жұмған. Осыдан кейін Мәжіліс депутаттары «Аттракциондар арнайы органдардың бақылауына алынуы тиіс» деп мәселе де көтерген. 2015 жылы мау­сымда Аста­надағы жағажайда орна­ласқан батут өзенге қарай ұшып кеткен. Жалғыз өзі емес, 14 баланы бірге әкеткен. Құтқа­рушылар катермен батутты айналшықтап жүріп, әзер дегенде 14 баланы жағаға аман-есен жеткізген. Батут жылна­масында 2016 жылғы Степногорск оқиғасын да айтпай кете алмаймыз. Далаға қойылған серіппелі мамық құрылғы желге шыдас бере алмаған. Абырой болғанда, балалар дін аман. Әрине, ойнап жүрген алты бала жеңіл жарақат алды. «Сәбидің табанына кірген шөңге маңдайыма қадалсын» дейтін ата-ана үшін мұның өзі – қауіпті жағдай. Былтыр Павлодарда 2 жасар қыз бен оның анасы қолы сынып, бас сүйегі жарақат­танған және аяғы сынып, бетіне қанды ісік жиналған күйінде жансақтау бөліміне жеткізілді. Бұл да батуттың кесірі. Өрескел қателікке жол берген ойын-сауық құрылғысының иесі арнайы жауапкерші­лікке тартылуы тиіс. Бірақ көп жағдайда тараптар өзара келісіп, істі сотқа жеткізбей жатады. Өкінішке қарай, дәл осындай «келісімдер» жыл сайын төтенше оқи­ғалардың орын алуына тікелей себепші екенін ескере бермейміз.
Алматыдағы «Арена» батут орталығы­ның басқарушы директоры Шыңғыс Сәлжановтың айтуынша, көп жағдайда жылжымалы батуттар төтенше оқи­ғаларды көп тудырады.
– Астанадағы батут та жылжымалы жүйеде жұмыс істейді. Оны кез келген уақытта далаға апарып орната беруге болады. Бірақ елордада жел қатты бола­тыны анық қой. Сол үшін батут иелері ауа райы жағдайын алдын ала ескеруі тиіс еді, – дейді ол.
Оның сөзінше, батуттың өзі бірнеше түрге бөлінеді. Үлкендер оны таңдау кезінде құрылғының техникалық қауіп­сіздігіне мұқият көңіл бөлуі тиіс.
– Біздің орталық екі жыл бұрын ашыл­ған. Келушілердің арасында ересектер де, балалар да бар. Әзірге клиенттер тарапынан сын айтылған емес. Сынға және апатты жағдайға ұшырамас үшін орталықты сапалы құрылғылармен жасақтағанбыз. Ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін батутты дұрыс таңдай білуі керек. Алдымен, батутқа визуальді түрде мұқият қарасын. Ол дұрыс тұр ма, қаншалықты сенімді екенін байқау қажет. Батуттың өзі бірнеше түрге бөлінеді ғой. Көп жерлерде, ойын-сауық орталықтарында орналасқан батуттар – секіруге жеңіл, көңіл көтеруге бағыт­талған. Ал біздегі батуттар – әлдеқайда кәсіби жұмыс істеуге арналған. Көбінесе батуттарды, олардың материал­дарын Ресейден және Еуропа елдерінен алдырамыз. Бірінші кезекте тордың сапасына баса назар аударамыз. Бұл сенің батутты қандай мақсат үшін тұрғы­затыныңа да тікелей байланысты. Егер спорттық мақсатта орнатсаң, онда са­па­лы тор, серіппе таңдау қажет. Ал егер ойын-сауық үшін болса, онда орта дең­гейдегі батуттар­ды алдыруға болады, – дейді Шыңғыс Сәлжанов.
Мамандардың айтуынша, беріктігі жоғары металдан жасалған жақтаулары және оған тірек болатын аяқ шыбықтары өте мықты болуы және сапалы орнатылуы қажет. Сондай-ақ батуттың мықты болуы оның серіппелеріне де тікелей байла­нысты. Серіппелер өзіне түсетін физи­калық жүктемеге және сыртқы фактор­ларға да дайын болуы керек. Құрылғының салмағы да маңызға ие. Көптеген экологиялық таза және қауіпсіз батуттар перматрон мате­риалынан жасалады. Батутта тек балалар ғана емес, ересектер де секіріп, көңіл көтереді. Жалпы, оны қолданушы адамның макси­мальді салмағы – 70-150 келі аралығында болуы шарт екен. Көрсеткіш құрылғының диаметріне де тәуелді.
Астанадағы төтенше оқиғадан кейін Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева бірден іске кіріскен. Балалар құқығы бойынша уәкілетті өкілдің айтуынша, алдағы уақыт­та еліміздің барша ойын-сауық орталығы түгел тексерілмек.
– Астанадағы батут орталығында болған апаттан зардап шеккен балаларға қажетті көмек көрсетілді. Бір-екі бала тәуір болып кетті. Үш бала әлі ем қабылдап жатыр. Шүкір, ешқандай адам шығыны орын алған жоқ. Балалардың құқығын қорғап, олардың өкілі ретінде тиісті орган­дарға, әкімдерге хат жазып жатырмыз. Ол хатта еліміздегі балалар ойнайтын жердің барлығын – түрлі саябақтар, алаңқайлар, әткеншектерді түгел тексеру керектігі айтылған, – деді депутат.
Қазіргі таңда қажетті құжаттар жина­лып, арнайы мониторингтік топ өз жұмы­сын бастаған. Істің шашауын шығармай соңына дейін жеткізетін болсақ, нәти­жесін береді дейді омбудсмен.
– Енді төтенше жағдайлар комите­тімен бірге бүкіл алаңдарды, саябақтарды, бала­лар демалатын лагерьлердің бәрін тек­сереміз. Топ құрамында төтенше жағдай мамандары, заңгерлер, мұғалім­дер, басқа да өз саласының білгірлері, яғни кәсіби адамдар жиналады. Дәл осы жолғы тек­серуден ешбір сауда және ойын-сауық орталығы, арнайы батут орталығы тысқары қалмайды. Барлығына барып, қауіпсіздік ережелерінің қаншалықты сақталғанын, қаншалықты талапқа сай келетіндігін анықтаймыз. Мониторинг ұзаққа созылуы мүмкін, бірақ түбінде нәтижесін береді. Әр аймақтағы құрылған топтармен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Бізге еріктілер де өз көмегін көрсетуге дайын, – дейді Зағипа Балиева.
– 2011 жылғы Маңғыстау оқиғасынан да, одан кейін болған апаттардан да сабақ алмадық. Енді осы жолы аянып қалмауы­мыз керек, – дейді депутат. Ол айтып отырған мониторинг республикалық деңгейде атқарылып, Үкімет тиісті назар аударатын болса, аттракциондарға қатысты жаңа ереже, бәлкім жаңа заң да қабылданып қалуы мүмкін. «Жергілікті әкімдіктер, тиісті мекемелер балалар көңіл көтеретін жерлердің қауіпсіздік ережелерін тексеруге міндетті. Өкінішке қарай, көп жерлерде жекелеген адамдар бизнес ашып, оны әкім­діктегілер тексерусіз қалдырады» деген сұхбат арасында З.Балиева.
Заң бойынша шаруашылықты жүргізетін екі субъекті арасындағы жалға алу жөніндегі келісімшарт негізінде ғана батуттар сауда орталықтары алдына орна­тылады. Яғни, сауда орталығы иесінің рұқсатымен ғана нысан жанын­дағы алаң­қай жалға берілуі тиіс. Қазір Астана поли­циясы осы мәселенің барлығын және батут иелерінің қауіпсіздік талаптарын қанша­лықты орындағанын Қылмыстық кодекс­тің 306-бабы негізінде тексеріп жатыр. Заң жазылған, өкілетті органдар оны орын­дайды. Бірақ адамның (ата-ананың) түйсігі, мұқияттылығы барлық заң, ереже атаулыдан биік тұруға тиісті сияқты. Өзінің және баланың өміріне деген жауапкер­шілікті ешкім тартып ала алмайды. Өзімізден бастайық, балаңызды батуттан сақтаңыз.

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз